- Әңгімеміздің басын соңғы өткен ойын туралы бастасақ. "Ақтөбеге" қарсы матчта ұпай бөлістіңіздер. Ойын қортындысы сіздерді қанағаттандырды ма?
- "Ақтөбеге" қарсы ойынды өте жоғары деңгейде бастадық. Өздеріңіз білетіндей жанкүйерлерге байланысты ойынды тоқтатпай тұрып басымдылық бізде болды. Жарты сағатқа созылған үзілістен кейін ойын айтарлықтай өзгерді. Егер сол үзіліс болмағанда жеңіс бізде болар ма еді. Біздің мақсатымыз барлық матчта жеңіске жету. Сондықтан тең есеп бізді қанағаттандырмады.
- Бірінші лига турнирлік кестесінде керемет қарқында келесіздер. "Қыран" чемпионатты өте жақсы нәтижемен бастауының сыры неде?
- Біздің команда үздік ойыншылармен жасақталған. Менің ойымша әр ойыншы еліміздің үздік командасында өнер көрсетуге лайықты. Бас бапкеріміз Төлегенов Ғалымжан өз ісіндегі білікті маманы болғандықтан чемпионатты осындай қарқынмен бастадық деп ойлаймын. Бірақ бізге еш босансуға болмайды. Бұл тек чемпионаттың бастамасы ғана. Істі қалай бастағаның емес, қалай аяқтағаның маңызды екенін естен шығармауымыз қажет.
- Келесі маусымнан бастап жаңадан соғылған стадионда өнер көрсетесіздер. Түркістан қаласының атынан шығып Премьер Лигада ойнауға қаражат жағынан да мүмкіндік туып тұр. Команданың былғы маусымға қойған басты мақсаты қандай?
- Командамының алға қойған мақсаты Премьер Лигаға шығу.
- Мансабыңыздың біраз уақытын "Таразда" өткіздіңіз. "Тараздан" кетіп, "Қыранның" қатарына қосылуыңызға не себеп болды?
- "Таразда" қалғым ақ келді. Бірақ бұрындары арамызда түсініспеушілік болған бапкер клубқа қайта келіп, менің керек емес екенімді айтты. Сол сәтте маған "Қыраннан" шақырту түсті. Мен бұл ұсыныстан бас тарта алмадым. Себебі менде бұдан басқа таңдау да болмады.
- Бұрындары ұлттық құрамаға шақырту алып, алаңға шығып тұрушы едіңіз. Ұлттық құрамаға қайта оралу жоспарда бар ма?
- Әрине ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғау әр ойыншының арманы. Сол мақсатыма жету үшін қазір аянбай тер төгудемін. Клубтағы бапкерлер қазақ ойыншыларына көбірек сенім артып, көңіл бөлсе екен деймін. Қазақ ойыншылары ойын барысында бір ғана қателік жіберсе оны келесі ойыннан бастап құрамнан алып тастап жатады. Ал легионер ойыншылар бір емес тіпті он қателік жасаса да оларға деген сенімін жоғалтпайды. Түсініксіз. Клубта негізгі құрамға тұрақты шығып тұрмасаң, ұлттық құрамға шақырту да алмайсың.
- Ұлттық құраманың қазіргі жағдайы мен құрамы туралы ойыңыз?
- Қазіргі ұлттық құрама сапында Қазақстанның ең үздік ойыншылары жиналған. Жігітерге тек сәттілік пен жеңісті күндер тілеймін!
- Аладоп әлеміне қадам басқалы түрлі бапкерлермен жұмыс жасадыңыз. Солардың ішінде сіз үшін үздігі кім болды?
- Футбол әлемінде мені ойыншы ретінде қалыптастырып, көп нәрсені үйреткен Нұркен Мазбаев. Ал ең білікті бапкер деп Арно Пайперсті айтар едім.
- Мансабыңыздағы ең есте қалған, эмоцияға толы деп қай матчты айта аласыз?
- "Тараз" сапындағы алғашқы жылдарымдағы "Шахтер" қақпасына соққан екі голым. Бірақ әр матч өзіндік қайталанбас сәттерімен ерекшеленеді.
- Әңгімеңізге рақмет
Сұхбаттасқан Шерхан Абзалұлы.
Біздің серіктес: FONBET