Жамбыл Көкеев, «Локомотив» командасы және Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы: «Арманым «Реал Мадридте» ойнау»

14.01.2011, 19:07
Жамбыл Көкеев, «Локомотив» командасы және Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы: «Арманым «Реал Мадридте» ойнау»
untitled

Қызық оқиғасы: 2006 жылы жастар құрамасының сапында Кипрге сапар шектік. Жергілікті тұрғындармен танысып, әңгімелесе бастағанымызда олар біздің қайдан келгенімізді сұрады. Біз «Қазақстан» дегенімізде арабтардың көздері бақырайып, «Қазақстан – бұл арал ма?!» демесі бар ма! Олардың мұнысына біз аң-таң. Біз намыстанып, оларға өз еліміз туралы айтып бердік, онымен қоймай картадан Қазақстанды көрсетіп біздің ел олардың туған жерлерінен қанша есе үлкен екендігіне көздерін жеткіздік.

Жамбыл, Оңтүстік Африкада өткен Әлем Чемпионаты жанкүйер ретінде сіз үшін қалай аяқталды? Мен Португалия құрамасына болыстым. Өйткені, дәл осы мықты құраманың капитаны менің сүйікті ойыншым Криштиану Роналду. Бұл командаға еш назым жоқ, тек кішкене жолы болмады. Ширек финалдан әрі өте алмаса да, португалдықтар биылғы мундиальдағы ең ірі есепті еншілеп кетті. Корея Республикасымен ойында жауапсыз 7 бірдей гол соға білді. Оған қоса ширек финалда азулы Испаниямен кездесті. Үйлеріне еш ұялмастан қайтуларына құқылы.

Біздің анықтама:

Жылы: ұлу (1988ж.)

Жұлдызы: бикеш (20-қыркүйек)

Сүйікті сусыны: Pepsi

Сүйікті тағамы: манты

Сүйікті спортшысы: Криштиану Роналдо

Сүйікті автокөлігі: Lexus

Сүйікті фильмі: «Мистер және Миссис Смит»

Сүйікті әтірі: Dolce & Gabbana»

Ұраны: «Тек алға!»

