"Алтын допқа" үміткер үш футболшы анықталды

03.12.2014, 03:26
"Алтын допқа" үміткер үш футболшы анықталды

Футболдан 2014 жылғы әлемнің үздік ойыншысын анықтау мақсатында ФИФА мен «France Footbal» журналы «Алтын допқа» үміткер үштікті жариялады. Олардың қатарында соңғы жылдардағы дәстүрлі кандидат Криштиану Роналду мен Лионель Мессиден бөлек «Бавария» қақпашысы Мануэль Нойер бар.

Месси мен Роналдудың бұл тізімде болатыны айтпаса да түсінікті жағдай. Сондықтан үшінші үміткер міндетті түрде Германия құрамасының бір футболшысы болу керек еді. Құрама бапкерлері мен каптиандардың пікірі бойынша бұл атаққа лайықты деп әлем чемпионатының үздік қақпашысы Нойер таңдалып алыныпты. Айтпақшы, УЕФА президенті Мишель Платини жақында «Алтын доп» әлем чемпионы атанған Германия құрамасының бір футболшысына берілу керек деген еді. Бірақ Платинидің бұл пікірімен мадридтік «Реалдың» өкілдері келіспейтіндерін жеткізген болатын. Өйткені, олардың ойынша жылдың үздік ойыншысы команданың нәтижесіне емес, футболшының көрсеткен жеке шеберлігіне берілу керек дейді. Сондықтан «Алтын допқа» Криштиану Роналду лайық деп отыр. Былтырғы жылдың үздік ойыншысы Криштиану үшін Бразилиядағы әлем чемпионаты сәтсіз аяқталды. Португалия топтан шыға алмады. Алайда, Роналду клубтық тұрғыда өзінің ең сәтті маусымдарының бірін өткізді. Сөзсіз «Реалдың» көшбасшы ойыншысы. Чемпиондар лигасының 2013-2014 жылғы маусымында рекорд жаңартып үздік сұрмерген атанды (11 ойында 17 гол). Сондай-ақ Испания чемпионаты мен ел кубогында Мессиден озып кетті. Соның нәтижесінде Еуропаның ең үздік бомбардирі ретінде «Алтын бутсыға» ие болды. «Рела» өз тарихында 10-шы рет Чемпиондар лигасында топ жарды. Ал, жаңа маусымда Мадрид командасы УЕФА Суперкубогына қол жеткізді. Роналду «Севилья» қақпасына екі доп соқты. Қазіргі кезде өзінің керемет спорттық бабында. Испания чемпионатының алғашқы 12 турының қорытындысы бойынша 20 голдың авторы атанып отыр. Нойер соңғы 8 жылда үздік үштікке енген алғашқы қақпашы. Соңғы рет үштіктің қатарында 2006 жылы әлем чемпионы атанған Джанлуиджи Буффон болған еді. Ал жалпы, тарихта қақпашылардың арасында мұндай бақыт тек 1963 жылы Лев Яшинге бұйырған. Германия қақпашысы соңғы қорғаушы ретінде де ойнай алатанын білеміз. Үнемі әріптестерін демеп отырады. Месси жылдың басында аса жоғары деңгейде көріне алмады. Бірақ Бразилиядағы әлем чемпионатында Аргентина құрамасын финалға дейін жеткізді. Мундиальдың үздік ойыншысы атанды. Дегенмен оның «Алтын доп» алуы сол кезде үлкен пікірталас тудырды. Ал жаңа маусымды жақсы бастады. Бір апта бұрын Испания чемпионаты мен Чемпиондар лигасының тарихындағы ең үздік сұрмерген болды. Алайда жыл футболшысы атануға бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. «Алтын доптың» иегері 12 қаңтарда Цюрихтегі марапаттау рәсімінде білетін боламыз.   Бек Төлеуов
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×