«Қарабах» тарихи жетістікке жақын

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
15.02.2024, 18:47
«Қарабах» тарихи жетістікке жақын

Бүгін Еуропада клубтық деңгейдегі екінші дәрежелі турнир – Еуропа лигасының плей-оф кезеңі басталады. Аталмыш турнирдің топтық кезеңінде екінші орын алған командалар Чемпиондар лигасының үшінші орындарымен жолықпақ. Ұтқандары Еуропа лигасының 1/8 финалына аяқ басады. Сонымен, бүгінгі ойын күнінде біраз қызықты жұптар бар. Ең бірінші көзге түсетіні, әрине, «Фейеноорд» пен «Рома». Нидерландылық ұжым еуромаусымды чемпиондар лигасының топтық кезеңінен бастаған. Онда «Лацио» мен «Атлетиконы» алға жіберіп, үшінші орынды қанағат тұтты. Арне Слоттың командасы алғашқы екі турда 6 ұпай олжалап, жанкүйерлеріне үміт силағандай болып еді. Алайда, бауырын жазып, көсіле алған жоқ. Ұпайдан шашау шығарып, ақыр аяғы үшінші орынмен аяқтады топты. Жозе Моуриньо жаттықтырған «Рома» болса, Еуропа лигасының топтық кезеңінде күтпеген жерден екінші орын алып қалды. Соңғы жылдары жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Праганың «Славиясы» екеуі жеке дара топ бастап, бірінші орынға таласқан. Римдіктерге бірінші орын бұйырған жоқ. Енді еуросайыстың плей-офф кезеңінде араға жыл салып «Фейенордпен» қайта жолығады. Қос команда дәл осы жарыстың былтырғы маусымында да шешуші кезеңде кездескен. Ширек финалда «Рома» басым түскен. Енді екеуі тағы жолдары түйісіп отыр. 

Посткеңестік елдердің жанкүйерлерінің назарын аударатын матч «Брага» - «Карабах» болмақ. Агдамдық футболшылар соңғы жылдары үздіксіз топтан шығып жүр. Бұл жолы да осал деуге келмейтін төрттіктің арасынан суырылып шықты. Квартетте Хаби Алонсоның «Байерінен» оза алған жоқ. Бірақ, «Мольде» мен «Хэкенді» артқа тасап екінші орын алу, тәп-тәуір-ақ нәтиже деуге болады. Әдемі ойын өрнегі бар әзірбайжанның топ клубына оңай болмасы анық. «Брага» нағыз еуропа лигасына жаратылған команда десек, артық айтқандық емес. Десе де, «Порту», «Бенфика» мен «Спортингті» өкшелеп жүретін Португалиялық команда еурожорығын чемпиондар лигасынан бастады. Алдын ала болжанғандай-ақ, онда «Реал» мен «Наполиге» бәсекелес атана алмады. Сөйтіп, бір саты төмен сырғып, Гурбан Гурбановтың командасымен еуропа лигасының 1/8 финалына берілер жолдамаға таласпақ. Жолдамамен бірге берілетін қомақты соманы да ұмытпайық. «Брага» секілді ортаңқол ұжымның тақиясына тар келмейді.

«Милан» мен «Ренн» арасындағы матч та қызықты болмақ. Бұл сөзсіз, Чемпиондар лигасының деңгейіндегі ұжымдардың бәсекесі. «Милан» өзі де жорығын еуропаның басты футбол турнирінен бастаған еді. Топтық кезеңдегі ең қиын квартетке тап болған россонери соңына дейін күресті. Тіпті мақтаулы «ПСЖмен» ұпайы да тең болған. Бірақ франциялықтар жеке кездесулердегі оң нәтижесінің арқасында «Миланды» басып озды. Енді амал жоқ, Стефано Пиолидің командасы еуропа лигасының трофейі үшін таласып көрмек.  Франциялық клуб өз тобында екінші орын алды. Қазір, команданың басынан аумалы-төкпелі замандар өтіп жатыр. «Реннің» ішкі біріншіліктегі жағдайы да мәз емес. Команданы «Лига 1» дің өзінде де бестіктің ішінен таба алмайсыз. Дегенмен, Жюльен Штефанның командасы керек кезде, сын сағатта жинала алады. Соны енді бүгін тағы бір мәрте дәлелдеуі керек. Біздіңше, мотивациядан мәселе бола қоймас. «Миланмен» күнде кездесе бермейсің. Қысқасы, Еуропа лигасының дәл осы жұбынан керемет бәсекелестік күтеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0

Тегтер:

футбол
Серіктес жаңалықтары
×