Футболдан Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Астана» өз тарихында тұңғыш рет чемпиондық атаққа қол жеткізсе, «Ақтөбе» қатарынан оныншы жыл жүлдегерлер сапына енді. Ал «Қайрат» екінші жыл қола жүлдегер атанып отыр.
Әрине, жергілікті мамандар өрге сүйрей алмаған «Спартак» пен «Тобылды», жаттықтырушыны жиі ауыстырған «Ертісті», былтырғысынан кері кеткен «Шахтерді», жоқтан бар жасаған «Қайсарды» мысал етсек болар еді. Бірақ бізге келер маусымдағы еурокубоктарда қазақ футболының айнасы болар командалар қызғылықты. Негізгі әңгіме – солар жайлы.
«Астана». Өткен жылдың соңында румын маманы Йоан Андонені шығарып салған соң, команда тізгіні өзбекстандық Виктор Жәлеловке табысталып еді. Бірақ ол бір апта отырмастан орнын босатты. Жағдайдың қалай болғанын ешкім де түсініп үлгерген жоқ. Содан команданы маусымға бас бапкер міндетін атқарушы Григорий Бабаян дайындады. Шаруасы шатқаяқтап басталған «Астана» сол кезде ешкімнің назарын аудара қойған жоқ. Оның үстіне, Бабаян да ә дегеннен қамшы салдырмай шаппай, кібіртіктей берді. «Ұлттық құрама тізгінін ұстаған Юрий Красножан «астаналықтарды» да баптайды екен» деген сөз өршіп тұрған тұста, біз үшін күтпеген жерден болгар Станимир Стойлов бас бапкер болып шыға келді. 2013 жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде «Астананы» 5:0 және 1:0 есебімен ұтқан «Ботевтың» (Болгария) бас жаттықтырушысы болған маман осылайша жыл өтпей жатып қазақ жерінің дәмін татты. «Астана» биылғы чемпиондықты, сөзсіз, орталық шебінің мықтылығы арқасында жеңіп алды. Чемпионаттағы ішкі-сыртқы өсек-әңгімелерді былай қоя тұрайық. «Астана» биылғы біріншілікке қорғаныс шебін түгелдей жаңартып кірісті. Бразилиялық Зелао еліне кетті де, оның жұптасы болған В.Дмитренко біресе М.Аничичпен (Хорватия), біресе Е.Постниковпен («жаңа қазақ») қанаттаса ойнады. Кейде Дмитренконың өзіне де негізгі құрамнан орын табылмай жатты. Қос қапталда А.Бейсебеков, Е.Ахметов, И.Пикалкин, Д.Шомко ауысып тұрды, бұлардың ішінде Абзал мен Дмитрийдің орындары тұрақты болғаны рас. Қорғаныстағы жиі өзгерісті артқы жартылай қорғаушылар Р.Каньяс пен Г.Ессаме мүлде байқатпады деуге болады. Маусым басталғаннан-ақ Каньяс өз шебін тас қып ұстады, кейін оған Атыраудан Г.Ессаме қосылған соң, қорғаушылардың жұмысы мүлде жеңілдеді. Ал ойынды ұйымдастыру ғана емес, шешуші голдар салу шаруасы Орталық Африка Республикасы құрамасының ойыншысы Фокси Кетевоамаға сеніп тапсырылды. Фокси «Астананың» нағыз көшбасшысы бола алды. Маусым ортасында мерген шабуылшы Сисеру Отанына – Португалияға кетіп, орнына Патрик Твумаси енді бой үйретіп жатқан кезде, Кетевоама тамаша голдар соқты, соның көпшілігі кездесу тағдырын шешіп жатты. Чемпионат соңында Ф.Кетевоама Қазақстан чемпионатының бас мергені (16 доп) және үздік пас берушісі (16 пас) атанды. Қақпада алма-кезек тұрған В.Логиновский мен Н.Ерич өз шеберліктеріне күмән келтірген жоқ. Биыл «Астана» сапында Қазақстан құрамасының футболшылары да нәтижелі ойын көрсетті. А.Бейсебеков пен Д.Шомко жайын жоғарыда айтып өттік. Ал Т.Нөсербаев пен Б.Жолшиев ұлттық біріншілікте 6 голдан соқса, еурокубоктарда 3 реттен гол авторы атанып, өз көрсеткіштерін жаңартты. С.Стойлов басшылығымен «Астана» биылғы Еуропа лигасының ІІІ іріктеу кезеңіне дейін жетті. Алдағы маусымдағы Чемпиондар лигасының іріктеуіне аса үлкен үмітпен қарап отырған жайымыз бар.
