2018 жылы әлем біріншілігі іргелес жатқан Ресей елінде болатынын төрткүл дүние хабардар. Алайда дүние жүзінен іріктеп алынатын 32 команда әзірге беймәлім (Ресей құрамасынан басқасы). Футбол заңы бойынша әр топтан үздіктің үздігі 4 жылдықтың бәсекесінде өнер көрсете алады. Соның бірі біздің құрама да шет қалып отырған жоқ.
Биылғы жылы Қазақстан құрамасында бірнеше өзгерістер орын алды. Оның бірі жаңа бапкердің келуімен басталды. Жаңа бапкер, жаңа тактикамен команда тізгінінде алғашқы жолдастық кездесулерден өзін көрсете бастады. Наурыздың 26 – жұлдызында сырт алаңда Талғат Байсуфиновтың шәкірттері Әзірбайжан құрамасын 0:1 есебімен жеңсе, содан кейін арада үш күн қосып Тбилисидің «Динамо аренасында» алаң қожайындарымен 1:1 есебімен тең нәтиже көрсетті. Ал Далянь қаласында өткен ойында жерлестеріміз аспан асты елінің аяқдопшыларымен жасыл алаңға шығып, Азат Нұрғалиевтің голымен кездесу тәмамдаған. Шырайлы жаздың соңғы күндерінде отандастарымыз күтпеген жерден қырғыз бауырларымызға 0:2 есебімен есе жіберді. Мұндай жағдайға душар болатынымызға ешкім сенбеген еді. Алайда футболдың аты футбол.
Жолдастық кездесулерден біраз тәжірибе жинаған футболшыларымыз төртінші қыркүйекте «Астана аренада» Польша құрамасына қарсы ойын өткізді. Роберт Левандовский бастаған поляк сайыпқырандары кездесудің алғашқы минуттарынан бастап, Стас Покатиловтың қақпасын торлай бастады. Кездесудің 9 минутында жартылай қорғаушы Капустка есепті ашса, 45 минутта пенальтиден соғылған голдың авторы Роберт Левандовский атанды.
Матчтың екінші жартысында Сергей Хижниченко 51 минутта таблодағы көрсеткішті 1:2 ге жеткізіп, командаға үміт отын сыйлады. Араға 7 минут салып, оң қапталдан суырылып шыққан Мақсат Байжанов нәтижелі пас шығарып Сергейдің дубль жасауына өз септігін тигізді. Мұндай табан тірестікті күтпеген поляк ойыншылары қапа қалып қалды. Қорытынды есеп 2:2.
Осы кездесуден кейін Е тобында ұлттық құрама бір ұпаймын 3 орынға жайғасты. Ал поляктар сырт алаңдағы ойынды тең нәтижемен аяқтағаны үшін 2 орынды иемденді. Ал көшті бастап тұрған даниялықтар 3 ұпаймен алғашқы қадамдарын жақсы бастады.
Қазақстан құрамасы 8 қыркүйекте сырт алаңда Черногория құрамасына қарсы ойын өткізбек. Бұл командалар арасындағы текетірестеріне көз жүгіртсек, осыдан 8 жыл бұрын черногориялықтар 3:0 көрсеткішімен біздің жігіттерден басым түсті. Алайда ескере кетсек ұлттық құрама сапында сол жылдары Бауыржан Исламхан, Мақсат Байжанов, Азат Нұрғалиев секілді тәжірибелі қазақтың қара домалақ жігіттері сирек еді. Айтайын деп тұрғаным кемсіту емес. Дегенмен де бұл ойыншылар қазіргі таңда жанкүйер қауымның аузында жүргендер.
Қарсылас командаға келетін болсақ, әрине көпшіліктің көз жүгіртуі сол құрамадағы аты шыққан ойыншы. Саралай келе Стефан Йоветич, Стефан Савич секілді ойыншылар еуропаның аты шулы, тарихқа толы клубтардың бірінде өнер көрсетеді. Бірақ біздің футболшыларымыз Еуропаның белді командаларына жататын «Атлетико» Мадрид, «Бенфика», және «Селтик» сияқты ұжымдармен жасыл алаңға шығып, тартысты бәсеке көрсеткен.
Қорытындылай келе, биылғы маусымда қазақ бапкері тізгінді қолына ұстағаннан бастап отандық футбол біраз жанданайын деді. Сонымен қатар ұлттық құрама сапында қазақтың қара жігіттерінің саны көбейе түсті.
Мәди МҰХАМЕДҚАЛИ