Осыдан екі күн бұрын Еуропада әлемді елең еткізер сенсация орын алды. Мүмкін,кеше Қазақстан Голландиямен ойында, ойынның аяғына дейін шыдап баққанда футбол әлемі екі түнге "тосын сыйлы екі түн" деп айдар тағар ма еді? Бірақ, біздің қолымыздан келмеген іс Словакия ұлттық құрамасының қолынан келді. Яғни, айды аспанға шығару жөнінен. Олар өз алаңында әйгілі "Фурия Роханы" 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Испандықтар қандай жағдайда болса да словактарға қарсы міндетті түрде фаворит саналатыны белгілі. Бірақ, күтпеген жерден сүрінді. Жол болмау деген қиын ғой. 2-3 мүмкіндік 2 гол, 10-15 мүмкіндік 1 гол. Испандық жанкүйерлердің еңселері түскен тағы бір жәйт, негізгі қақпашы Икер Касильястың қақпадағы сенімсіз ойыны. Словактардың бірінші голы, таза Икердың қателігінен қақпаға дарыған гол. Алыстан тура өзіңе бағытталған соққыны қақпашы қайтарудың орнына, өз қақпасына енгізіп алды. Әрине, соққы жойқын, және қиыс ұшты деуге болады, дегенмен де тәжірбиелі қақпашыны бұл ақтай алмады.
Олай дейтініміз, испандық журналистер жанкүйерлер арасында сауалнама жүргізген болатын. Ондағы мақсат "ұлттық құраманың қақпасын кім қорғағаның қалар едіңіз?" деген сұраққа жауап алу болатын. Сөйтсек, басым бөлігі, Икердың дәуірі өтті, бүгінгі таңда Де Хеа нағыз бабында, қақпада тұруға сол лайық деп жауап беріпті. Бұл жанкүйерлердің Касильясқа деген төзімі таусылып, сенімінің сырқырағаның белгісі болса керек.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