Жас футболшыны жасыту федерацияға жараса ма?

05.05.2011, 17:10
Жас футболшыны жасыту федерацияға жараса ма?
Арман Мәсімжанов. 20 жастағы бұл футболшыны бүгінде білмейтін футболсүйер қауым кемде-кем шығар. Ойланбай істеген бір ғана оспадар әрекеті үшін футболдан мәңгілікке аластатылған бұл ойыншының төңірегіндегі мәселе әлі күнге ушығып тұр. АЛАҢДАҒЫ ТӨБЕЛЕС Атышулы оқиға Қазақстан премьер-лигасы қосал­қы құрамдарының аясындағы «Қайрат» – «Локомотив» кездесуі кезінде орын алған. Есеп – 2:1. Ойынның аяқ­та­луына санаулы минут қалғанда фу­т­бол­шы­лар­дың жүйкелері сыр бере бастап, алаңда қақтығыстар жиі орын алып кетеді. Ақыры «Қайрат» ойыншысы қо­­­нақтардың фут­бол­шысын рұқсат етілмеген, дөрекі әдіспен тоқтатқан. Содан төбелес басталып, араға тәртіп сақшылары да араласады. Қо­нақ фут­бол­шы­лар­дың бірі тіпті тәртіп сақшы­сының иығындағы по­го­нын да жұлып алыпты. Әкесінің мансабын айтып, қо­қан-лоқы да көрсеткен көрінеді. Кенет қосалқы құ­рам­да отырған Арман алаңға жүгіріп шығып, кунг-фу әді­сімен «локо­мотивтік» әріптесі Радмир Мук­синовтің ар­қасынан секіре тепкен. Жағдай одан әрмен ушығып, әрең басылған. Сонымен, не керек, төрт футболшыны тәртіп сақшылары алып кетіп, түсініктеме жаздырған. Олар «бір-бірімізге қарсы еш шағымымыз жоқ» деп түсініктеме берген. Ал сәуірдің 20-сы күні Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік-бақы­лау комите­ті­нің кезекті отырысы өтіп, осы матчқа бай­ла­нысты бір­қа­тар шешім шығарылған. Атап айтсақ, екі командаға да 0:3 есебі жазылып, «Ло­ко­мо­тивке» – 300 мың, «тө­белестің себепкері болды» деп айып­талған «Қай­рат­қа» 400 мың теңге айып­пұл салынған. Сон­дай-ақ матч кезінде ойын ережесін дөрекі бұзған «қай­рат­тық» Ал­мас Бейсенов – төрт матчқа, қар­сы­ла­сына жұдырық жұмсаған «локо­мо­тив­тік» Рад­мир Муксинов бес матчқа алас­та­тылған. РЕГЛАМЕНТ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ? Дегенмен ең ауыр жаза «қайраттық» Арман Мәсімжановқа қолданылды. Әлбет­те, Мәсімжановты ақтағымыз келіп тұрған жоқ. Алайда оның әрекеті қарсыласына жұдырық жұмсаған «сотқар» мен полиция погонын жұлып алған «бұзақының» әре­кетінен де өрескел емес қой. «Неге біреуі – мәңгілікке, екіншісі тек бес матчқа фут­болдан аластатылуы керек? Әділдік қай­да?» Бұл сұрақтар біздің ғана емес, барша фут­болсүйер қауымның көкейінде тұрғаны анық. «Қайраттық» жанкүйерлер тіпті Қа­зақ­стан футбол федерациясына да Мә­сім­жа­новтың жазасын жұмсартуды сұрап, хат жазды. Бір қызығы, полиция погонын жұлып ал­ған ойыншыға байланысты Тәртіптік-ба­қы­лау комитеті ешқандай шешім шығар­ма­­ған да. Ал ең сорақысы, Қазақстан фут­бо­­лының регламентінде ойыншыны мәң­гі­­лік­ке футболдан аластатуға болатыны туралы бірде-бір жерінде жазылмаған. Тәртіптік-бақылау