ВАЙССТЫҢ АЛАМАНЫ

13.11.2014, 22:29
ВАЙССТЫҢ АЛАМАНЫ

Вайсс

Футболдан Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Астана» өз тарихында тұңғыш рет чемпиондық атаққа қол жеткізсе, «Ақтөбе» қатарынан оныншы жыл жүлдегерлер сапына енді. Ал «Қайрат» екінші жыл қола жүлдегер атанып отыр.  Әрине, жергілікті мамандар өрге сүйрей ал­маған «Спартак» пен «Тобылды», жат­тық­тырушыны жиі ауыстырған «Ертісті», был­тырғысынан кері кеткен «Шахтерді», жоқтан бар жасаған «Қайсарды» мысал етсек болар еді. Бірақ бізге келер маусымдағы еуроку­бок­тарда қазақ футболының айнасы болар ко­мандалар қызғылықты. Негізгі әңгіме – со­лар жайлы. «Астана». Өткен жылдың соңында ру­мын маманы Йоан Андонені шығарып сал­ған соң, команда тізгіні өзбекстандық Вик­тор Жәлеловке табысталып еді. Бірақ ол бір апта отырмастан орнын босатты. Жағдайдың қалай болғанын ешкім де түсініп үлгерген жоқ. Содан команданы маусымға бас бапкер мін­детін атқарушы Григорий Бабаян дайын­дады. Шаруасы шатқаяқтап басталған «Астана» сол кезде ешкімнің назарын аудара қойған жоқ. Оның үстіне, Бабаян да ә де­геннен қамшы салдырмай шаппай, кібір­тіктей берді. «Ұлттық құрама тізгінін ұстаған Юрий Красножан «астаналықтарды» да баптайды екен» деген сөз өршіп тұрған тұста, біз үшін күтпеген жерден болгар Станимир Стойлов бас бапкер болып шыға келді. 2013 жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде «Астананы» 5:0 және 1:0 есебімен ұтқан «Бо­тевтың» (Болгария) бас жаттықтырушысы болған маман осылайша жыл өтпей жатып қазақ жерінің дәмін татты. «Астана» биылғы чемпиондықты, сөзсіз, орталық шебінің мық­тылығы арқасында жеңіп алды. Чем­пионаттағы ішкі-сыртқы өсек-әңгімелерді былай қоя тұрайық. «Астана» биылғы бі­ріншілікке қорғаныс шебін түгелдей жаңар­тып кірісті. Бразилиялық Зелао еліне кетті де, оның жұптасы болған В.Дмитренко бі­ре­се М.Аничичпен (Хорватия), біресе Е.Постниковпен («жаңа қазақ») қанаттаса ой­нады. Кейде Дмитренконың өзіне де не­гізгі құрамнан орын табылмай жатты. Қос қап­талда А.Бейсебеков, Е.Ахметов, И.Пи­калкин, Д.Шомко ауысып тұрды, бұлардың ішін­де Абзал мен Дмитрийдің орындары тұрақты болғаны рас. Қорғаныстағы жиі өзгерісті артқы жартылай қорғаушылар Р.Каньяс пен Г.Ессаме мүлде байқатпады деуге болады. Маусым басталғаннан-ақ Каньяс өз шебін тас қып ұстады, кейін оған Атыраудан Г.Ессаме қосылған соң, қорғау­шылардың жұмысы мүлде жеңілдеді. Ал ойынды ұйымдастыру ғана емес, шешуші голдар салу шаруасы Орталық Африка Республикасы құрамасының ойыншысы Фокси Кетевоамаға сеніп тапсырылды. Фокси «Астананың» нағыз көшбасшысы бо­ла алды. Маусым ортасында мерген шабуыл­шы Сисеру Отанына – Португалияға кетіп, орнына Патрик Твумаси енді бой үйретіп жатқан кезде, Кетевоама тамаша голдар соқты, соның көпшілігі кездесу тағдырын шешіп жатты. Чемпионат соңында Ф.Кетевоама Қазақстан чемпионатының бас мергені (16 доп) және үздік пас берушісі (16 пас) атанды. Қақпада алма-кезек тұрған В.Логиновский мен Н.