Сүйікті ойыншыңыз Роналдуның құрамадағы саны 7, сол сияқты көптеген клубтарда ең үздік ойыншы осы санды иемденеді. Өзіңізге белгілі Рауль Гонсалес, Дэвид Бэкхемдер солардың қатарында. Астананың «Локомотивінде» 7-нөмірде сіз өнер көрсетесіз. Бұл кездейсоқтық па? Расында да, міне осымен екінші маусым мен «Локомотив» сапында 7 деген саны бар жиде киемін. Сіз атаған аяқдопшылардың барлығы мен үшін футболдағы пірлерімдей. Бірақ осы нөмір маған қалай түскені туралы мен тіс жармай-ақ қояйын… 7-нөмірлі ойыншының туып-өскен жері мен кезі туралы әңгімелеп берсеңіз. Мен 1988 жылы 20-қыркүйекте Жамбыл облысы Шу қаласында дүниеге келдім. Ол жерде тек 3-cыныпты бітіргенше тұрдық. Кейін Алматыға қоныс аудардық. Мектептегі кездерім тек 7-сыныптан бастап қана есімде. Мектепте өте сабырлы, тіл табысқыш, бірақ бір жағынан қатты ұялшақ болатынмын. Сабағым нашарлау болатыны рас, өйткені жаттығудан кейін сабақ оқуға шамам жетпейтін. Ниет пайда болса, жақсы бағалар алатынмын, бірақ ол тұрақты емес. Дегенмен, кейде ниет болып тұрса да, жаттығудан кейін ешнәрсеге әлің жетпей қалады. Жалпы жақсы бала болатынмын. Сүйікті пәнім география еді. Басқа елдер мен материктерде не боп жатқаны мені қатты қызықтыратын. Мүмкін сол кездегі географияға деген қызығушылық сізді қазіргі уақытта жиі саяхаттауға жетелеген болар? Қазір мен ай мен жұлдыздарға қарағанды қатты жақсы көремін. Оған қоса жануарлар әлемі де ерекше сезімді оятады. Өкінішке қарай, саяхаттауға уақыт жете бермейді. Cпортшының өмірін білесіз ғой. Көп жағдайда сол спортшылығымыздың арқасында ғана басқа елдерді көріп қалып жатамыз. Мысалы, оқу-жаттығу жиындарына командамызбен Түркияға барамыз. Тек дем алу мақсатымен барғаным – Тайланд елі болды. Осы уақытқа дейін болған елдерімнің ішінде қатты ұнағаны – Испания. Ерекше сәулеті және тарихымен таң қалдырды. Не дегенмен, әлемнің қай түкпірінде жүрсең де, Қазақстанға қайтқың келіп тұрады. Бұл жердің ауасы да, жері де мен үшін ең керемет. Бірақ сізге Қазақстанның ішінде де жиі қоныс аударуға тура келеді. Қазіргі уақытта Астанада тұрып жатырсыз. «Астаналықпын» деп айта аласыз ба? Мен 2006-2007 жылдары да бас қалаға бой үйретіп үлгіргенмін. Сол маусымда ол кезде «Жеңіс» аталатын Астана қаласының футбол клубында өнер көрсеттім. Енді, міне арада бір маусым «Алма-Ата» командасының ойыншысы болып, былтырдан бері қайтадан Астана қаласының командасына кеттім. Бұл жолы жаңадан құрылған «Локомотив» ұжымының сапындамын. Қалаға үйренуін үйрендім-ау, бірақ шынымды айтсам, мені бұл қала қатты жалықтырып жіберді. Қала кішкентай, бір көрген жерлеріңді айналып келіп қайта көруіңе тура келеді, тіпті бір күннің ішінде бір адамды бірнеше рет кездестіріп қалуың да ғажап емес. Сол жағынан кішкене қиындау. Алматыда тауларымыз бар, уақытты пайдалы, әрі қызықты өткізуге болатын орындар өте көп. Астанада кешке қарай бойыңды сергітіп, дем алайын десең де, көп жағдайда бұның шешімін таба алмай қалып жатамын. «Астана – костюмдер мен галстуктер қаласы» деп айтып жатады ғой, сондықтан біздің онда ішіміздің пысуы да түсінікті нәрсе. Барлығын тастай сала, сүйікті Алматыға қашып кеткіңіз келген кездер де болған шығар?! Әрине, жиі болып тұрады тіпті. Көбінесе жоғарыда айтқанымдай күні бойы