Өткен жексенбіде қазақ футболында елеулі екі жаңалық болды: Андрей Финонченко өзінің Қазақстан чемпионаттарындағы Жүзінші голын соқса, Нұрбол Жұмасқалиев бұл көрсеткішті 155-ке жеткізді.
Екеуі де – айтулы оқиға. Өйткені «Айқын» газетінің биылғы 15 тамыздағы №145 санында елімізде мерген футболшылардың тым аз екені жөнінде «Мергені жоқ елміз бе?» деген сараптама мақала жариялаған едік. Тәуелсіздіктің 23 жылында Қазақстанда барлық жоғары дәрежелі турнирлерді қоса есептегенде, небары 14 футболшы ғана 100-ден асыра гол соғыпты. Бұл өте төмен көрсеткіш. Елімізге мерген футболшының дәл қазір ауадай қажет екенін Еуро – 2016 іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Латвия матчында анық байқадық.Андрей Финонченко – Қазақстан чемпионаттарында соққан голдарының санын 100-ге жеткізген жетінші футболшы. Бұған дейін Андрей Мирошниченко, Олег Литвиненко, Нұркен Мазбаев, Мұрат Тілешев, Нұрбол Жұмасқалиев және Ұлықбек Бақаевтар ғана осындай биікке қол артқан болатын. Төмендегі сызбадан осы 7 мергеннің көрсеткіштерін салыстырмалы түрде бағалай аласыздар:Бірінші ескеретін мәселе – голдардың соғылу жиілігі. А.Мирошниченко 100 голды 8 жыл ішінде, онда да арасында 2,5 жыл үзіліспен соқты. Ол 1993 жылы – «Роторда», 1996 жылы – «Ладада» (Ресей), 1997 жылы «Копет-Дагта» (Түрікменстан) ойнап келді. Сонда Андрей Қазақстан чемпионаттарындағы 100 голда 5,5-ақ жылдың ішінде соққан болып шығады. Бұл – өте тамаша көрсеткіш. Өйткені қазіргі қазақ мергендері 5,5 жыл ішінде чемпионат қана емес, басқа турнирлердің бәрінде соққан голдарының санын 50-ге әзер жеткізіп жүр. О.Литвиненко да 1999 жылы 1 жылға айыпталып, футболдан тыс қалды. Әйтпесе оның нәтижесі 1 жыл бұрын тіркелуге тиіс еді.
Екінші мәселе – мергендердің нәтижелілігінің ұқсастығы. Мысалы, Н.Мазбаев, А.Финонченко, Н.Жұмасқалиев өздерінің алғашқы маусымдарында мүлде гол соға алған жоқ. Н.Мазбаев 1992 жылы «Фосфор» құрамында 15 матчқа қатысып, қанжығасын майлай алмаса, А.Финонченко 2001 және 2002 жылдары, яғни екі маусым бойы 22 матчта гол авторы атана алмады.
Н.Жұмасқалиев 1998 жылы «Нарын» сапында –13 матчты, 1999 жылы «Жетісу» сапында 24 матчты голсыз өткізді. Демек, болашақ рекордшылар мергендік жолға бірқатар ізденістен соң барып түсті.
Үшінші мәселе – мергендер үшін ыңғайлы командалар қандай? Мирошниченко, Тілешев және Бақаев 100-голдарын «Ертіс» командасының сапында енгізді. Демек, павлодарлық команда – мергендер үшін ең қолайлы клуб. Ал Жұмасқалиев 100 голды бір ғана команда құрамында – «Тобыл» сапында соқса, кейін 10 голды «Локомотив» (Астана) құрамында жүріп енгізді. Яғни ең тұрақты мергеннің
бірі деп Нұрболды атасақ дұрыс. Дәл сондай теңеуге бүгінгі қаһарман А.Финонченко да лайық. Оның бір артықшылығы – спорттық ғұмырын толықтай «Шахтер» командасында өткізіп келеді. Финонченконың тағы бір жетістігі – «Шахтердің» бұған дейінгі ұлттық чемпионаттардағы бас мергені Руслан Иманқұловтың көрсеткішін жаңартуы. Иманқұлов чемпионаттарда 98 гол соғып, 100-ге екі қадам жетпей қалған болатын. Мергендер үшін 100-гол соғуға ең ыңғайлы команда «Ордабасы» болып тұр. Бақаев пен Жұмасқалиев 100-голды шымкенттік команданың қақпасында тулатты. Мирошниченко да өзінің рекордын «Синтезге» – тағы бір шымкенттік командаға соққанын ескерсек, оңтүстікқа-зақстандықтардың қақпасы мергендер үшін құт екенін аңғарамыз. Екібастұз қаласының командасына («Батыр» және «Екибастузец-НК») қақпасына 100-голдар екі рет соғылды.
Төртінші мәселе – «енді Финонченконың ізін қуған кім бар?» деген сұрақ. Ең өкініштісі, әзірше ешкім жоқ. І лигада ойнап жүрген Ә.Бөлешев (84 гол) келер жылы премьер-лигаға оралып, қақпа торын жиі бүлкілдетпесе, әзірше мергендерді іздегеніміз іздеген. Әлібектің ізін басып келе жатқан Қайрат Әшірбековтің («Ордабасы») еншісінде – 64 гол. Финонченкоға жету үшін қанша уақыт керек десеңізші...