«Ювентус» Кьеллиниді алмастыратын ойыншы тапты

18.05.2022, 18:29
Ардагер футболшы мансабын MLS-те жалғастырмақ.
«Ювентус» Кьеллиниді алмастыратын ойыншы тапты

«Ювентус» Джорджо Кьеллинидің орнын басатын ойыншы ретінде «Арсенал» мен «Наполи» қорғаушыларын қарастыруда.

La Gazzetta dello Sport басылымының хабарлауынша, туриндік клуб «Арсенал» ойыншысы Габриэль мен «Наполи» ойыншысы Калиду Кулибалиге көз тікті.

«Ювентус» пен Италия құрамасының 37 жастағы қорғаушысы Джорджо Кьеллини Италия кубогінің финалында «Интерден» жеңілгеннен кейін туриндік командадан кететінін хабарлаған болатын.

Инсайдер Фабрицио Романоның ақпаратына сенсек, Кьеллини мансабын MLS-те жалғастыруды көздеп отыр. Нақтырақ айтсақ, ардагер футболшы жалғыз «Лос-Анджелес» клубынан түскен ұсынысты қарастыруда.

Еске салайық, Джорджо 2005 жылы «Фиорентинадан» «Ювентусқа» 7,7 миллион еуроға ауысып келді. Содан бері ол туриндік клуб сапында 559 матч өткізіп, 36 гол соқты, 25 нәтижелі пас берді. «Ювентус» құрамында 9 дүркін Италия чемпионы атанды, Италия Кубогінің және Суперкубогінің 5 дүркін жеңімпазы болды, сонымен қатар 2006/2007 жылғы маусымда В сериясында топ жарды.

Бұған дейін Кьеллини «Уэмблиде» Аргентинамен өтетін матчтан кейін Италия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын хабарлаған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×