жаттығудан шаршап-шалдығып, үйге келгеніңде ойыңды басқа арнаға бұрып, дем алғың келеді, өкінішке қарай оның амалын таппайсың. Сондай сәттерде үйде жатып: «Шіркін, қазір Алматыда болсам ғой…» деген тәтті ойлар келетін. Бірақ кәсіби спортты біз өзіміз таңдадық, енді белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін бәріне көнуге тура келеді. Білуімше сіз биыл университетті тәмамдадыңыз. Шыныңызды айтыңызшы бір рет болса да, сабаққа барып, студент болып көрдіңіз бе? Иә, жақын арада Абай атындағы Қазақ Педагогикалық Институттың Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша дипломымды алдым. Өтірік айтпай-ақ қояйын сабаққа қатысуға мүлдем уақытым жетпейтін. Тіпті мен қанша жерден сабаққа барғым келсе де, мүмкіндік тумайды. Ақталғаным емес, шындығым. Чемпионат уақытында аптасына екі ойынға шейін өткіземіз, Алматыға матчқа келсек те, тіпті үйімізге де жібермейді, сондықтан жағдайым түсінікті деп ойлаймын. Университетке күнде барып, студенттік өмірдің қызығына батып жүрген достарымның әңгімелерін тыңдап, қатты қызығамын. Жоғары оқу орнына бармағандықтан, сіздің өміріңізде студенттік өмірдің рөлі зор емес. Сондықтан бар қызық мектеп қабырғасында болған шығар-ау, алғашқы махаббат, сезім дегендей… Иә, алғашқы махаббатым нақты есімде. 7-сыныпта мен жаңадан 140-мектепке ауысып келген болатынмын. Жаңа мектепке келе сала Лаура есімді сыныптасым көзіме түсті. Ең кереметі – ол қыздың да маған деген сезімі болатын. Екеуміз бірге үйге қайтып, бір-бірімізге көңіл бөлетінбіз. Қазіргі кезде ол бойжеткен шаңырақ көтерді, ара-арасында хабарласып тұрамыз. Алғашқы махаббатыңыз өз отауын құрып жатса, сіздің де сондай жоспарларыңыз жоқ па? Шынымды айтсам, қазір тіпті қыздарды ойлайтындай жағдайда емеспін. Бар ойым тек футболда, қалай да болса, жақсы нәтижелерге қол жеткізуді көздеудемін . Үйленуге де әлі ертерек, оның өз уақыты келер. Өз жеке шаңырағыңызды көтеріп үлгірмесеңіз де, әке-шешеңіз бен бауырларыңыз туралы айтып берсеңіз. Үй ішімізбен аяқдопшымыз. Талай отбасылық жарыстарға қатысып, «Көкеевтер отбасы» командасы үздік атанған. Менің футболға деген құштарлығымды да оятқан әкем мен бауырым. Ағам Жігер Көкеев қазіргі кезде Бірінші Лигада, «Лашын» футбол командасында өнер көрсетеді. Әкем де бала кезінен теңбіл допты қуалаған жан. Бірінші футболға ағам баулыған. Мен кейін ағамның жаттығуларына қарап жүріп, өзімнің де осы ойынға қалай кіріп кеткенімді байқамай қалдым. Әкем барлық ойындарға, маңызды жарыстарға бізді алып жүретін. Ағамнан да біраз қасиет жұққан. Жігер – өте талантты ойыншы, кезінде премьер-лигада ойнады, бірақ кейін үйленді, біраз уақыт жоғалтып алды. Қазіргі кезде Бірінші Лигада болса да, жақсы ойын өрнегімен қуантады. Әкемнің есімі – Мұхит, кезіндегі аяқдопшы, қазіргі кезде демалыста. Анам Сәуле ұзақ жылдар бойы саудамен айналысқан, енді анам немересі мен кенже інімізді бағуда. Көп жағдайда уайымшыл аналарымыз баласының кәсіпқой спортқа баруына қарсы болады. Сіздің анаңыздың көзқарасы қандай? Мектепте оқыған кезімде мамам: «Сабағыңды оқы! Осы доп қуалағанды қашан қоясың?! Ол саған азық бола ма болашақта?!» деп, білім алуға шақыратын, ұрысатын. Әкем болса, менің футболмен айналысуымды қашан да жақтайтын. Кейде тіпті «Қойшы, сол оқуды!» деп, жасыл алаңға жетектеп әкететін. Бірақ, шамамен 9-сыныпта оқып жүргенімде маңызды жарыстарға қатыса бастадым, сол кезден бастап анам мені тек қолдаумен келеді. Сіз 9 жасыңыздан бастап футбол ойнадыңыз. Содан бері футболдан бірнеше Әлем Чемпионаты және басқа да маңызды жарыстар өтті. Сізге ерекше әсер етіп, өміріңізде қандай да бір рөл ойнаған әлемдік дода бар ма? 1998 жыл. Финалда Бразилия мен Франция құрамалары кездескен болатын. Осы матч ерекше есімде қалған. Сол жылы француздар жеңіске жетті. Жақында ғана орын алған Англияның «Ливерпуль» және Италияның «Милан» командалары арасындағы ойын да маған қатты ұнады. «Милан» алғашқы таймда 3 доп соғып үлгерді, осылайша ұтылып келе жатқан ағылшындар келесі таймда есепті теңестіре алды. Маған осындай шиеленіскен матчтар қатты ұнайды. Команда ұтылып келе жатқан жерінен бар күш-жігерін жинап, есепті өз пайдаларына шешулері – керемет әсер қалдырады. Жеңіс үшін соңғы тамшы қанға дейін! Сүйікті командаңыз қандай? Испанияның «Реал Мадрид» командасы – мен үшін ең үздік ұжым. Аталмыш команданың ойындары, өз қатарына тек ең мықты деген ойыншыларды ғана жинауы оның керметтілігінің дәлелі. Мадридтік бұл клубтың басты мақсаты – әлемнің футбол жұлдыздарын сапына қосу, тіпті жылына кем дегенде бір «жұлдыз» сатып алу аталмыш клуб басшылығының өзгермес жоспарына айналған. Және бұл да өз нәтижесін береді. «Реал Мадрид» тарихында Испания Ла-Лигасының да, УЕФА Чемпиондар Лигасының да бас жүлделері сақтаулы. Қазіргі кезде сүйікті ойыншыңыз жас талант Криштиану Роналду, ал бала кезіңізден кімді пір тұтасыз? Бала кезімнен және қазіргі уақытқа дейін Дэвид Бэкхем сүйікті аяқдопшым. Оның «Реалда» ойнаған кездері де, жалпы қандай командада, не құрамада өнер көрсетуі керемет спортшының шеберлігін паш етеді. Ол соңғы кездері бірде ойнап, бірде ойнамай жүр. Бірақ таланттың аты талант. Сіздің клубыңызға оралсақ. «Локомотивтегі» тынысыңыз қалай?! Бұл командада маған ең қатты ұнайтыны – қатарымызда жас ойыншылардың көп болуы. Жастардың, құрдастарыңның ортасында жүрген қашан да қызықты. Жаттығу барысында да, одан тыс уақытта да барлығын бірге қызықтаймыз. Бапкердің де бізге үйретері, берері мол. Хольгер Фах бізге барынша ерекше, біз бұрын-соңды жасамаған жаттығуларды, әдістерді үйретеді. Сондықтан, күнделікті жаттығуымыздың өзі қызықты өтеді. Бапкеріміз шетелдік азамат болғанымен арамызда ешқандай қиындықтар туындамайды. Мен осы уақытқа дейін Арно Пайперс, Бернд Шторк сияқты бірнеше шетелдік мамандармен жұмыс істедім, бойым үйреніп қалды десек те болады. Бір сөзбен айтқанда маған қазіргі командам да, оның ойыншылары мен бапкері де қатты ұнайды. Командада барлығымен жақсы араласатын көрінесіз. Арасында жақын достарыңыз бар ма? Негізі командада достарым көп. Ішінде Марат Шахметов, Талғат Адырбеков және Олжас Керімжановпен өте жақынбыз. Жұмыстан тыс уақытта да біз бұл жігіттермен кездесіп тұрамыз. Киноға барып немесе серуендеп қайтуымыз мүмкін. Футболдан басқа қандай қызығушылықтарыңыз бар? Соңғы рет Түркияда болғанымызда үлкен теннис ойнауды үйрендім. Маған осы ойын қатты ұнады, қазіргі кезде достарымызбен кортта жиі бас қосатын болдық. Аяқдопшылардың ішінде осы ойынға құмартып жүргендер