«Ақтөбе». Былтырғы чемпиондар биыл күміс жүлдені соңғы турда ғана жұлып ала алды. Алматыда «Қайраттан» 1:7 есебімен ұтылған соң, В.Никитенконың «басы» кетті. Орнына 35-ке енді толған ресейлік В.Газзаев келді. Даңқты әкенің баласы Қазақстанда шалыс басқан жоқ. Дегенмен, «Ақтөбе» баяғы шабуылдаушы стильден бас тартып, қарсыластың қатесін аңдитын, сөйтіп қарсы шабуылдарды қару ететін командаға айналды. «Ақтөбенің» басты міні – өз көшбасшысының жоқтығы. М.Хайруллин жарақат алып, ойынға сирек араласқан соң, «ақтөбеліктердің» шабуылынан мән кетті. Маусым басында үкілеп шақырған украиналық А.Антонов сенімді толық ақтай алған жоқ. Бразилиялық армян М.Пизелли де жыл соңына қарай адымын жаза шапты. Сондықтан Газзаевтің командасының бір қайнауы ішінде кетті десек жарасады. Келесі маусымда командада үлкен өзгерістер болып жатса, көп таңдана қоймаймыз.
«Қайрат». Жыл ортасында алматылықтар ойын және нәтиже бойынша чемпиондыққа ең лайық команда ретінде бағаланды. Алайда, алғашқы үш турдағы және чемпионат соңындағы сәтсіздіктер «Қайраттың» 60 жылдығында қоланы ғана қанағат тұттырды. Астанадағы шешуші ойында негізгі қарсыласынан 1:5 есебімен «ұшып кеткен» соң, «Қайрат» 5 негізгі футболшысын шеттетіп тастады. Бұл әрекеттің бас бапкер В. Вайсстың ықыласынсыз жүзеге асқанын кейін сан рет байқадық. «Командаға да, ұжымға да көп қысым жасалды» деді Вайсс «Ордабасымен» матчтан кейін. «Кубоктың финалында сол бесеуі командаға қайта оралса, қатты қуанар едім» деді және бірде. «Биылғы маусымдағы артқы жартылай қорғаушылардың үздігі – Михаил Бақаев» деді маусым қорытындысында. Көңілі толмаған ойыншыны осылай мақтар ма еді? Соңғы турда «Астанадан» 2:3 есебімен ұтылған соң, баспасөз мәслихатына келген Вайсс журналистердің қошеметінен кейін көз жасын сығып та алды. «Ақтөбемен» кездесуде алаңға алтыншы легионерді қоя беру де көкейімізде туындаған сансыз сұрақты көбейтті. Қалай дегенде де, «Қайрат» алтынды қолынан бергендей сезімде қалдық. Шешуші ойындар кезінде кеткен бесеудің орнын жаңа футболшылар арқылы толықтыруға тырысқан Вайсстікі де ерлік-ақ. Бірақ оған команда басшылығы сенім арта ма, келесі маусымда тізгін ұстата ма? Словакиялық маман қазақ футболына жаңа ажар қосты. Ең бастысы, ол Б.Исламхан, А.Дарабаев, Е.Қуантаев сияқты футболшылардың тынысын ашты. Вайсс «Қайратқа» керек, бірақ команда басшылығы оны қажетсіне ме? Мәселенің басы ашық.
Есей ЖЕҢІСҮЛЫ, «Айқын» газеті