Жанкүйер арманы орындалды

26.06.2013, 05:25
Жанкүйер арманы орындалды
"Аладоп.кз" сайтының бетінде талай мәрте спорт арнасының керектігі жайында сөз қозғаған едік. Газет бетіне де мақала жаздық, радиодан естірттік, теледидарға да айтып жаттық. Міне, сол тілегіміз қабыл болды. Қазақстан жанкүйерлеріне арналған спорт арнасы тұсауын кеспек.
Шілденің бірінен бастап жаңа «KAZsport» телеарнасы хабар таратуды бастайды
«KAZsport» таратылымын кабельдік операторлар арқылы іске қосу жоспарланған, сонымен бірге арна интернет желісінде хабар таратады.
«2013 жыл 1 шілде күні отандық телеарналар кеңістігінде тұңғыш рет «KAZsport» спорт телеарнасы өзінің алғашқы хабарын таратады» деп хабарлады «Қазақстан» РТРК АҚ баспасөз  қызметі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» жолдауында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне бірлесіп, мамандандырылған спорт арнасын ашу туралы тапсырма берді. Спорттық арна «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына енеді. Еліміздің барлық аймақтарынан тікелей эфирде хабар таратуға мүмкіндігі бар корпорация құрамындағы «KAZsport» телеарнасын жерсеріктік және кабелдік жүйеде хабар тарататын операторлар желісінде көруге болады. «KAZsport» спорт телеарнасының шығармашылық ұжымында өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады. Олардың арасында Қазақстанның ең үздік спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлденің иегерлері бар. Қазақстандық жанкүйерлер Ұлттық құрама командалар қатысатын құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды, ел біріншіліктерін тікелей көре алады. Атап айтсақ, велоспорттан Тур де Франс пен Вуэльта көпкүндіктері, су спорты түрлері, жеңіл атлетика, дзюдо, көркем гимнастика, каратэ шито-рю, грек-рим және еркін күрес, ауыр атлетика мен шаңғы спортынан Әлем чемпионаты, волейболдан әйелдер арасында Әлемдік гран-при кезеңдік ойындары беріледі. Сонымен қатар, спорт жанкүйерлері неміс бундеслигасын, Қазан қаласында өтететін жазғы Универсиада ойындарын, тенистен Wimbledon турнирін, волейбол, ауыр атлетика мен велоспорттан Азия біріншіліктерінен трансляциясын көретін болады.. Арна тәулігіне 20 сағат хабар таратпақ. Жаңа спорттық арнаны ашуға қатысты жұмыс аяқталып, эфирге шығуға дайын екендігі жөнінде бүгін мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚР Үкіметінің отырысында хабардар етті. «KAZsport» таратылымын «Отау ТВ», Icon TV, Digital TV және басқа да кабельдік операторлар арқылы іске қосу жоспарланған, сонымен бірге арна Интернет желісінде хабар таратады.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×