бар. Вячеслав Эрбес, Сергей Хижниченколармен бірге ойнап жүрміз. Өкінішке қарай, соңғы ойындарда қарсыластарыма ұтылып жүрмін, бірақ үйреніп, жақсы ойнауға ниетім зор. Үлкен теннисте атақты Роджер Федеррердің ойынына тәнтімін. Жасыл алаңға қайтып оралсақ. Сіз үшін ең әсерлі, ең есте қаларлық матчты атай аласыз ба? 2007 жылы «Алма-Ата» сапында «Шахтер» командасымен кездестік. Осы ойын әлі есімде. Өйткені дәл осы мачта мен өзімнен асырып гол соқтым. Осының көмегімен командама маңызды ұпайды алып бердім. Осы сияқты тағы да бірнеше кездесулер бар. Премьер-лигада сіз үшін ең «қауіпті» команда қайсысы? Шынымды айтсам, уақыт өткен сайын ел чемпионатында ойнау қиындап бара жатыр, өйткені командалар күшейіп, жаңа қарқынмен өнер көрсетуде. Биылғы біріншілікте бар болғаны 12 команда күш сынасуда, бірақ команда санының азайғаны бәсекелестікті күшейте түсті. Павлодардың «Ертісі» өз позицияларын ешкімге бермеуде, әрине «Ақтөбе» өз чемпиондық статусына сай келеді. Ақтөбеліктермен ойынды ерекше атап өткім келеді. Бұл командамен алаңда кездесуге бір емес, бірнеше рет мүмкіндік туды. Фавориттердің ойыны маған қатты ұнады, олардан үйренеріміз бар, әрине. Шетелде ойнауға қалай қарайсыз? Шақыртулар болды ма? Бірнеше шетелдік команда менің шамамды байқауға шақырды, бірақ әлі еш қайсысына бармадым. Шетелдік командада ойнағым келеді, сәтті түссе, міндетті түрде ауысатын боламын. Арманымдағы команда бар, ол – Испания командасы «Реал Мадрид». Жасыратыны жоқ Жамбыл Көкеевтің атын қалың елге танытқан Қазақстан құрамасының атынан атақты «Уэмбли» стадионында соғылған жалғыз гол. Өміріңіздің осы сәті туралы айтып берсеңіз. Шынымды айтсам, Англия құрамасымен ойындағы голды мен тіпті өзім үшін күтпеген жерден соқтым. Бұл сәттен соң өзіме-өзім келе алмай ұзақ жүрдім. Қазірдің өзінде мен голды қалай соққаным туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Сәті түсті де, мен гол соқтым. Бұл матчты сипаттауға тіпті сөз жетпейді. Англия құрамасы сияқты футбол грандымен ойын біз үшін өте қиын және ерекше маңызды болды. Сәтсіздік басым болған бұл ойында көзімізге жас үйіріле жаздаған сәттер де болған. Әдетте кез-келген ойында әрбір қадамыңды, әрекетіңді ойланып жасайтынсың, ал дәл осы ойында қобалжығандығымыз ба, әлде әлемдік футбол фавориттерінің мысы басқандығы ма, әйтеуір сол матчта ойлануға да мұрша болмады, бірақ бұл біздің барымызды салып ойнамағандығымыздың белгісі емес. Тіпті сол ойынның бір мезетте өтіп кеткендейі соншалық, есімізде де ешнәрсе қалмапты, бірақ жадымда үзік-үзік  көріністер жоқ емес. Ал, өзім соққан голдан кейінгі сезім тіпті толассыз болды… Әрине, гол соғам деген ой туындаған кездер болды, бірақ гол соқсам қай жақа жүгірем деп ойлайтынмын… Шынымен, гол соққаннан соң қай жақа жүгірерімді білмей қалдым, күтпеген жерден болды ғой не дегенмен. Оған қоса қорқыныш сезімі болмады деп те айта алмаймын. Ойын алдында бізді стадионда қанша мың адам және Қазақстанда тікелей көрсетілімнен бүкіл Қазақстан тамашалайды деп ескертіп қойған болатын. Содан жанкүйер алдында бір қобалжу пайда болды, олардың сенімін ақтасақ екен дедік. Шамамен матчтың алғашқы жиырма минутында сол қобалжудан арыла алмадым, бірақ кейін үйренісіп кеткендей болдық. Тек теледидардан