Кеше Испания Ла-лигасының 5-тур ойындарының ең соңғы матчы өтті. «Месталья» стадионында «Алавесті» қабылдаған «Валенсия» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осыған дейін 4 ойында жеңілген Валенсия бас бапкерді де орнынан алып тастады. Жергілікті жанкүйерлер алдында осы жолы ұпай жоғалтса жағдай қиын болатынын білген алаң иелері бірден шабуылға шықты. Айып алаңына асырылған пастың кезінде Алавестің ойыншысы Лагуардия өз қақпасына гол соғып алды. Ал бірінші тайм түгеселер тұста қонақтар бұрыштамадан гол соғып, таразы басын теңестірді. Гол авторы Гаиска Токуеро. Матчтың 87-минутында төреші айып алаңында ойын тәртібі бұзылды деп 11-метрлік пенальти белгіледі. Валенсия ойыншысы Даниель Парехо мүмкіндікті мүлт жібермей қорытынды есепті тіркеді. 2:1 есебімен жеңіске жеткен Валенсия алғашқы 3 ұпайын еншілеп, турнирлік кестенің түбінен көтеріліп алды.