Жасыл алаңның Да Винчиі

03.12.2014, 02:51
Жасыл алаңның Да Винчиі
Қазан айының соңғы күнінде әйгілі Марко Ван Бастен 50 жасқа толды. Кез келген «Милан» жанкүйері үшін оның орны бөлек. Ван Бастен «россонеридің» тарихындағы ең атақты легионердің бірі десек жаңылыса қоймаспыз, әсте. «Миланның» жалпы тарихындағы ең үздік ойыншы кім деген сұраққа көпшілігі Риверу, Барези немесе Мальдиниді емес, дәл осы голландықты атайды. Оның есімін клубтың немесе құраманың барлық кезеңіндегі символикалық құрамынан табуға болады. Марконың футболшы ретінде карьерасын аяқтағанына 20 жыл болды. Соған қарамастан «Сан-Сиро» стадионында оның есімі әлі күнге дейін өзгелерден қаттырақ естіледі. Ол – жергілікті тұрғындар үшін ұмытылмас тұлға.
Талантымен талайды мойындатқан жұлдыздың елу жасқа толған мерейтойына орай оның басынан өткен ең қызықты сәттерді оқырман есіне тағы да бір салуды жөн санадық. * Ван Бастен туралы әңгіме бастағанда оның бала кездегі денсаулығы туралы айтпай кету күнә болар. Бұл жайға бірде-бір БАҚ соқпай кеткен емес. Біз де сол қалыптан жаңылмайық. Марконы 14 жасында әкесі ауруханаға тексерістен өтуге ертіп келеді. Дәрігер балаға ерекше диагноз қояды. «Егер 20 жасыңда арбаға таңылып, мүгедек болғың келмесе футболды таста. Ал таза футболсыз өмір сүре алмаймын десең, аптасына бір рет ойнап тұруыңа болады. Бірақ кәсіби футболшы болам дегенді мүлдем ұмыт» дейді. Үлкен арманы енді-енді орындалып келе жатқанда мынадай сөз есту оған ауыр тиеді. Тіпті, көз жасына ерік береді. Дегенмен әкесі дәрігерге ештене айтпайды. Кабинеттің есігін жауып,сыртқа шыққаннан кейін баласына: «Бұл әңгімені ешқашан естіген жоқсың, барлығын ұмыт» дейді. * «Милан» клубының қожайыны Сильвио Берлусконидің голландиялық футболшыны сатып алуы тіптен қызық. Президенттің алдында скауттар төрт футболшының ойыны түсірілген кассетаны алып келеді. Біз сөз етіп отырған кейіпкерден бөлек Иан Раш, Юрген Клинсманн, Олег Протасов болған екен. Сильвио үйінде отырып, бейнетаспаны жақсылап қарамақшы болады. Қолына түскен бірінші кассетада Ван Бастеннің голдарын көріп, қалған үшеуіне мән бермеген көрінеді... Ван Бастеннің үлкен футболға алғаш араласуы ерекше символикалық түрде болған. «Аякстің» кезекті бір ойынында бас бапкер оған мүмкіндік беруді жөн санайды. Екінші таймның соңғы минуттарында Голландия футболының тірі аңызы, сол кезде карьерасын аяқтауға жақын жүрген Йоахан Кройфты алмастырады. Символикалық эстафета өте сәтті жалғасады. Өйткені Кройф секілді Марко да «алтын допты» үш рет еншілеген еді. Сондай-ақ дәл сол жолы кәсіби спорттағы алғашқы голын соғады. * Әлі күнге «Миланның» үйдегі ойындарында жанкүйерлер Marco Unico (ғажайып Марко) деген баннер алып шығады. Мұның бәрі Ван Бастеннің құрметіне. Бұл баннер «Милан» командасы «Сан-Сирода» қай уақытқа дейін ойнайды соған дейін тұра бермек. * Ван Бастен «Алтын допты» үш рет ұтып алды (1988, 1989, 1992). Оның біреуін ата-анасына, екіншісін өзіне көп көмегі тиген Сильвио Берлускониге сыйласа, үшіншісін естелік ретінде өзінде қалдырған екен. Сол «Алтын допты» тапсыру кешінде өзге бәсекелестерінің алдында кешірім сұрайтын көрінеді. Мысалы, 1989 жылы кейбір спорт жанкүйерлері мен футбол мамандары бұл сыйлыққа Франко Барези лайық еді деп талқыға салады. Соны естіген Марко марапаттау рәсімі кезінде қолын алып, кешірім сұрапты. Ал 1992 жылы Христо Стоичковқа «мен өз даусымды саған бергенмін» деп айтқан дейді. * Марко спортшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Йоп Ван Бастен ХХ ғасырдың орта тұсында Голландиядағы танымал футболшылардың бірі болған. Анасы Лени Ван Дер Борг – гимнастикамен айналысып, жоғары