Зидан заманы…

19.03.2012, 02:55
Зидан заманы…

Ол 1972 жылы 23-маусымда Францияның Марсель қаласында дүниеге келіпті. Алжирлік жанұядан шыққан француз футболшысы Зинедин «Канн», «Бордо», «Ювентус», «Реал Мадрид» және Франция құрамасында жартылай қорғаушы болып ойнады. Карьерасын 2006 жылы аяқтады. 2009 жылдың 1-маусымынан бері мадридтік «Реал» президенті Флорентино Перестің кеңесшісі қызметін атқарады.

Зидан жанұясы Алжирден Францияға көшіп келгенде болашақ футболшы екі жаста болатын. Әке-шешесі қарапайым, кедей адамдар еді. Жастайынан дзюдоға да, велосипед тебуге де қызықты, бірақ бабы мен бағы ала допта ашылды. Аулада аунап-қунап жүрген Зиданды байқап қалған «Канн» клубының бапкері өзінің футбол мектебіне алады. Сөйтіп, 14 жасынан бастап клубпен келісімшартқа отырып, курортты Канн қалашығына келеді. «Канн» клубына келген бапкерлердің бәрі Зиданның жылдамдығына, мергендігіне риза болатын. «Каннның» бапкері Лякомб: «Зидан аз сөйлейді, көп тыңдап, көп еңбектенеді», – депті.

