Жартылай финалға шыққандар анықталды

12.05.2011, 02:39
Жартылай финалға шыққандар анықталды
Бүгін Қазақстан кубогінің ширек финалдық ойындары өтті. Жартылай финалдық орындарға таласқан 8 команда да өліспей беріспейтіндігін көрсетті.
Ең алдымен жартылай финалға "Ордабасы" жолдама алды. "Сұңқар" командасына қонаққа барған шымкенттіктер матчтың басында-ақ ойын тізгінін қолына алды. Матчтың 7-минутында И.Перич "Ордабасыны" алға шығарды. Ал 30-минутта А.Касьянов гол соғып, есепті еселеді. 68-минутта Б.Тұрысбек есеп айырмасын қысқартып, қаскелеңдік ойыншыларға үміт отын жаққандай болды. Бірақ И.Перичтің 78-минутта соққан голы бұл матчқа нүкте қойды. Қорытынды есеп - 1:3.
Ал қарағандылық "Шахтер" өз алаңында "Таразды" қабылдады. Алдымен 10-минутта Р.Пахолюк гол соғып, "Таразды" алға шығарса,  26-минутта "Кеншілер" есепті теңестірді. Жанкүйер көзайымына айналған - Н.Василевич. Бірақ бұл тоблодағы есеп ұзақ тұрмады. Матчтың 30-минутында О.Недашковский "Таразды" алға шығарса,  32-минутта Б.Исламхан есепті еселеді. Бірінші таймның соңғы минуттарында төреші "Шахтер" қақпасына он бір метрлік айып добын белгіледі. Десе де, нүктеге келген Н.Иованович қақпашы Григоренкодан айласын асыра алмады. Екінші таймның 15-минутында Н.Иованович "Тараздың" төртінші голын соғып, кінәсін жуып-шайды. Бұл матчқа "Кеншілердің" сұр мергені А.Финонченко нүкте қойып, есеп айырмасын қысқартты. Есеп - 2:4.
"Ертіс" бұл сында көкшетаулық "Оқжетпесті" қабылдады. Бірінші тайм "Ертістің" ойынымен жүрсе де, есеп ашылмады. Тек 59-минутта көкшетаулық Мамаду Сангаре өз қақпасына гол соғып, алаң иелерін алға шығарды. Бұл есеп матчтың соңына дейін сақталып тұрды.
Ширек финалдың соңғы матчы "Тобыл" мен "Қайрат" арасында өтті. Матчтың тағдырын жалғыз гол шешті. 52-минутта Гридин соққан гол "Тобылды" жеңіске жеткізді.
Сонымен, жартылай финалға шымкенттік "Ордабасы", "Тараз", павлодарлық "Ертіс" пен қостанайлық "Тобыл" шықты.

Есет Төлеш,

Ақтөбе қаласы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×