Алматы облысының жас футболшылары Бразилияның «Оле Бразил» академиясына оқуға аттанды. Жас спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Махаббат Бигелдиев қабылдап, оларға сый-сияпат көрсетілді.
– Осыдан үш жыл бұрын еліміздің үздік деген жасөспірім спортшылары Бразилиядағы Сан-Паоло штаты, Риберан Прето қаласының «Оле Бразил» академиясына оқуға жіберілген еді. Олардың төртеуі Алматы облысының спортшылары болатын. Футбол академиясында білімдері мен тәжірибелерін шыңдаған спортшыларымыз өткен жылы елге оралып, футбол ұжымдарының қатарына қосылды. Мәселен, Аслан Рафхат пен Берік Шайыхов «Астана 64», Мұрат Қаламбеков «Жетісу» футбол клубында алған білімдері мен тәжірибелерін танытып, жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр.
Ал Рауан Сариев шеберлігінің арқасында Бразилияның «Атлетико Минейро» клубымен келісім-шартқа отырып, тәуелсіз елдің абыройын асқақтатып жүр. «Спортшылардың ізін жалғастырып, тәжірибеден өту үшін Бразилияға жол жүріп барасыздар. Сапарларыңа сәттілік тілейміз. Бразилиядағы оқу-дайындықтан кейін «Жетісу» футбол командасының сапында ғана емес, Қазақстан құрама командасының қатарында ел намысын қорғайды деген сенімдеміз», деді Махаббат Сәдуақасұлы.
Жас футболшылар да әрдайым ел сенімін ақтайтындықтарын ортаға салды. Құшақтары гүлге толып, жерлестерінің ыстық ілтипатымен олар жолға шықты.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
Суретте: жас футболшыларды шығарып салу сәтінен.
Егемен Қазақстан