Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы 4-ші кездесуін Түркияға қарсы өткізеді. Футболшыларымыз анадолы еліне матчтан бес күн бұрын келді. Алдымен, Анталья қаласына аялдады. Мұнда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, ойын алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтауда. Құрама сапында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Таңат Нөсербаев, Анатолий Богданов және Илья Воротников жарақаттарына байланысты Түркияға келе алмады. Есесіне, қос бірдей тәжірибелі футболшы Андрей Карпович пен Самат Самақов қатарда. Капитандық міндетті Смақов атқаратын болады. «Қайраттан» біржолата кеткен Самат спорттық бабын жоғалтып алмас үшін Түркияға 10 күн бұрын келіп, алдағы жауапты ойынға дайындалды. Командаға Антальяда қосылды.
Самат Смақов, ФУТБОЛДАН ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:
- Түркияға келгеніме екі аптадай уақыт болды. Измирдегі Каршияка клубында жаттығу жұмыстарын жүргіздім. Қазір бұл командада Давид Лория өнер көрсетеді. Ойынға келсек, әрқашанда жеңіске жетуге мүмкіндік бар. Соңғы ойындарда, нақтырақ айтсам Чехиямен болған матчта құраманың ойын өрнегі жаман болған жоқ. Егер Түркиямен дәл осылай сенімді ойнап, қателік жібермейтін болсақ жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Оның үстіне қазір Түкрия құрамасы көптеген мәселелерден бас көтере алмай отыр.
Құрама тізгінін ресейлік маман Юрий Красножан ұстағалы командада көптеген оң өзгерістердің болғаны белгілі. Солардың бастысы бас командамызға жергілікті футболшылардың көптеп шақыртылуы. Мәселен, биыл Ұлттық құрамада Абзал Бейсебеков, Дмитрий Мирошниченко, Асхат Тағыберген секілді талантты футболшылар алғашқы ойындарын өткізді. Алдағы ойынға да олар тас-түйін дайын.
Қазақстан құрамасы Антальяда бес күн жаттығу жұмыстарын өткізіп, 15 қарашада Стамбулға аттанады. Түркия мен Қазақстан матчы 16 қараша күні «Түрік телеком Аренасында» өтеді.