Әлем футболындағы елеулі жаңалықтар

07.01.2015, 03:53
Әлем футболындағы елеулі жаңалықтар
Түркияның "Галатасарай" клубының жартылай қорғаушысы голландиялық Уэсли Снайдер кәрі құрлықтың біршама белді клубтарына керек болып тұр. Тіпті, 2010 жылы "Интерде" Жозе Моуриньодың баптауымен Чемпиондар Лигасын жеңіп, сол жылы Голландия ұлттық құрамасымен Әлем чемпионатының финалына дейін шығып, Алтын Допқа үміткер атанған бұл шебер футболшының Түркияның алдынғы қатарлы клубы болса да, Еуропаның ортаң қол командасы "Галатасарайда" ұзақ қалғаны түсініксіз. Бүгінде Снайдерге "Ювентус" пен "Манчестер Юнайтед" қызығушылық танытып отыр. Бірақ, "Ювентус" пен "Галатасарай" басшылығы келісімге келе алмаған соң, іске "Манчестер Юнайтед" кірісті. Ағылшындардың бас бапкері Луи ван Гаал бұл футболшымен жақсы таныс екенін білеміз. Былтыр жазда Әлем чемпионатында Голландияның жартылай қорғанысын сеніп тапсырғаны есімізде. Түркиялық клуб Снайдерді 20 миллион еуроға бағалап отыр. Осы маусымда Түркия чемпионатында 15 ойын өткізіп 3 гол салған. Кезінде "Портуда" жасындай жарқылдаған, бүгінде "Интердің" футболшысы колумбиялық Гуарин осы трансферлік маусымда клуб ауыстыруы әбден мүмкін. Оның айқын дәлелі, бас бапкер Роберто Манчини бұл футболшыны негізгі құрамға қосқысы келмейтіні жайлы айтқан сөзі. Бұл футболшыға Испанияның "Севилья" мен "Валенсия" клубтары қызығушылық танытып отыр. Екеуі де ішкі біріншілікте Чемпиондар Лигасына жолдама берер орынға таласып жатқандықтан бір-бірімен Гуарин секілді талантты ойыншыны командаға қосуға әбден таласары түсінікті. Ал, Гуарин 11 миллион еуроға бағаланып отыр. Ендігі мәселе, қай клубтың тиімді ұсыныс жасайтынында. Жақында ғана "Романың жартылай" қорғаушысы Раджа Наингголан Ағылшын Премьер-Лигасында ойнағысы келетінін айтқан болатын. Ал бүгін белгиялық футболшыға "Ливерпуль" қызығып отырғаны белгілі болды. "Қызылдардың" бас бапкері Брендан Роджерс клуб басшылығы тарапынан команда сапын нығайтуға біршама қаржы алды. "Ливерпульдің" ақсайтын тұстары қақпашы, тіреуші жартылай қорғаушы және шабуылшы позициясы. Бұл жас футболшы қорғанысқа да жауап бере алатын жартылай қорғаушы. Джерардтың да көп қателіктер жіберетінің ескерсек, командаға жартылай қорғанысты мығымдайтын жақсы футболшы керек. Соның бірі Наингголан. Белгиялықта "қызылдарға" тән қайсар мінез де бар. Сондықтан, Брендан қалай болмасын футболшыны команда сапына қосуға тырысады. Бірақ, басты проблема "Манчестер Сити" де Наингголанды шақырғысы келеді. Футболшы бұл маусымда А сериясында "Рома" сапында 16 рет алаңға шығып, 3 рет гол салған. Батысты белді БАҚ-ның сөзі мен жазбасына сенсек, швейцариялық Джердан Шакири мансабын Италияда жалғастыратыны белгілі болды. "Интер" мен "Бавария" басшылығы футболшыны жалға беру жайлы келісімге келіпті. 23 жасар жартылай қорғаушы жақын арада Италияға барады. Жалға беру мерзімі жарты жыл. Реалға Тони Кроос келгелі бері Сами Хедираның негізгі құрамда алаңға шығуы азайды. Әрине, бұндай кезде футболшы клуб ауыстыру жайлы ойланатыны түсінікті. Хедираны Еуропаның біршама белді клубтары құшақ жая қарсы алады. Көбіне Сами секілді жартылай қорғаушы аудай қажет. Іске белсене "ПСЖ" кіріскен секілді. Осы айда-ақ француздар оны сапқа қосқысы келеді. Естерінізге сала кетсек, неміс футболшысына "Манчестер Сити", "Челси" және "Арсенал" да қызығушылық танытып отыр.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×