ғана көріп жүрген әлем футболының азулыларымен бір алаңда ойнадық, бірақ осындай кездесулер өмірімде болады-ау деген ойлар болатын. Бірақ мен мұндай кездесулерді құрама сапында емес, клуб атынан өткізілетіндігін ойлайтынмын. Әлемдік деңгейдегі Манчестер Юнайтед, Барселонамен кездесу әбден мүмкін деп ойлағаным бар. Жоғарыда Дэвид Бэкхемнің ойын әдісін ұнататындығымды айтқанмын. Англия-Қазақстан кездесуінде ең ерекше көзіме түскені де осы ойыншы. Тұманды Альбионнан оралған соң ол кезде онша ешкімге таныс емес жас аяқдопшыны барлық баспасөз өкілдері іздей бастады. Барлығының назарында болған қалай екен? Әрине, бір тұлғаға осыншама көңілдің бөлінуі кімге болса да ұнайтыны сөзсіз. Көкеевтің айналасындағы болған ажиотаждың маған ұнаған және ұнамаған тұстары болды. Оның бәрі мен сияқты жас аяқдопшыға өте қызық болды. Бәрінің сұрайтыны: «Уэмблидегі» голды қалай соққаным. Дегенмен, кейбір баспасөз өкілдері мені қатты ренжітуге шейін барды. Кейбір сары басылым беттерінен өзім туралы жалған ақпарат кездестірдім. Мысалға, “Большая газета” басылымы мен туралы жаттығуларға ішіп келген деген мағлұмат беріпті, бірақ ол мүлдем шындыққа жанаспайды. Одан басқа да бір орыс тіліндегі басылым: «Жамбыл Көкеев көп қыдырады екен. Есін білмегенге дейін алкоголь ішеді екен» деген сияқты қауесетті шығарған. Газетте айтылған мұндай жағдай менің өмірімде ешқашан да болмаған. Осындай өтірік әңгімелерге себепкер болып жүрген журналистке ызаланып, тіпті менің әкем сол кісімен жолығып, ұрысқан болатын. Ал, журналист болса «Мен солай бір жерден естідім» деп ақталған көрінеді. Осыдан кейін журналистерге деген көзқарасыңыз қандай? Шыны керек, мен сол жәйттардан кейін футбол тақырыбында қалам тербейтін журналистердің ешқайсысына сұхбат бермедім және болашақта бермеймін де. Бір сенімсіздік пайда болды журналистерге деген. Оған қоса, мен бір сұраққа мүлдем басқаша жауап берсем де, естігенін немесе өзінің ойлағанын жазып қоятын әріптестеріңіз де болған. Осыдан кейін ондай журналистермен кездескім келмейді. Жалпы журналистермен қарым-қатынасым жаман емес. Шамам келгенше сұхбаттарға уақыт тауып, сұрақтарға толыққанды жауап беруге тырысамын. Бойыңызда қандай жағымсыз әдеттер бар? Онсыз адам болмайды ғой. Мен шашымды көп дұрыстай беремін (Күлді). Және тазалықты қатты жақсы көремін. Кейде тым ұқыпты боп кетемін. Мүмкін кейбір адамдарға бұл әдетім жағымсыз боп көрінер. Жамбылдың мінезі қандай сонда? Өте қалжыңбас адаммын. Кез-келген ортада әзілдерімді айтып, бәрін күлдіртіп отырғанды жақсы көремін. Достарымнан, жақындарымнан көмегімді аямаймын. Қолымнан келгенінше әрекет етемін. Ешкімді ренжітпеуге тырысамын, ренжітсем соны уайымдаймын. Бірақ кейбір достарым мен өзім басқаларға әзілдегенді жақсы көремін де, өзім қалжың көтере алмайтындығымды айтады. Расымен, ренжитін кездерім болып тұрады. Ал, алаңда қандайсыз? Ойын барысында сабырлылық таныту оңай ма? Төбелеске мұрындық болған кездеріңіз болды ма? Кез-келген аяқдопшы алаңға шыққанда өзгеретін сияқты. Өйткені ойын кезінде жәйбірақат жіруге болмайды. Мен де алаңда өзгеремін, сабырлылық таныту қиынға соғады. Кейбір сәттерде «күйіп» кете жаздайсың. Әділетсіздік орын алса, тіпті өзіңді қоярға жер таппайсың. Біреулер еркіндікке