Ерич өз шеберліктеріне күмән келтірген жоқ. Биыл «Астана» са­пын­да Қазақстан құрамасының фут­бол­шылары да нәтижелі ойын көрсетті. А.Бейсебеков пен Д.Шомко жайын жоғарыда айтып өттік. Ал Т.Нөсербаев пен Б.Жолшиев ұлттық біріншілікте 6 голдан соқса, еу­рокубоктарда 3 реттен гол авторы атанып, өз көрсеткіш­терін жаңартты. С.Стойлов басшылығымен «Астана» биылғы Еуропа лигасының ІІІ іріктеу кезеңіне дейін жетті. Алдағы маусым­дағы Чемпиондар лигасының іріктеуіне аса үлкен үмітпен қарап отырған жайымыз бар. «Ақтөбе». Былтырғы чемпиондар биыл күміс жүлдені соңғы турда ғана жұлып ала алды. Алматыда «Қайраттан» 1:7 есебімен ұтылған соң, В.Никитенконың «басы» кетті. Орнына 35-ке енді толған ресейлік В.Газзаев келді. Даңқты әкенің баласы Қазақстанда шалыс басқан жоқ. Дегенмен, «Ақтөбе» баяғы шабуылдаушы стильден бас тартып, қарсыластың қатесін аңдитын, сөйтіп қарсы шабуылдарды қару ететін командаға ай­налды. «Ақтөбенің» басты міні – өз көш­бас­шысының жоқтығы. М.Хайруллин жарақат алып, ойынға сирек араласқан соң, «ақтө­беліктердің» шабуылынан мән кетті. Маусым басында үкілеп шақырған украиналық А.Антонов сенімді толық ақтай алған жоқ. Бразилиялық армян М.Пизелли де жыл соңы­на қарай адымын жаза шапты. Сондық­тан Газзаевтің командасының бір қайнауы ішінде кетті десек жарасады. Келесі мау­сымд­а командада үлкен өзгерістер болып жат­са, көп таңдана қоймаймыз. «Қайрат». Жыл ортасында алматылықтар ойын және нәтиже бойынша чемпиондыққа ең лайық команда ретінде бағаланды. Алайда, алғашқы үш турдағы және чемпионат соңын­дағы сәтсіздіктер «Қайраттың» 60 жыл­дығында қоланы ғана қанағат тұттырды. Астанадағы шешуші ойында негізгі қар­сыласынан 1:5 есебімен «ұшып кеткен» соң, «Қайрат» 5 негізгі футболшысын шеттетіп тас­тады. Бұл әрекеттің бас бапкер В. Вайсстың ықыласынсыз жүзеге асқанын кейін сан рет байқадық. «Командаға да, ұжымға да көп қысым жасалды» деді Вайсс «Ордабасымен» матчтан кейін. «Кубоктың финалында сол бесеуі командаға қайта оралса, қатты қуанар едім» деді және бірде. «Биылғы маусымдағы артқы жартылай қорғаушылардың үздігі – Михаил Бақаев» деді маусым қорытындысында. Көңілі толмаған ойыншыны осылай мақтар ма еді? Соңғы турда «Астанадан» 2:3 есебімен ұтыл­ған соң, баспасөз мәслихатына келген Вайсс журналистердің қошеметінен кейін көз жасын сығып та алды. «Ақтөбемен» кездесу­де алаңға алтыншы легионерді қоя беру де көкейімізде туындаған сансыз сұрақты көбейтті. Қалай дегенде де, «Қайрат» алтын­ды қолынан бергендей сезімде қалдық. Шешуші ойындар кезінде кеткен бесеудің орнын жаңа футболшылар арқылы толық­тыруға тырысқан Вайсстікі де ерлік-ақ. Бірақ оған команда басшылығы сенім арта ма, келесі маусымда тізгін ұстата ма? Слова­киялық маман қазақ футболына жаңа ажар қосты. Ең бастысы, ол Б.Ислам­хан, А.Дара­баев, Е.Қуантаев сияқты фут­бол­шылардың тынысын ашты. Вайсс «Қай­ратқа» керек, бі­рақ команда басшылығы оны қа­жетсіне ме? Мәселенің басы ашық. Есей ЖЕҢІСҮЛЫ, «Айқын» газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×