Серікжан Мужиковтың кезекті голы Талдықорғандық командаға жеңіс сыйлады
Футболдан ҚПЛ бесінші турында «Жетісу» командасы жеңіске жетті. Талдықорғандық клуб кеше Қарағандының «Шахтерін» - 1:0 есебімен ұтқан болатын. Енді осы ойын жайлы кеңінен тоқталсақ. Талдықорғанның орталық алаңында өткен матч тартысты болған. Екі командаға да ұпай керек еді. Әсіресе, жергілікті команда бірінші минуттардан-ақ жеңіс үшін ойнайтынын анық аңғартқан. Айта кетейік, кешегі кездесу «Жетісудың» осы маусымда өз алаңында өткізген бірінші бәсекесі болатын. Сондықтан, Талдықорғандық футболшылар барын салды. Жанкүйерлерді жерге қаратпай, қуанту үшін жетісулық жігіттер аянып қалған жоқ. Алаң иелері бірінші таймда бірінші нөмірмен ойнап, белсенді болған. Қайрат Нұрдәулетовтің командасы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, қарағандылық клубтың қақпасынан саңылау іздеді. «Жетісу» сапында команда капитаны Серікжан Мужиков ерекше белсенді болды. Ал алдыңғы шепте Абылайхан Жұмабектің есімін айтуға болады. Ұпай тұрғысынан маңызы жоғары бәсекеде талдықорғандық команда ақыры өз дегеніне жетті. Бірінші таймның соңғы минуттарында кездесудегі бас төреші қонақ команда қақпасына 11 метрлік айып добын белгілеген болатын. Пенальтиді «Жетісудың» капитаны Серікжан Мужиков дәл орындап, есеп ашты. Кездесудің екінші таймы да тартысқа толы болды. Ойын негізінен алаңның орталық бөлігінде жүрген. Талдықорғандық команда өзіне тиімді есепті ұстап қалуға тырысса, «кеншілер» таразы басын теңестіруді көздеген. Қарағандылық команда ең болмағанда 1 ұпай алып кетуге тырысты. Алайда, алаң иелерінің қорғаушылары өрескел қателікке бой алдырған жоқ. Талдықорғандық команданың қақпасын күзеткен Арсен Сиукаев та сенімді ойнап, жетісулық жанкүйерлерді жерге қаратпады. Сонымен, Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын «Жетісу» қақпасын голдан аман сақтап, кездесуді жеңіспен аяқтады. Осы жетістігінің арқасында Талдықорғандық ұжым ҚПЛ 5-турынан кейін турнирлік кестеде бір саты жоғарылады. 5 турдан кейін «Жетісу» 7 ұпаймен сегізінші сатыға жайғасқан. Ал «Шахтер» өткен турда олжалаған 3 ұпайымен 12-орыннан көтеріле алған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, сенбі-жексенбі өткен 5-турдан кейін «Ақтөбе» көш бастады. Екінші және үшінші сатыларда «Қызыл-Жар» мен «Ордабасы».
«Жетісу» — «Шахтер» 1:0
Гол: Серікжан Мужиков 45+3 ( пенальти)
Ескертулер: Арсен Сиукаев 66 – Дмитро Рыжук 28
Өткен турдағы нәтижелер төмендегідей:
«Қайсар» — «Атырау» 1:1
«Жеңіс» — «Тұран» 1:0
«Ордабасы» — «Қызыл-Жар» 1:1
«Қайрат» — «Ақтөбе» 1:3
«Астана» — «Тобыл» 2:2
Біздің серіктес: FONBET