бой беріп, боғауыз сөздер де айтып жатады, сондайда жұдырықтасқың келетін сәттер болады, әрине. Бірақ бұл спорт қой, ережелерге бағынбасаң, ойыннан шықтың дей бер. Сіз өзіңізге сенімді адамсыз ба? Бұл ситуацияға байланысты. Мысалы, қызбен танысқанда сенімділігім «қашып кетеді». Бір бойжеткен ұнап қалса, оның қасына өзім барып танысу маған қиынға соғады. Ал, алаңда өз-өзіме сенімдімін деп айтуға толық негіз бар. Соңғы жылдары көп ел, жер көріп, футболда да, өмірде де біраз тәжірибе жинадыңыз. Шамамен соңғы екі жылда қаншалықты өзгердім, өстім дей аласыз? Адами тұрғыдан өзгердім деп айта алмаймын. Уақыт өткен сайын кез-келген адам ақылына ақыл қосатыны – заңдылық. Расымен түрлі ортада болып, қоғамға етене араласа бастадым. Бір айтарым: бұрынғыға қарағанда қазіргі кезде көп ойлана бастадым. Болашағым, жоспарларым жайында… Егер сіз аяқдопшы емес, қатардағы футбол жанкүйері болсаңыз, Қазақстан футболына қандай баға берер едіңіз? Ойыншы ретінде расымен де баға бере алмаймын, өйткені мен басқа елдердің чемпионаттарында өнер көрсеткен жоқпын, олардың «ішкі кухнясын» білмеймін. Ал, жанкүйер ретінде біздің футбол кейде анау айтарлықтай қызық болмай қалып жатады дер едім. Мысалы, «Локомотив» өз ойындарын өткізетін «Астан-Арена» стадионы 30 000 орындық, ал ойынға келушілер саны 1000 адамға жетер-жетпес. Болатын матчтардың жарнамасы да дұрыс жүргізілмейді. Аллаға шүкір, телеарналарымыздан тікелей трансляциялар жүргізе бастады. Бұл халықтың отандық футболға деген қызығушылығын оятуға септігін тигізер деп ойлаймын. Не дегенмен, командаларыңыз жас болса да, белгілі бір жанкүйерлер тобын жинады. Фан-клуб та жұмыс істеуде. Жанкүйерлермен қандай қарым-қатынастасыз? Автограф берген, фанаттардың «құрбаны» болған кездеріңіз болды ма? Жанкүйерлерімізді қатты сыйлаймын. Осы сәтті пайдалана отырып, өз командасына берік, қандай жағдай болмасын бізді қолдаудан талмайтын жанкүйерлерімізге шексіз алғысымды білдіргім келеді. Ұялы телефонға қоңырау шалып, қал-жағдай сұрасып тұратындар бар, соншалықты тығыз байланыстамын деп те айта алмаймын. Ал, автографтарды тіпті әр ойыннан кейін де береміз. Ең бастысы жанкүйерлеріміз, қолдаушыларымыз көбейсе екен деп тілеймін. Қостанай, Ақтөбе және Қарағанды сияқты қалаларда фан-қозғалыстар өте жақсы жұмыс істейтіндігі белгілі. Кемінде он мың адамдық қолдауы бар команаданың алаңында ойнаған қаншалықты қиын? Иә, шынымен де аталған командаларға қолдау керемет көрсетіледі. Шетелдік жанкүйерлер сияқты болмаса да, Қазақстан дейгейінде ең мықты қолдау осы қалаларда. «Жанкүйер – 12-ойыншы» деп бекер айтпайды ғой, олардың команда жеңісіне септігі мол, бірақ ысқырық естілгеннен бастап мен стадиондағы ешқандай артық дауыстарды естімей кетемін. Тек ойынға бар жан-тәніммен беріліп, өзіме кері әсер тигізер нәрселерді санам қабылдамайды. Өткен маусымда Тихонов пен Титов сияқты Ресейдің үздік ойыншыларымен бірге өнер көрсеттіңіз. Олардан аларыңыз мол болған шығар, әлде керісінше ме? Шебер спортшылармен бір ұжымда болудың ешқандай кемшін тұстары болмады. Олардан үйренеріміз көп болды. Және ең жақсысы: олар да білгендерін жайып салудан аянбайтын. Барынша бізге үйретіп, қандай жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтатын. Еліміздің