Нағыз үлкен кәсіби футболдың табалдырығын 1989 жылдың 20-мамырында аттайды. Ол кезде жасы 17-де болатын. 1988/89 жылы Франция чемпионатына қатысып, жақсы ойын көрсеткені үшін «Канның» басшылығы Зиданға 6 000 франк сыйақы береді. Бұл оның алғашқы айтарлықтай табысы болды. Ол ақшаға сыйлықтар алып, әке-шешесін, бауырларын қуантады. Зиданға сырт елдерден де көз тіге бастады. 1996 жылы Италияның атақты клубы «Ювентус» Зиданға «құда» түседі. Сөйтіп, Зизу Туриннен бір-ақ шығады. Осы кезден бастап ол жеңістің дәмін тата бастайды. «Ювентус» Зидан ойнаған жылдары – 1996 жылы Токиода аргентиналық «Ривер Плейтті» ұтып, құрлықаралық кубокты, сол жылы «Пари Сен-Жерменді» жер жастандырып, суперкубокты иеленді; 1997 және 1998 жылдары екі рет қатарынан Италияның чемпионы атанды. Сондай-ақ Зидан 1998 жылы әлемнің, Еуропаның ең үздік футболшысы атанып, «Алтын допты» қанжығасына байлады. 1998 жылы Франция құрамасының әлем чемпионы болуы да Зиданның зор еңбегінің арқасы еді. 2002 жылы футбол тарихындағы ең қымбат бағаланған Зинеддин Зидан болды. Тамырында алжир қаны соққан, Франция құрамасының жарық жұлдызы Зизуді 2001 жылы Мадридтің «Реалы» Туриннің «Ювентусынан» рекордтықсома – 64 миллион 500 мың АҚШ долларына сатып алған. Зидан ойнаған жылдары «Реал» Чемпиондар Лигасын (2001/2002 жж) жеңіп алды, Испанияның чемпионы (2002/2003жж) болды. Ол кезде «Реалда» Зиданмен қатар Фигу, Роналдо, Бекхэм, Роберто Карлос, Рауль секілді үздіктер ойнаған еді. Франция құрамасы үшін Зиданның орны бөлек болатын. Зидан жарақаттанып, 2002 жылы әлем біріншілігіне қатыса алмай қалады. Әлем чемпионы атанған Франция топтық бәсекеден шыға алмай, ауылына бәрінен бұрын қайтқан еді. Сонда Зиданның жоқтығы қатты білінді. Зидан және Матерацци Зидан 2006 жылғы біріншілікте де құрама командасын алға жетеледі. Финалға дейін жетіп, ақтық ойында Италиямен кездеседі. «Қызықтың» бәрі осы кезден басталды. Зидан 7-і минутта 11 метрлік айып добын соғып, гол салады (Зидан — екі бірдей әлем біріншілігінің финалында гол соққан Пеле, Вава, Пауль Брайтнерден кейінгі ойыншы). 19-шы минутта итальяндық футболшы Марко есепті теңестірді. Ал, 110-шы минутта Француздардың үкілі үміті Зизу итальян қорғаушысы Матераццидің арандатуына түсіп қалады. Деректерге сүйенсек, Матерацци Зиданға «қарындасың жезөкше» депті-міс. Зидан шыдай алмай, баспен ұрып құлатады. Зидан бұзақылығы үшін алаңнан қуылады. Осы «қылығына» қарамастан Зизуді осы біріншіліктің ең үздік ойыншысы деп атады. Бірақ, ФИФА Президенті Йозеф Блаттер, Зинеддин Зиданның ақтық ойындағы тәртібі үшін әлем чемпионатының үздік ойыншысына тағайындалған – «Алтын доп» сыйлығынан айрылатынын айтқан еді. Айта кетейік, Зиданның Марконы баспен ұрып құлатқанын бүкіл әлем көрді. Содан кейін Матераццидің не айтқандығы туралы біраз жорамалдар айтыла бастады. Көптеген басылымдар Зиданның ашуын келтірген сөзді білулері үшін тіпті сурдоаудармашыларды көмекке шақырған болатын. Бірақ ешкім нақты ештеңе айта алмаған еді. 2007 жылы тамызда итальяндық футболшының өзі Зиданның қарындасына тіл тигізгенін мойындап, «таяқты жай жемегеніне» жұрттың көзін жеткізді. Міне, осы айыбын жуып-шаймақ болған Марко Матерацци Зиданмен татуласудың жолын іздеді. Тіпті, ол Зизумен достасудың жолын таба алмай шаршағанын да мәлім етті. «Мен достасуға дайын екендігімді әрдайым айтамын. ФИФА-ға жазбаша да, ауызша да бұл туралы жеткізгенмін», – деді Матерацци. «Мен барлық тәсілдерді қолданып көрдім, енді тастадым. Бұл жолы зардап шеккен жақ мен емеспін бе? 50 жылдан кейін барлығы менің қақпаға доп соққанымды емес, Зиданның мені басымен қалай соққанын естерінде сақтайды». «Мен БҰҰ-дан да хат алдым, олар менен не болғанын түсіндіруді сұрапты. Олар Зидан екеуіміздің кездесуімізді ұйымдастырмақ. Бұл іске асып жатса, тамаша болар еді. Бірақ мен шаршадым, енді татуласудың амалын іздемеймін», – деді Италия спортшысы. Ал, атақты футболшы Зинеддин Зидан 2006 жылдың аяғында осы оқиғаға өзі де түсінік берген болатын. Зиданның айтуынша, жейдесінен жұлқи ұстаған Матерацциге қаласаң, ойыннан кейін жейде ауыстырайық, деп әзіл айтқан. «Бірақ, итальяндық апайым мен анамға тіл тигізген кезде, мен шыдай алмадым. Кейбір сөздерге сөзбен жауап бергеннен гөрі, соққымен жауап берген дұрыс. Итальяндық қорғаушымен жағдай солай болды», – дейді Зидан. Ол телеэкран алдында отырған миллиардтаған көрермендерден осы қылығы үшін кешірім сұрады. Бірақ, Марконы ешқашан кешірмейтінін айтады. Кім біледі, Зидан қазақ болса, «алдыңа келсең, атаңның құнын кеш» деген салтпен кешіріп жіберер ме еді? Ал, қазақтан Зидан қашан шығады, ол мейірімді қазақтың үлгісін әлемге қашан танытады? Бұл сағым қуалаған сұрақтың бірі шығар… Керек дерек: Әлемнің үш дүркін үздік футболшысы (1998, 2000, 2003). Соңғы 50 жылдағы УЕФА-ның ең үздік футболшысы (2004). Әлемдегі ең үздік 100 футболшының тізіміне енген.

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ, «Үш қиян» газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Болашақ жұлдыздар
Серіктес жаңалықтары
×