Биылғы маусымда «Шахтер» клубы құрамында футболдан ел чемпионы атанған Жамбыл Көкеев «Астана» командасына қайта оралды. Естеріңізде болса, Жамбыл 2009-2010-шы жылдары Елордалық ұжым қатарында доп тепкен еді. 23 жастағы шабуылшы, ел біріншілігінде 2 рет Қазақстан чемпионы, 1 рет күміс жүлдегер және Қазақстан кубогінің жеңімпазы атанған. Ал келер жылы төл біріншілігімізде топ жаруға мүдделі тағы бір клуб «Тобыл» командасы жаттықтырушысын ауыстырды. Ұжымның бас бапкері болып Вячеслав Грозный тағайындалды.
УЕФА-ның ПРО дәрежесіндегі бапкері саналатын ол әр жылдары Украинаның және Болгарияның ең үздік жаттықтырушысы атағына ие болған. Ең үлкен жетістігі ретінде Мәскеулік «Спартак» командасының екінші бапкері болып қызмет атқарып жүріп, Ресей чемпионатында бес рет топ жарғандығын атаса болады. Ал соңғы жаттықтырған командасы, Киевтің «Арсенал» футбол клубы екен. Еске салып өтсек, «Тобыл» биыл Қазақстан чемпионатын 7-ші орында аяқтады.
http://kaztrk.kz