Жасыл алаңдағы соғыс – Солтүстік Кореяның арулары көсемдерінің көңілінен шыға ма әлде тұтқынға айналып, ауыр жұмысқа жегіле ме?

05.05.2026, 16:55

Солтүстік Кореяның әйелдер футболы әлемдік аренада нағыз феноменге айналып отыр. Бүгінде әлемдік рейтингте 9-шы сатыда тұрған Пхеньянның арулары Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында өтетін Азия чемпиондар лигасының финалдық кезеңіне қатысу үшін жолға шықты. Алайда, бұл жай ғана спорттық бәсеке емес, олар үшін өмір мен өлім арасындағы майданмен тең, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жасыл алаңдағы соғыс – Солтүстік Кореяның арулары көсемдерінің көңілінен шыға ма әлде тұтқынға айналып, ауыр жұмысқа жегіле ме?

Ким Чен Ынның арнайы тапсырмасы

Мамыр айының 17-сі мен 24-і аралығында өтетін турнирде Солтүстік Кореяның “Naegohyang” клубы бақ сынайды. Пхеньяннан аттанған 39 адамдық делегацияның (27 ойыншы, 12 көмекші) алдына қойылған мақсат біреу: тек қана жеңіс. Солтүстік Кореяның ресми KCNA агенттігінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Ким Чен Ын жаттығу базасына арнайы барып, спортшыларға империалистік Оңтүстік Кореяны тізе бүктіру туралы қатаң тапсырма берген.

Солтүстік Кореяның ерлер құрамасы рейтингте 111-ші орында маңдай терлетіп жүргенде, әйелдер құрамасы нағыз элитаға айналды.

U-17 және U-20 әлем чемпионаттарында топ жарған тәжірибелі ойыншылар сол “Naegohyang” клубының сапында ойнайды.

Колумбияда өткен әлем біріншілігінде олар Бразилия, Аргентина, Нидерланды және АҚШ-ты жолдан тайдырып, финалда Жапонияны тізе бүктірген еді.

Команда капитаны Ким Ёон Жү: “Бұл біз үшін Отан алдындағы қасиетті борыш. Біз Ұлы көсеміміздің үмітін ақтау үшін барымызды саламыз.” – деп мәлімдеп отыр.

Жеңілсе ше? концлагерь ме?

Егер Солтүстік Кореялық қыздар Оңтүстіктің жерінде жеңіске жетсе, олар ұлттық батыр атанып, материалдық сый-сияпатқа бөленетіні анық. Бірақ, тарихи деректер мен Оңтүстік Кореялық барлау қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Пхеньян режимі сәтсіздікке ұшыраған спортшыларды аямайды.

2010 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін Солтүстік Кореяның ерлер құрамасының жаттықтырушысы мен ойыншылары 3 айдан 6 айға дейін ауыр жұмыс лагеріне жіберілгені туралы ақпараттар тараған еді. Ол кезде бапкер Ким Чон Хун тәрбие жұмыстарынан кейін ғана футболға қайта оралған.

Сувон төрінде өтетін жартылай финалдық кездесуде Солтүстік Кореяның футболшыларын үлкен қысым күтіп тұр. Олар үшін доптың домалақ болуы – үрейлі жайт. Себебі, алаңдағы қателік оларды салтанатты шеруге емес, суық түрмеге жетелеуі мүмкін. Көршілес екі елдің бітіспес бәсекесі бұл жолы футбол алаңындағы нағыз драмаға ұласпақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×