Зоран Тошич: «Англияда аз ойнағаным болмаса, өзіме қажетті тәжірибе жинақтадым»

01.12.2021, 16:32
Сербиялық футболшы араға 14 жыл салып чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Зоран Тошич: «Англияда аз ойнағаным болмаса, өзіме қажетті тәжірибе жинақтадым»

Атақты сербиялық футболшы Зоран Тошич «Тобылдың» баспасөз қызметіне берген сұхбатында мансабының есте қаларлық кезеңдері туралы айтып берді.

– Бірінші рет сонау 2007 жылы «Партизан» сапында чемпион атандыңыз. Міне, араға 14 жыл салып тағы да озық шықтыңыз. Қандай сезімдесіз? 

– Чемпион болудың өзі бір көңілге жақсы сезім ұялатады ғой. Өйткені әрбір маусым өзінше ерекше болғанымен, соңында қандай жетістікке жеткенің, турнир кестесінде нешінші орын алғаның маңызды. 14 жыл бұрынғы чемпиондық пен осы жылғы жеңістің аса бір айырмашылығы байқалмайды. Футболшы үшін чемпиондыққа ие болған сәт – жылдағы ең жарқын, есте қаларлық оқиға. Сондықтан өте жақсы сезімдемін деп айта аламын. 

– «Тобылдың» чемпион атануына не әсер етті? 

– Мұны былай түсіндіруге болады: «Тобыл» сапында жекелеп алатын «жұлдыз» футболшы жоқ, команда бірігіп, бір мақсатта жұмыс істейді. Шындығына келгенде, бізде «Астана» мен «Қайраттың» құрамындағыдай шебер футболшылар аз. Оларда жекелей алып қараған кезде кәсіби орындаушылар өте көп. Бір жағынан, «Тобылдың» қосалқы құрамындағы 5 футболшының негізгі құрамның әр ойыншысын ауыстыра алатын қауқары бар. Меніңше, мұндай құрам қалған командаларда болған емес. 

– Команда қалай қарсы алды. 

– Бәрі жақсы. Бұл ретте маған командадағы отандастарым көмектесті. Мен орыс тілін жақсы білемін, сол тұрғыдан алып қарағанда клубқа сіңісіп кету аса қиындық тудырған жоқ. 

– Ішкі біріншілікте қандай командалардың қарқынын атап өте аласыз? 

– Біз бірінші турдан бастап «Астанамен» бәсекеге түстік. «Қайрат» та деңгейі жоғары, жақсы команда. Осы екі команданы атап өтуге болады. Бірақ біздің бұл ұжымдардан озық шыққанымыз жақсы болды. 

– Бұған дейін «Тобыл» сапында кімді танитын едіңіз? 

– Нұрбол Жұмасқалиевпен әңгімелескен кезде бір-бірімізге қарсы ойнағанымыз еске түсті. 2007 жылы Сербия Қазақстан құрамасымен кездескен еді. Былайша, Николич пен Йованчичті танитынмын. 

– «Тобыл» – «Хайдук» матчы қандай әсер қалдырды? 

– Өте жақсы. Еуропалық матчтар кезінде әр кезеңнен өтуді ойлайсың. Осы жылы «Хайдукті» жеңген соң, келесі кезеңдерге өтуге мүмкіндік болды. «Хайдуктен» асқанымыз өңір үшін үлкен мереке болды. Біз мұны түсіндік. Болашақта мұндай сәттерді тағы да қайталаймыз деген сенімдемін. 

– Осы маусымда «Тобылдың» қай түсті ойын жейдесі ұнады? 

– Ақ түсті жейде. Өйткені ойындардың көбінде осы формамен шықтық. 

– Қостанайдағы өзіңізге ұнамайтын үш нәрсе 

– Тек қана бір нәрсені айтайын, ол – ауа райы. Қалғандарына көңілім толады. 

– Чемпионаттың басқа клубтарында ойнайтын жгіттермен байланысыңыз қалай? 

– Рукавина – менің жан досым. «Партизанда» да, Сербия құрамасында да бірге доп тептік. Небойша Косовичпен де қарым-қатынасымыз жақсы. 

– Қазақстан мен Сербиядағы футболды салыстырып көріңізші. 

