Ағылшын Премьер-Лигасы. "Ливерпуль" тоқырауда

02.11.2014, 04:57
Ағылшын Премьер-Лигасы. "Ливерпуль" тоқырауда
Фото "Ньюкасл" - "Ливерпуль" - 1:0. Премьер-лига. 10 тур Маусымды сүреңсіз бастаған "Ньюкаслдың" жағдайы біртіндеп түзеліп келеді. Аптаның ортасында олар Лига Кубогының аясында, "Манчестер Ситиді" қонақта тізе бүктірген еді. Ал, бүгін чемпионат матчында өз алаңында "Ливерпульді" 1:0 есебімен ұтты. Дөрекілікке толы жан алып жан беріскен ойында матч тағдырын Симон Миньоле қақпасына бағытталған бір соққы шешті. Қарсылас айып алаңындағы қарбаласты, Мореноның қателігін пайдаланған Айосе Перес матчтағы жалғыз голдың авторы атанды. "Ливерпульды" сылбыр ойнады деуге келмес. Бірақ, бірнеше ұтымды мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Қалай пайдалансың, шабуыл шебінде қақпаның қайда екенін шатастырып жүрген Балотелли бар кезде. Сонымен, былтырғы маусымның күміс жүлдегері 14 ұпаймен турнир кестесінің жетінші орнында тұр. Ньюкасл—Ливерпуль1:0 (0:0) Гол: Айосе Перес, 74 Премьер Лига: Арсенал 3-0 Бернли. Отчёт Арсен Венгер шәкірттері қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Алғашқы таймда қанша шабуылдаса да, қақпа кілтін таба алмай қойған. Екінші таймның 70-ші минутында ғана есеп ашуға мүмкіндік алды. Чемберстың оң қанаттан әуелете асырған добын, Санчес басымен қақпаға дарытты. Ізін суытпай "Эмирейтс" стадионына жиналған 60000 көрерменнің қуанышына орай, "Арсенал" екінші голын да салды. Гол авторы екі минут бұрын ғана нәтижелі пасымен көзге түскен Чемберс. Нүктені матчтың үздік ойыншысы Алексис Санчес қойды. Қарсылас айып алаңында бірінші допты қабылдап, соққы жасауға ыңғайлап, еш қиындықсыз-ақ Хитон қорғаған қақпаға допты бағыттай салды. Есеп-3:0! Арсенал—Бернли 3:0 (0:0) Голдар: Санчес, 70, 90+1, Чамберс, 72 "Челси" лондондық дербиде қарсыласты сан соқтырды. Мүмкін, ойынның есебі бір қарағанда тартысты өткендей сезілер, бірақ ол алдамшы сезім. Жозе шәкірттері бар мүмкіндіктерінң жартысын да қоспай-ақ жеңді. 32-ші минутта голға айналар пастардың королі Фабрегас, шеберлігінің арқасында Оскарға ыңғайлы пас берді. Ал, ол жойқын соққысымен допты алыс бұрышқа тоғытып есеп ашты. Екінші таймда "КПР" күтпеген жерден гол салды. Қонақтардың үздік шабуылшысы Чарли Остин, Лерой Фердің пасынан кейін есепті теңестірді. Әрине, Челси үшін бұндай матчта ұпай бөлісу қасіретпен пара-пар. Осыны түсінген "ақсүйектер" шабуылға лап қойды. 74-ші минутта Азар пенальти еншілеп, оны өзі орындап командасына 3 ұпайды алып берді. ЧелсиКПР 2:1 (1:0) Голдар: Оскар, 32, Азар, 75 — Остин, 62 Маусымның жаңалығы "Саутгемптон" қонақта "Халл Ситиді" 1:0 есебімен жеңіп, қатарынан үшінші рет 3 ұпаймен қанжығаны майласа, Мартинес баптайтын "Эвертон" өз алаңында "Суонси Ситимен" ұпай бөлісті. Лестер Сити-Вест Бромвич-0:1 Сток Сити-Вест Хэм-2:2

Турнир кестесі 

1  ЧЕЛСИ 10 8 2 0 26-10 26
2  САУТГЕМПТОН 10 7 1 2 21-5 22
3  МАНЧЕСТЕР СИТИ 9 5 2 2 19-10 17
4  АРСЕНАЛ 10 4 5 1 18-11 17
5  ВЕСТ ХЭМ 10 5 2 3 19-14 17
6  СУОНСИ СИТИ 10 4 3 3 13-10 15
7  ЛИВЕРПУЛЬ 10 4 2 4 13-13 14
8  МАНЧЕСТЕР ЮНАЙТЕД 9 3 4 2 16-13 13
9  ЭВЕРТОН 10 3 4 3 19-17 13
10  ВЕСТ БРОМВИЧ 10 3 4 3 13-13 13
11  НЬЮКАСЛ 10 3 4 3 11-15 13
12  СТОК СИТИ 10 3 3 4 10-12 12
13  ХАЛЛ СИТИ 10 2 5 3 13-14 11
14  ТОТТЕНХЭМ 9 3 2 4 11-13 11
15  АСТОН ВИЛЛА 9 3 1 5 4-14 10
16  КРИСТАЛ ПЭЛАС 9 2 3 4 13-16 9
17  ЛЕСТЕР СИТИ 10 2 3 5 11-16 9
18  САНДЕРЛЕНД 9 1 5 3 8-17 8
19  КПР 10 2 1 7 9-20 7
20  БЕРНЛИ 10 0 4 6 5-19 4

 

Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×