командаларына осындай тәжірибелі ойыншылардың шақыртылуына еш қарсылығым жоқ. Өйткені, біздің әлі жас, аяғына нық тұрмаған футболымыздың білетінінен білмейтіні көп. Сізге жағымсыз болса да, өткен жылы бапкеріңізбен араларыңызда орын алған түсініспеушілік туралы сұрасам. Расымен де Сергей Юран қазақша сөйлеуіңізге тыйым салды ма? Бұл оқиға туралы талай рет айтылып, жазылды. Осыншама шу көтерген кикілжің былайша басталды: бір күні мен командаласым екеуміз қазақша әңгімелесіп отырдық. Бір кезде сол кездегі бас бапкеріміз Сергей Юран қасымызға келіп «Қазақша сөйлегендеріңді естуші болмайын!» демесі бар ма! Біз аң-таң бапкерімізге қарап қалдық. Сол сәтте мен бапкеріммен ұрысып, қарсы шыққан жоқпын, бірақ осыдан кейін бірге жұмыс істеу тіпті мүмкін емес болып кетті. Мен оған деген қандай да бір сыйластықты жоғалттым. Сәті түссе болғаны, қарсы шығып, сөзге келіспей қала беруді шығардым. Менің таң қалғаным: мен орысша білмесем, ол қайтер екен?! Ол қазақ тілі – басты тіл болып табылатын елде жұмыс істей отыра, осындай әрекет істеді. Тіпті оған не себеп болғанын да түсіне алмай қойдым, әйтеуір қандай да бір сыйластықты жоғалттым. Жамбыл, сіз осы кітап оқисыз ба? Әрине, оқимын. Көбінесе мен қанатты сөздер, афоризмдер және өнегелі әңгімелер жинақтарын оқығанды жақсы көремін. Қазіргі кезде де сондай кітаптардың бірін оқудамын. Маған әлем ғұламаларының айтып кеткен өнегелерін оқыған қатты ұнайды, мұндай жазбалардан өз өміріңе, болашағыңа көп нәрсе түйуге болады. Бірақ мен тек орыс тілінде оқимын. Қазақша кітаптарды соңғы рет мектеп қабырғасында оқыған шығармын. Сүйікті авторды да атау маған қиынға соғады, көп жағдайда осындай жинақтарды қолға аламын. Қазіргі жастардың бар қызығушылығы – интернетте. Сіз де солардың қатарындасыз ба? Иә, интернетке жиі кіремін деп айта аламын. Жоғарыда айтқанымдай кешке қарай ішім пысқанда бар жұбанышым – ғаламтор. Өзім көп уақыт басқа қалаларда жүретін болғандықтан, Алматыдағы жақындарыммен, достарыммен байланысудың таптырмас құралы да осы интернет. Оған қоса түрлі спорт сайттарына кіремін. Әлем және Қазақстан футболының жаңалықтарын іздеймін, клубымыздың сайтына кіріп, халықтың соңғы пікірілерін оқимын. Сіз өзіңізді қаншалықты «патриотмын» деп атай аласыз?! Мен өз патриоттық сезіміме еш күмін келтірмеймін, туған жерге, елге деген махаббатым шексіз деп айта аламын. Бұл асыра сілтеушілік емес, шындықтың өзі. Еліміздің әр азаматында, оның ішінде спортшыларда патриоттық сезім зор болуы тиіс. Өйткені, кез-келген жарыста нәтиже көрсеткің келсе, ең бірінші өз сүйікті елің үшін намысқа тырысуың керек. Арманыңызбен бөлісесіз бе? Бар өмірімді футболмен байланыстырғым келеді. Шетелдің бір атақты футбол клубында мен сияқты қазақ баласының аты жарқырап тұрса деймін, сол арқылы да халқымның атын сегіз қиыр шартарапқа танытсам деген арманым бар. Әлем Чемпионатының ақтық кезеңінде Қазақстан құрамасы жасындай жарқырап, өзім сол үздік команданың сапында пайдамды тигізсем деп армандаймын! Әрине, мұның бәріне уақыт керек, бірақ армандарға қол жеткізуге болатынына шүбәсіз сенемін! - Әңгімеңізге рахмет!

Назерке СҰЛТАНБЕК

Материал «Жұлдыздар Отбасы» журналынан алынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×