Жеткіншектердің кезекті жеңілісі

14.01.2013, 02:51
Жеткіншектердің кезекті жеңілісі
Алғашқы екі ойында бір ғана гол айырмашылығымен жеңілген жерлестеріміз мамандардың тәуір бағасын алған. Бірақ шаршап қалды ма, әлде жеңіліске ет үйренді ме, Түркиядан да, Бельгиядан да екі гол айырмашылығымен жеңілдік.
Алғашқы екі ойында бір ғана гол айырмашылығымен жеңілген жерлестеріміз мамандардың тәуір бағасын алған. Бірақ шаршап қалды ма, әлде жеңіліске ет үйренді ме, Түркиядан да, Бельгиядан да екі гол айырмашылығымен жеңіліп қалдық.   Қазақстан - Бельгия 0:2 Голдар: Ван Дер Хейден (1), Борах-Сасар (87) Ескерту: Сүлей, 50. Қазақстан: Голубничий (к), Нұралы, Кузьменко, Тайыпов, Исмайылов (Балғабаев, 46), Жағыппар (Қыдырәлі, 73), Дайыров, Жүнісов (Морозов, 42), Сүлей (Советов, 85), Сағындық, Сахибов (Воменко, 63) Аға бапкер: Михаил Соловьев Бельгия: Пирард, Спройт (к), Хааген, Аллегрия, Раемайкерс, Хендрикс, Борах-Сасар, Мукле (Ван Ден Акервекен, 68), Мертенс (Ретен, 79), Пьерре, Ван Дер Хейден Бас бапкер: Марк Ван Гирсом Үздік ойыншылар: Әнуар Жағыппар — Нильс Пьерре Қайта турнирдің бас кезінде жақсы ойнаған екенбіз. Финляндия да, Иран құрамасы да тобымыздың ғана емес, турнирдің де көшбасшылары болатын. Соларға қарымды қарсылас бола білдік. Алайда, Түркияда 1:3 есебімен жеңіліп, тобымызда төртінші орында қалып қойдық. Ал бүгін Бельгия жасөспірімдері де берекемізді кетірді. Бұл Гранаткин турнирінің 13-16 орындары үшін өткен кездесу болатын. Яғни, төрт топтың аутсайдерлерін тоғыстырған кезең. Жүлде тұрмақ, алғашқы ондықтан көріну мүмкіндігінен айрылған соң, ең құрығанда 13-орын алудан дәмеміз болған. Бірақ бұл үмітіміз де сөнді. Енді ертең 15-орын үшін таласатын боламыз. Қарсыласымыз — Латвия құрамасы. Ойын басталған беттен тізгінді қолдарына алған Бельгия жасөспірімдері бірінші минутта-ақ қақпамыздан саңылау тапты. Қазақстан айып алаңында қараусыз қалған Ван Дер Хейден әуелете асырылған допты жерге түсірместен Михаил Голубничий қорғаған қақпаға дәл қадады. Дегенмен, айта кетуіміз керек, жылдам гол жігіттеріміздің жігерін құм ете алмады. Қайта допты өздерінде барынша сақтауға тырысқан жерлестеріміз ойынды өз бақылауларына алғысы келді. Өкінішке қарай, жас футболшыларымызға шеберлік жетіспей жатты. Рас, Бельгия қақпасына гол соққан едік, алақайлап үлгергенше қапталдағы төреші жалаушасын көтере қалды. Екінші таймда да Михаил Соловьев шәкірттері көбінше шабуылға көңіл бөлуге тырысты. Алайда бельгиялықтардың қорғанысы сыр бермеді. Ал ойын соңында шаршап қалдық па, әлде жеңіліске мойынсұндық па, тізгінді толығымен қарсыластарымызға беріп қойдық. Нәтижесінде, 87-минутта қақпамызда тағы бір доп тулап жатты. Михаил Соловьев; Қазақстан жасөспірімдер құрамасының (U-19) аға бапкері: — Бәрін өздеріңіз де көрдіңіздер ғой. Өте жиі қателесіп, допты жоғалтып ала бердік. Соның нәтижесінде ойынның басым бөлігін қорғанумен өткіздік. Командалық ойын жайлы да айту әбестік болар. Өйткені, турнирге екі-ақ апта қалғанда жиналдық. Рас, жігіттер айтқан тапсырмамды орындап жатты. Бірақ, шыны керек, роботтар секілді. Шабуыл кезінде импровизация жетіспей жатады. Ойынды өзіне алудан қорқады. Бір сөзбен айтқанда жасқана ойнап жүргендері көрініп тұрады. Тіпті, үзіліс кезінде киім ауыстыратын бөлмемізде мүлгіген тыныштық. Ешқайсысы ақтарылмайды. Негізі, мұның себебі, халықаралық аренадағы тәжірибеміздің аздығынан. Бүгін оларды матч алдында бір серпілтіп алғандай болғанмын. Нәтижесі де жаман емес сияқты. Алаңға аса жасқанбай, көңілдері көтеріңкі шықты. Алаңда бір-бірімен түсінісе бастағандарын да байқадым. Бұл да жақсы нәтиже.   Марк Ван Гирсом, Бельгия жасөспірімдер құрамасының (U-19) аға бапкері: Бір аптада төрт ойын өткізген шәкірттерімнің аздап шаршап қалғандары білініп тұрды. Оның үстіне, жарақат алған футболшыларым көп. Соның кесірінен бүгінгі ойынға 14-ақ ойыншы дайындалды. Дегенмен, командам жаман өнер көрсеткен жоқ деп ойлаймын. Бүгін алғаш рет қорғаушыларымыздың да шабуылға қосылғандарын көрдік. Біз 90 минут бойы ойын барысын өз бақылауымызда ұстағымыз келді. Меніңше, бұған шамамыз жеткен секілді. Жиі шабуылдауға тырыстық. Жеңіс үшін барымызды салдық. Сондықтан, таблодағы көрсеткіш көңілімнен шықты.   Сонымен, ертең Астана уақытымен 10:00-де Қазақстан жасөспірімдері 15-орын үшін Латвия құрамасымен кездеседі. Ал сағат 17:00-де басталатын ақтық айқаста Ресей құрамасы мен Санкт-Петербург командасы текетіреседі. Алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×