Үзілмейтін үміт...

30.01.2014, 16:46
Үзілмейтін үміт...
Қазағымның футболы қашан дамиды деген сұраққа жауап алмас бұрын, ақыр заман қылышын сүйретіп қашан келеді, деген сауалға жауапты алып қоятын секілдіміз осы. "Үміт" деген дүниеге үміт артатын, бізден артық жан жоқ шығар сірә. Әр ойынның алдында үміттеніп, телміріп, көгілдір экран алдына жайғасып отырасың. Ойын аяғында артқан үмітіңнің ақталмағанына өкінесің....  Ұлттық құраманың құрамындағы ойыншыларды ойын соңына қарай, тілі салақтаған иттерге ұқсатамын. Қарсыластарымыз бір мұрынмен дем алып, бізді, ұршықша шыр айналдырып жүргенде, жеңіліп жатса да ойынның тезірек біткенін тілейді ғой деймін футболшыларымыз, доптың артына жүгіруі қалады. Әйтеуір, бір ортаң қол командамен тең ойнап, үмітіміз тағы оянған кезде, келесі ойында міндетті түрде жеңіледі. 2-3 ойын қатарынан ұпай жинаса бастары ауырады ғой. Қоқыстан енді басын шығарып келе жатқанда, сол қоқысқа қайта терең сүңгиді. Көрпемізге қарай көсілмей, Уефаға да кірдік. Уефаға кірдік, футболымыз дамиды, жақын 10 жыл ішінде Әлем чемпионатына қатысатын боламыз, ондай болмаса басымды кесіп беремін дегендер де болды. Басты да көрмедім, регресс болмаса, прогресс деген дүниені де, оллаһи-биллаһи көрмедім. Мүмкін, мен соқыр шығармын. Көзімді ашып қараймын көрмеймін, жұмамын көрмеймін, футбол десе бүйрегі бұрып тұрар өзгеден сұраймың, ол да көрсем көзім шықсын дейді. Бұрыңғы Кеңес үкіметі құрамындағы мемлекеттер арасында чемпионат өткізер болса, күшіміз, көрші бауырымыз қырғызға жетер. Тоқтаңыз, тәжіктер мен түрікмендерге жетеді дейсіз бе? Әй, қайдам, қайдам сеңбеймін оған өз басым. Қырғыз бауырымыздың жағдайы түсінікті, әр 5 жыл сайын, көтеріліс болып тұратын мемлекетте футболдан да маңыздырақ, бас қатырар мәселелері көп. Тәжік пен түрікмендерге қарағанда өзімізді дамыған мемлекет санаймыз ғой.... Алысқа бармай, мақтадан басқа байлығы жоқ өзбек еліне көз салайықшы. Соңғы 10 жылдағы біздің “жетістіктеріміз” бен олардікін салыстырып көрелік. Талай рет, Әлем чемпионатына екі қадам жақын қалды. Былтыр егерде, Иорданиямен болған ойында ондаған мүмкіндіктерінің біреуін пайдаланғанда, кейін Уругваймен кездесіп, бір табан жақын болар еді. Бір табан емес, он табан жақындауға жарамай жүрміз біз. ... 2011 жылы Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Мүмкін олар Азияда іріктеу ойындарында ойнағандықтан, оңай дерсіз. Оған да айтар уәжім бар. 2010 жылы жастар құрамасы Әлем чемпионатына қатысқантұғын. Топтық кезеңде АҚШ пен Чехия, Австралиядан айласын асырып, ширек финалда болашақ финалист, азулы Уругвайға ғана жол береді. Ал, кеше ғана Белоруссиядан ойсырай ұтылған жастарымызды, сол турнирге қатыстырсақ, Белоруссиядан 2-3 есе мықты чехтар мен американдықтарға оңбай жеңілетіні анық. Өзге түгіл, өзіміздің клубтарымыз да, сол өзбек "әкәлардың" ойыншыларына құмар-ақ... Қандас