комитетінің мүшелері Арман Мәсімжановты қай қағидаға сү­йе­ніп, футболдан мәңгіге аластатқаны біз үшін жұмбақ болып отыр. Егер ережеге ба­ғын­байтын болса, регламент не үшін қа­жет? Айтпақшы, әлгі ойын кезіндегі қақ­ты­ғы­с­ты, соның ішінде Арманның тепкісінің бей­неқайталанымын біз де көрдік. Футбол фе­дерациясы ерлік жасағандай бей­не­баян­ды ресми сайтының бас бетіне ба­ды­рай­тып шығарып қойыпты. Дегенмен бей­не­баянның әбден өңделгені көзге ұрып тұр. Мәселен, сюжетте тек «қайраттық» Бей­сеновтің қарсыласына қарсы ереже бұз­ғаны мен Мәсімжановтың секіре тепкен же­рі ғана анық көрсетілген. Ал қалған сәт­тер қиылып кеткен сияқты. Бейнебаянның бы­лайша өрескел монтажға ұшырағанын матчты тек «Локомотив» клубының опе­ра­то­ры түсіргенімен түсіндіруге болатын шы­ғар. Ресми ақпараттарға сенсек, «Қай­рат­тың» операторы бұл күні негізгі құрамның жұ­мыстарымен болыпты. Алайда бей­рес­ми ақпарат көздері алматылық опе­ра­тор­дың шұғыл шаруасы болып, басшылықтан сұранып кеткенін айтады. МӘСІМЖАНОВ КЕШІРІМ СҰРАЙДЫ Қалай десек те, 20 жастағы Мәсім­жановқа өте ауыр жаза қолданылған сияқты. Бұл пікірді Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихаты кезінде «Қайрат» футбол клубының ұйымдастыру мәселелері жөніндегі директорының орынбасары Евгений Шкарин де айтты. – Сол ойыннан кейін Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімін күттік. Ірі көлемде айыппұл салынып, футболшыны ары кетсе бір жылға футболдан аластататын шығар деп ойлағанбыз. Әлгі шешім төбемізден жай түсіргендей болды. Біз Арманның қылығын ақтамаймыз. Бірақ жас ойын­шыны футболдан айыру тым артық кет­кендік секілді. Сондықтан құжат­та­рымызды жинап, апелляцияға бердік. Енді ҚФФ-дан сұрарымыз, Мәсімжановтың жазасын жеңілдетсеңіздер екен, – деді баспасөз мәслихаты кезінде Евгений Шкарин. Айта кетейік, егер федерация «Қайраттың» шағымын қанағат­тан­дыр­ма­са, Шкарин істі азаматтық сотқа дейін жет­кі­зетінін жа­сырмады. Арманның өзі бұл ту­ралы бы­лай деп ақтарыла сөйледі. – Мен кінәлімін. Кәсіби футболшыға лайық әрекет жасамадым. Федерациядан, жанкүйерлерден, қарсыластарымнан ке­ші­рім сұраймын. Сол төбелестің ерте­ңінде-ақ Радмирге телефон шалып, ке­ші­рім сұрағанмын. Ендігәрі мұндай әрекеттер жа­самауға уәде беремін. Тәртіптік-бақылау комитетінің шешімі дұрыс па, жоқ па, мен шешпеймін. Бірақ жазамды сәл де болса жұмсартады деп үміттенемін. Шынын айтсақ, қаракөз қазақ бала­сы­ның ақтарыла сөйлеп, кешірім сұрағаны біз­ді де тебірентіп жіберді. Дегенмен әлі де кеш емес, Тәртіптік-бақылау комитеті әділ ше­шім шығарады деп біз де үміттенеміз. Ал жас футболшыларды көтеруді басты мақ­саты ретінде алға тартатын Қазақстан фут­бол федерациясының мұнысы қалай? Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×