Жүз жылда да жүрегімізді жылыта алмадық

15.11.2012, 23:12
Жүз жылда да жүрегімізді жылыта алмадық

Сырттан шақырылған легионерлер әкімдерге абырой әперу үшін келмесе, Қазақстан футболын дамыту ойларына кіріп те шықпайды. Осы бір үрдіс әбден қалыптасып барады. Тап бір футболымыз керемет дамып, Еуропадағы атақты клубтардағыдай айтулы ойыншыларды сатып алатын халге жеткендей күй танытамыз. Құрама командамыздың өзінде Ресейден 5-6 футболшы жүр. Азаматтығын ауыстырса болды, сырттан келгендер құрама команданың ойыншысы болып шыға келеді.

     Құдай қаласа, алдағы жылы қазақ футболына 100 жыл толады.  Бұл  бір ғасырлық тарих, анау-мынау емес, салмағы  да, маңызы да үлкен  мәселе. Ол елімізде ала доп қуатын өрендерге қанат бітіріп, футбол дейтін сиқырлы дүниені  биік деңгейге көтеретін  соны жыл болуы тиіс.    Көк дөнендей жүйрік көңіліміз солай болғанын қалайды, әрине. Бірақ дәл қазір Қазақстанда бұл бағытта   футбол ойынын өркендетуге байланысты ешкім ештеңе ойлап жүрген жоқ сияқты, өлі тыныштық. Қазірден бастап шырқырып жатқан Шығыс Қазақстан облысының, Семей қаласының басшылары ғана. Бұл айтулы дата соларға ғана керек секілді. Әрине, қазақ футболының отаны деген аты бар, бірақ футбол тарихы бәрімізге ортақ қой. Онымен қоймай, «Спартак» стадионының директоры Б.Құсайынов деген азамат команданың үш жылға созылған шығынын жауып, стадионның өзін аман алып қалған қала әкімі А.Кәрімовке алғыс айтудың орнына орыстілді газет арқылы «өкпе-назын» білдіріпті. Айбек Мүталапханұлы биылғы жылғы команда бюджетін 88 миллионға жеткізіп, қаптаған легионерден арылтып, жаңа команда жасақтауға атсалысты. Биыл сол жастар сенімді өнер көрсетіп, бірінші топта үздік алтылықтан көрінді. Әне, әйтпесе. Ал біз ретін тапсақ, жақсының жақсылығын байқамауға тырысамыз. Таяуда ғана Өскеменнің «Восток» командасының жоғары топқа қайтып оралуына байланысты футболшылармен кездесу өткізген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев Қазақстан футболының 100 жылдығына орай облыста 100 футбол алаңын салу, ауыл-ауылда балалар командаларын құру керектігі туралы жақсы ой айтты. Өйтетін де жөні бар. Қазақстан футболының тарихы Семей қаласынан басталатыны, 1913 жылы мұнда «Жарыс» командасы құрылып, оның құрамында болашақ ұлы жазушы М.Әуезовтің ойнағаны белгілі. Бердібек Мәшбекұлы осы жайды бес саусағындай біліп отыр және өзіне салмақ түсетінін де алдын ала сезгендей. Біз кейде көрші Өзбекстанда футболға мемлекеттік тұрғыда қарайтын жақсы дәстүр барына қызығамыз. Мәселен,  онда 1993 жылы «Өзбекстанда футболды  одан әрі дамыту туралы» заң шықты. 1998 жылы «Өзбекстанда футболды дамыту қоры қызметін жақсарту және дамыту туралы» екінші заң жарық көрді. Ал биыл Өзбекстан Республикасының министрлер кабинеті «Өзбекстанда футболды дамытуды  қолдау  мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Көрдіңіз бе, елдің құзырлы органдары  ала допты ала шапанды ағайындардың өміріне дендеп енгізу үшін жоғары деңгейде назар аударады екен. Өзбек футболына биыл 100 жыл толды. 1912 жылы Қоқан қаласында доп тебуді бастаған өзбектер содан бері үлкен жолдан өтті. Биыл елде осы бағытта қыруар жұмыстар атқарылды. Өзбек футболының өрендері әлемдік ареналарға да шығып жүр. Рас, біздің елімізде де жұмыстар бар, бірақ мардымсыз. Сондықтан жалаң мадақтаумен футбол федерациясының  кеудесіне жұлдыз қадамай-ақ қояйық. Бұл күндері футболдың маңайында жүрген шенеуніктердің басында  Қазақстан құрама командасы жеңсе деген бір ғана тілек бар сияқты. Оның өзі арманға айналды. Құрама командаға кімдер жаттықтырушы болмады, бірақ әлі күнге дейін ілгерілеушілік жоқ. Қазақстан футболы дүниежүзілік рейтингте 140-орында тұр.

Біздің серіктес: FONBET

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×