жетістіктерген жеткен. Жақында Йоп Ван Бастен дүниеден өтті. Бұл қаза футболшының жанына қатты батты. Көп уайым шегіп, денсаулығы нашарлап кеткен. Сондықтан АЗ клубының бас бапкерлегінен уақытша бас тартуға тура келді. Ван Бастен «Милан» сапында үш рет покер (бір матчта төрт гол) жасапты: 26.10.1988. Чемпиондар кубогы. «Милан» – «Витоша» – 5:2 08.11.1992. Италия чемпионаты. «Наполи» – «Милан» – 1:5 25.11.1992. Чемпиондар лигасы. «Милан» – «Гетеборг» – 4:0 Ал «Милан» жейдесін киіп жүріп жеті рет хет-трик жасаған. * Ол футбол тарихындағы ең әдемі голдардың бірін соққан ойыншы ретінде де тарихта қалды. Бұл гол 1988 жылғы Еуропа чемпионатының финалында КСРО мен Голландия арасындағы матчта соғылды. Марконың осы ойында соққан керемет голы «қызғалдақты елге» кубокты жұлып әперді (2-0). Бірінші гол тағы бір голландиялық мықты футболшы Рууд Гуллиттің еншісінде. * Ван Бастен пенальти орындаудың да шебері болған. Оның өзіне тән стилі болды. Шабуылшы «Милан» сапында 33 пенальтиді сәтті орындаған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пенальти соғудан 92,3% пайыз көрсеткішке ие. * Марконың айтуы бойынша, оның спорттық карьерасында ең мықты тасқамал қорғаушы Юрген Колер болған екен. Неміс футбошысы «Бавария», «Ювентус» және Германия құрамасында ойнаған кезде Ван Бастенге қарсы бірнеше рет өнер көрсеткен. * Ван Бастеннің кезінде «Миланда» тағы бір Марко есімді шабуылшы болған. Тегі – Симоне. Сол футболшыны Италия журналистері: «Екінші Марко», «Қосалқы құрамдағы Марко», «Маркоауыстырғыш» деп, неше түрлі атпен күлкіге айналдырады екен. Өйткені голландиялық футболшы ойнаған тұста ол негізгі құрамға іліге алмай, алаңға тек соңғы минуттарда ғана шығатын көрінеді. * Сүйікті хоббиі – гольф ойнау. Ол өз еркімен неше түрлі қайымдырылық шараларына қатысып тұрады. Тіпті, арасында жеңіске жеткен кездері де бар. Әлі күнге қолына таяқ ұстаудан тартынған емес. Кей кездері мұндай гольф-турнир «Миланда» да өтеді. Оған, әрине, міндетті түрде Марко шақырылады. * Милан қаласының дербиінде Ван Бастен үш рет мергендік танытқан. Әр ойында бір голдан соғып отырған. Әсіресе, есте қалатыны 1990-1991 жылғы маусымда баспен соққан добы, бұл шешуші гол болды. * Нидерландының супер шабуылшысы 1986 жылы «Алтын бутсы» сыйлығын ұтып алады. Бұл жүлде бір жылда ең көп гол соққан футболшыға беріледі. Оның көрсеткіші сүйсінерліктей еді. Марко сол жылы 26 ойында 37 гол соғып, сұрмерген атанған. * Көпшілік жанкүйерлердің есінде болса, ол алғаш Италия чемпионатына ауысқан жылы жарақатына байланысты тек 11 ойынға қатысып, үш гол ғана соғады. «Миланның» Скудеттодағы көптен күткен жеңісіне оның қосқан үлесі онша емес деген әңгіме болды. Бірақ соған қарамастан оның «Эмполи» (1:0) және «Наполимен» (3:2) болған ойындағы екі аса маңызды голы турнирде жеңіске жетуге жол ашқаны рас. * Марко – үш баланың әкесі. Екі қызы және бір ұлы бар. Қыздарының есімі – Ребекки мен Анжелики. Ұлының атын Александр деп қойған. Жан-жары Элисбет Ван Каппелевин. Онымен 1992 жылы туған жері Утрехтте той жасап, шаңырақ көтерген. * Бұл тағдырды қойсаңшы. Ван Бастен А сериясындағы бірінші және соңғы голын бір ғана қақпашыға – Алессандро Нистаға соғыпты. Оның соңғы голын жанкүйерлер 1993 жылы 9 мамырда көрген еді. Ал карьерасындағы ең соңғы матч Чемпиондар лигасының финалында Францияның «Марселінен» жеңілумен аяқталды. * Диего Марадонаның «цитатаға» айналып кеткен керемет сөзі бар: «мен ешқашан Ван Бастеннен асқан сырбаз ойыншыны көрген емеспін. Әлемдегі ұлылардың ұлысы болатын сәтте гол соққыш машина істен шықты. Өкінішті...» Бұл екеуі бір дәуірде доп тепкен теңдессіз