– Бірінші айырмашылық – инфрақұрылым. Сербияда бір ғана жасанды төсеніші бар алаң болса, Қазақстанда мұндай стадиондар өте көп. Бір жағынан басқа алаңдарда ойнау қиын. Өйткені ауа райы қолайсыздық тудырады. Ал чемпионаттың сапасы тең дәрежеде деп ойлаймын. 

– Футзал ойнағаныңыз рас па? 

– Кәсіби тұрғыда ойнаған жоқпын. Тек туған қаламдағы футзалшылармен бірге жаттығу жасадым. Ол кезде 17-18 жаста едім және командасыз жүрген болатынмын. Сөйтіп, достарыммен шағын футболға бардым. Солармен жаттығу жасадым. Кейін үлкен футболға оралдым. 

– 2009-2010 жылғы Англияда өткізген маусымға оралайықшы. Бұл кезеңді қалай бағалайсыз? 

– Мен барлық сұхбаттарымда айтып жүргендей, Англиядағы бір жыл – мен үшін үлкен футбол мектебі. Көп нәрсені үйрендім, адам ретінде, футболшы ретінде меңгергенім, ойға түйгендерім көп болды. Аз ойнағаным болмаса, аса қажетті тәжірибе жинадым. Бұл жылдың көмегі көп болды. 

– Фергюсонды неліктен АПЛ-ның үздік бапкері санайды? 

– Мұны ол кісінің жеңген титулдары дәлелдеп тұр. Ол Англиядағы ең атақты бапкер саналады. Ол кісінің командада болғанының өзі саған аса зор жауапкершілік жүктейді. Өзіңе үлкен талап қоясың. Мұндай беделді бапкерді әлі кездестірмедім. 

– МЮ сапындағы алғашқы ойыныңызды еске түсірсеңіз. 

– Бұл менің мансабымдағы ең жарқын сәттердің бірі. «Партизаннан» Англия чемпионының құрамына ауыстым. «Тотенхэмге» қарсы дебют жасаған күнімді ешқашан ұмытпаймын. Алаңдағы әр секундым есімде. 

– Бірінші матчта Роналдуды алмастырдыңыз. Оны тұлға ретінде қалай бағалайсыз? 

– Ол жаттығуға бірінші келіп, соңында кететін. Өзіне жақсы қарайды. Әр күн сайын жетілуге, дамуға тырысатын. Командаластарына да жақсы көмектесе білді. Мен онымен жарты жыл бірге болдым. Роналду сияқты кәсіби футболшыны да көрген жоқпын. 

– Англиядан соң Германия чемпионатына ауыстыңыз. Бұл елдің футболына қалай үйрендіңіз? 

– Фергюсонмен («МЮ» бапкері) әңгімелесу барысында басқа клубта бағымды сынап көру туралы шешім қабылдадық. Содан қалған алты айда «Кельн» командасына ауыстым. Көп ұзамай неміс клубының үздік ойыншысы атандым. Команданың Бундеслигада қалуына септігім тиді. Германияда футболға барлық жағдай жасалған. 

– Ұзақ уақыт ЦСКА командасында доп тептіңіз. Кейін басқа елге қоныс аудару қиын болған жоқ па? 

– Ресейдің ең мықты ұжымында ойнап, бірнеше жүлделерді жеңіп алдым. Сол кезде менен бақытты адам болмаған шығар. Өзімді басқа клубтың жейдесінде елестетіп те көрмедім. Бірақ белгілі себептермен «Партизанға» қайта оралу қажет болды. 

– Өзіңізбен ойнаған үздік 5 футболшыны атаңызшы 

– Роналду, Гиггз, Скоулз және Видич пен Вагнер Лавты атап өтер едім. 

– Есте қалған екі голыңыз? 

– Мадридтің «Реалы» мен Мәскеудің «Локомотивіне» соққан шешуші голдарымды ұмытпас едім. 

– Бос уақытыңыз, қызығушылығыңыз туралы айтсаңыз. 

– Арнайы бір хоббиім жоқ. Теннис ойнайтынмын. Мансабымды аяқтаған соң осы салада өзімді сынап көремін деп ойлаймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×