«Жетісу» мен «Ақтөбе» қатарласып келеді

06.04.2011, 19:15
  «Жетісу» мен «Ақтөбе» қатарласып келеді

Еліміз Премьер-лигасындағы тартыс 5- тур ойындарымен қыза түсті. Өткен жолы ұпай жоғалтқан мықтылар бұл күні мейлінше сәтті өнер көрсетуге тырысты. Бірақ болжамға бағына бермейтін ала доп олардың бәрін бірдей табысқа жетелей қоймады. Мәселен, ішкі чемпионатта төрт рет топ жарған азулы «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» жалқы гол айырмасымен ұтса, өткен маусымның мықтысы «Тобыл» тағы да ұпай жоғалтып, Өскеменде «Востокпен» тең ойнады. Әзірге «Жетісудың» арыны күшті болып тұр. Талдықорғандықтар осы турда кезекті үш ұпайды олжалады. Біраз күн жайма-шуақ орнаған Алматыда ауа райының күрт суытқаны мәлім. Бірақ қазақ футболының дарабозына баланатын «Қайраттың» ойынын тамашалауға ниетті жанкүйер межелі уақытта «Орталық» стадион төрінен табылды. Ресми мәлімет бойынша, екі жарым мың көрермен жинаған «Қайрат» пен «Ертіс» арасындағы кездесу аса тартысты өтті. Алайда алтын уақытын сарп етіп келген алматылық жанкүйер сүйікті командасының жеңісіне бұл жолы да куә бола алмады. «Қайраттың» өз алаңында сүрінуіне бірқатар белді ойыншылардың бәсекеге араласа алмауы да әсерін тигізгені анық. Атап айтқанда, тәжірибелі шабуылшы Сергей Струков дәл осы кездесудің алдында тізесін жарақаттап алса, Константин Головской өткен турдағы тәртібіне байланысты командасына көмектесе алмады. Бұл кездесудегі алғашқы голды қонақтар 33-минутта соқты. Алаңның ортасында «Қайраттың» ойыншысы Кирилл Шестаков өрескел қателікке бой алдырып, ұрымтал сәтте «Ертістің» молдовалық легионері Анатолий Дорош қақпаны дәл көздеді. Үзіліске дейін алматылықтар есе қайыруға екі рет мүмкіндік алды. Бірақ Давид Лория қорғаған қақпа құлпы бұзылмады. Есесіне, үзілістен кейін «Қайрат» футболшылары басымдыққа ие болды. Допты көбірек ұстаған алаң иелері 51- минутта ардагер ойыншы Руслан Балтиевтің көмегімен таразы басын теңестірді. Дегенмен жергілікті жанкүйердің қуанышы көпке созылмай, арада жиырма екі минуттай өткенде қонақтар қайта алға шықты. Голдың авторы - Сергей Иванов. «Қайрат» ойыншылары қалған уақытта қорғанысты ұмытып, тек алға ұмтылумен болды. Есепті теңестірудің амалымен бас қатырған алаң иелері 90- минутта тағы бір гол жіберіп алды. Қарсы шабуылды жылдам ұйымдастырған «Ертістің» сапында Глеб Мальцев мергендік танытты. Осылайша, 5 - турда 1:3 нәтижесімен жеңілген алматылықтар турнир кестесіндегі жағдайларын одан сайын қиындатып алды. Кездесу соңынан сөз алған «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов алаң иелері сапында үш бірдей белді ойыншының болмауы өздеріне көмектескенін жасырмады. Білікті маман «Қайраттың» жартылай қорғаныс шебіне мадақ арнап, бұл команданың қатарында жас футболшы Арман Халықовтың өнеріне тәнті болғанын айтты. Оның алматылық әріптесі Владимир Никитенко ойынның тең жағдайда өрбігенін, «Қайраттың» кез келген қарсыласпен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын атап өтті. Сергей Струковтың орны ойсырап тұрғанына тоқтала келе ол да, Арман Халықовтың ойыны көңіліне жаққанын жеткізді. Осы маусымда чемпиондық атағымызды қайтаруға тиіспіз дейтін ақтөбеліктер Шымкенттен келген қонақтарын 2:1 есебімен ұтты. Кездесудегі алғашқы голды 14- минутта Камерун елінің өкілі Тити Эссомба соқты. Қазақ жеріндегі футболмен Тараз топырағында танысқан легионер шымкенттік қорғаушы мен қақпашының арасындағы түсініспеушілікті сәтті пайдаланып кетті. 74-минутта ақтөбеліктер сапынан Марат Хайруллин көзге түсіп, есеп айырмасын екі голға жеткізді. Дегенмен кездесудің соңына таман қонақтар да жауап қайырды. Андрей Сидельников қорғаған қақпадан саңлау тапқан Қызылорда футболының түлегі Дәуренбек Тәжімбетов болатын. Ол гол соғарынан үш минут бұрын ғана Қайрат Әшірбековті алмастырған еді. Қызылорданың «Қайсары» мен «Атырау» арасындағы бәсеке де өте шиеленісті өтті. Қос қарсылас 74-минутқа дейін гол соға алмай, құр аңдысумен болды. Ал аталған уақытта алаң иелері молдовалық легионер Александру Максимнің шеберлігіне куә болды. Жас футболшы жаңа командасының сапындағы екінші голын соқты және аса маңызды үш ұпай әперді. Таразда жергілікті команда «Жетісудан» 0:1 есебімен ұтылды. Чемпионаттағы тартысты жылда сәтті бастайтын талдықорғандықтар биыл да дәстүрге беріктік танытуда. Кездесудегі жеңіс голын 73-минутта Жетісу өңірінің түлегі Саят Сариев енгізді. Ойыннан кейін талдықорғандықтардың бас бапкері Серік Әбдуәлиев командасының қорғаныста өте сауатты әрекет еткенін айтты. Ал «Тараздың бас бапкері Ваит Талғаев қай тұста қателескенімізді сараптайтын боламыз деп сыр бөлісті. Келесі турда «Тараз» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаса, жетісулықтар «Атырау» футболшыларын қонақ етеді. 5-турда «Тобыл» Өскеменде жергілікті «Востокпен» шеберлік байқасты. Мұның алдында өз алаңында «Шахтердан» ұтылып қалған қостанайлық клуб Өскемендегі кездесудің 79-минутына дейін екі доп айырмасымен алда тұрды. Бірақ алаң иелері бас-аяғы он минуттың ішінде есепті теңестірді. «Тобылдың сапында Алексей Данаев пен Виталий Волков мергендік танытса, «Востокты» Дмитрий Мамонов пен Павел Удалов алға жетеледі. Осы күні Теміртауда Қарағандының «Шахтеры» Астананың «Локомотивімен» ұпай бөлісті. Бұл кездесу голсыз аяқталды. Мергендер: Марат Хайруллин («Ақтөбе) - 4 доп, Таңат Нөсербаев («Локомотив») - 3 доп. Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×