Түркия-Қазақстан. Командаға сенеміз

16.11.2014, 04:33
Түркия-Қазақстан. Командаға сенеміз
Астанадағы Латвиямен болған тең нәтиже, Амстердамдағы ерлікпен пара-пара нидерландықтарға қарсы текетірес, осыдан бір айдай уақыт бұрынғы сол Астанадағы чехтарға қарсы көңілден шыққан екінші тайм, осының бәрі жанкүйерлер жүрегіне үміт ұялатары сөзсіз. Бұл 3 ойында бар болғаны 1 ұпай еншілесек те, соншалықты ауыз толтырып айтарлықтай керемет ойын өрнегін көрмесек те, командада прогресс бары көрініп-ақ тұр. Команда "соңғы минуттарда ұйықтау" деген аурудан арылып та келе жатыр. Ертең ұлттық құрамамыз Стамбулда Түркияға қарсы ойын өткізетіні белгілі. Иә, бүгінгі таңда футбол тарихындағы ең сәтсіз кезеңдерінің бірін бастан кешіріп жатқан Түркиямен. Соңғы кездері Фатих Терим шәкірттеріне жеңіске жету арман. Топтағы 3 ойынның екеуін жеңілді Исландия мен Чехияға қарсы, бір ойында тең түсті Латвиямен. Осыдан 2 күн бұрын ғана Бразилиядан жауапсыз 4 гол өткізіп тас-талқан болды. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, жеке кездесулердің статистикасы түріктер пайдасына сайрайтыны түсінікті. Ресми кездесулерде Түркия міндетті түрде жеңіске жетіп отырды. Оның ішінде, Алматыдағы масқара 0:6 да бар, өткен іріктеу кезеңіндегі соңғы минуттарда түріктер жұлып әкеткен 1:2 де бар. Жалпы, 4 кездесуде командамыз 15 гол жіберіп, 1 гол салған. Бүгінгі мең-зең күйдегі Түркиямен әбден шайқасуға болады. Әрине, ертең олар жаралы арыстан секілді матчқа ашулы күйде шығатыны түсінікті, дегенмен де Красножан ұтымды тактика қолдана білсе, түріктердің беті тез қайтады. Бүгінгі Фатих Терим командасының басты проблемасы командада төзімділік пен қайсарлықтың жоқтығында. Тығырыққа тіресең, сол тығырықта тіреліп қалады. Әрине, біз ұлттық құрамаға міндетті түрде жең деп талап қоймаймыз, әйткенмен қорғанысты Голландиямен ойындағы секілді берік қылып, команда бойына Чехияға қарсы екінші таймдағы сенімділікті Красножан сіңдіре білсе, оң нәтиже де ертегі емес. "Бұл Түркия ғой, қалайша жеңеміз? Ұтыламыз!"-деген "қорқақ" психологиядан арылу керек. Түсінем, деңгейдің аты деңгей.Түркияның футболшылары қайда ойнайды, біздің футболшылар қайда ойнайды дегендей.  Бірақ, кеше ғана 48000 ғана тұрғыны бар Фарер аралдары, Раньеридің Грекиясын тізе бүктіріп айда аспанға шығарып жатқанда, біздің жігіттердің қолынан ондай ерлік келмей ме? Олардың ерлік жасайтынына сенуімізге негіз бар. Тек қана ерте жерлемейікші. Команда сатылап өседі емес пе? "Осасуна" бірден "Барселона", "Фрайбург" бірден "Бавария", немесе Албания бірден Испания болып кете ала ма? Красножанның басты миссиясы, бүгінгі өсіп келе жатқан жас ойыншылардан ұлттық құраманың іргестасын қалау. Еурододаға сүйреп шық, немесе ананы жең, мынаны жең дейтіндей қолымызда лайықты қаруымыз да жоқ. Ол жағын да ойламасқа болмайды..   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
ВАЙССТЫҢ АЛАМАНЫ
Серіктес жаңалықтары
×