түркі елі 2008-шы жылы, Еуропа чемпионатында қалай ойнағаны әлі, дәл бүгінгідей көз алдымда, зымырап 6 жыл уақыт өтсе де. Топтық кезеңде соңғы минуттарда, чехтардан ширек финалға жолдаманы жұлып әкетіп, ширек финалда хорваттарды тізе бүктіріп, жартылай финалда қызыл қағазға, жарақатқа, сары қағаздардың жиналуына байланысты негізгі құрамның бірнеше ойыншылары қатыса алмағанымен, чемпиондықтан басқаны ойламайтын немістермен тең ойнап, соңғы минутта ғана Лам голынан кейін, неміс машинасы жеңісті жұлып әкетеді. Түбіміз бір түріктердің жігеріне қарап тұрып, тік аяқта тұрып қол шапалақтағаным бар. Біз, кешегі жоңғарларды састырған Жалаңтөс, үш жүз басын біріктірген Абылай, хан алдыңда бас-көз демей, кемшілігін бетке айтып, екі аяғын бір етікке тыққан Махамбет ұрпағы екеніміз рас болса, жасыл алаңға шыққанда, ұлты қазақ ойыншыларымыздың жігері қайда кетеді? Ұлттық құрама ойының көріп қамығасың, жүрегің тұншыға жылайды. Өзгеге қарайсың, өзіңе қарайсың. Өзгеге қызғана да, қызыға да қарайсың. Қарайсың да, өзіңе қарап іштей үнсіз тынасың. Жақында ғана ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы, Беранек орнынан кеткені есімізде. "Кең болсаң, кем болмассың" деген мақал қанымызға сіңген халықпыз ғой. Футболымызды биік шыңның жүзден бір бөлігіне көтермесе де, шапан жауып, құрмет көрсетіп, бас иіп шығарып салдық. Баяғы жартас-сол жартас екенін білсек те. Түк тындырмай тайып тұрған кезекті маман. Орны қаңырап бос тұр. Өз басым, лайықты деген жаттықтырушылар ішінен, уақытында Тимур Сегізбаевпен Қайратта доп тепкен Кұрбан Бердыевты құп көремін. Соңғы 12 жыл көлемінде, Рубинді жаттықтырып, бірінші дивизионның ортаң қол командасын, екі рет Ресейдің чемпионы деген атаққа бір-ақ шығарды. "Спартак", "ЦСКА", "Зенит" сияқты Ресейдің көшбасшы командалары саналатындар, Еуропада талай масқара болып, балшыққа беттерімен құлап жатса, "Рубин" әрқашанда Ресейдің Еуропада бетке ұстар командасы болды. Соңғы маусымда да Бердыев, команданы Еуропа Лигасының плей-оффына шығарып кетті. Көрген, білген, естіген елдің есін екеу, түсің төртеу қылған, әйгілі "Камп Ноудағы", сол кезде Гвардиола жаттықтыратын Барсаны тізе бүктіргенінің өзі неге тұрады. Дәл қазіргі таңда ұлттық құрамаға ең лайықты маман деп танимын. Әрине, Бердыевтың келу-келмеуіне байланысты. Және де құрметті “жоғарыдағылардың” таңдағанына да байланысты да.... Жә, қызыл қызанақтай қызарып ашуға булықпай, жазықсыз пернетақтадағы әріптерді сабаламай, сөзімді аяқтайың. Талай айтылып та, жазылып та жүрген дүние ғой бұл. "Сын түзелмей, мін түзелмес"- деген сөз бар қазағымда. Сынның түзелгені қашан, қисық шыбықтай міннің түзелуін күтеміз да.. Түзелер, бәйтерек емес, шыбық қой. Асығатын да, армандайтын да, болашақтан үміт күтеміз ғой тағы да... Үзілмейтін үмітіміз бар сол баяғы....   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×