футболшылар. Тіпті, футбол королі атанған Пеленің өзін мойындамай жүрген Марадонаның бір алаңда, бір чемпионатта доп тепкен әріптесіне осындай баға беруі оның талантын мойындағаны деп түсінеміз. * Ван Бастеннің есімі бірнеше рет «Миланның» болашақ жаңа бапкерлерінің қатарында аталды. Бірақ ол әлі күнге туған жерінен аттап басқан жоқ. Осы уақытқа дейін бапкерлік қызметте Голландия құрамасын және «Аякс», «Херенвен», АЗ командаларын жаттықтырды. * Ван Бастен голды әдемі соғудың хас шебері. Гол болғанда да қандай голдар, әрқайсысы алтынға тең, стильдері де әр түрлі: баспен жүгіріп барып соғу, баспен айып алаңынан соғу, айып алаңының сыртында, допты жерге түсірмей дәлдеп тебу, жақын және алыс бұрыштан ыңғайына қарамай қалай келсе, солай соғу... Ал нағыз танымал голдары шалқалай бере жатып тебу еді. Ондай голды соңғы рет Швецияның «Гетеборгына» еңгізген. * Ван Бастен «Милан» сапында ойнаған сол кездегі жалғыз голландық емес. Онымен бірге әлгінде айтқан Рууд Гуллит пен Франк Райкард болды. Үшеуі «россонери» жанкүйерлерінің махаббатына бөленді. Нидерланды құрамасын да сол кездері өрге сүйреген осы үшеуі. Өткен ғасырдағы 80-жылдардың ортасы мен 90-шы жылдардың басында нағыз фантастикалық трио атанды. * Көп жылдарғы алған жарақаттары оны футболда көп жүргізбеді. Карьерасын ерте аяқтауға тура келді. Егер денсаулығы мүмкіндік бергенде әлі де бірнеше атаққа қол жеткізер еді. Марко футболмен1995 жылдың 18 тамызында қош айтысты. Бұл күні дәстүрлі түрде Луиджи Берлускони турнирі өтеді. Бірақ дәл сол жолы «Сан-Сироға» жиналған 85000 көрермен аталған жарысқа емес, сүйікті футболшысының қоштасу матчын көруге келген еді. Ван Бастен алаңға шыққанда ешкім бей-жай отыра алмады. Тіпті, темірдей тәртіптің адамы, ешқашан эмоцияға ерік бермейтін Дон Фабио Капеллоның өзі көзіне жас алды. Ал Адриано Галлиани: «футбол әлемі өзінің Леонардо Да Винчиінен айырылды» деп қалды. * Ван Бастенді алаңда ханзада деуге келмес. Керісінше, кірпияз, аяғын байқамай басып кетсең де есінен шығармайды. Міндетті түрде кегін қайтаруға алуға тырысады. Егер, қолынан келмесе, тілімен шағып алатын мінезі бар. 1990 жылы «Веронмен» болған матчта «Милан» ұтылып қалып Скудеттоны ұта алмады Голландиялық футболшы сол кезде төрешінің атына ауыр сөздер айтады, қызбаланып жүріп тәртіп бұзады. Ақыры соңында қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып тынады. * Голландия құрамасы сапындағы соңғы матчын ол ЕУРО-1992 турнирінің жартылай финалымен аяқтады. «Қызғалдақты елдің» құрамасы төрт жыл бұрынғы көрсеткіштерін қайталамақшы болған. Бірақ олардың жолына сол турнирдің сенсациясы болған Дания тұрды. Дат елінің футболшылары матч соңында пенальтиден жеңіске жетті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталған болатын. Нидерланды сапында пенальти соға алмаған басқа емес, Ван Бастеннің өзі еді... Жалпы, ұлттық құрама сапында 58 матч өткізіп, 24 рет мергендік танытыпты ұлы футболшы. * А сериясында Марко екі рет сұрмерген атанды. Алғаш рет 1989-1990 жылғы маусымда 19 гол соқса, екі жылдан кейін бұл көрсеткішін 25-ке дейін жеткізді. Голландия чемпионатында да төрт рет барлығынан көп гол соққан (1984-1987 жылдар аралығында). * Қазір күлкілі шығар. Бірақ Ван Бастенді «Милан» бар-жоғы 800.000 долларға сатып алған. Бұл трансфер «россонеридің» тарихындағы ең сәтті трансфердің бірі саналады. Голландиялық шабуылшыға Еуропадағы ең үздік командалардың басым бөлігі қызығушылық танытқан. Әсіресе, «Барселона»... * Марко Ван Бастенмен бірге жасыл алаңда өнер көрсеткен Қазақстандық бір футболшы бар. Ол – «Қайраттың» (Алматы) бұрынғы ойыншысы Фанас Салимов. 1983 жылы Мексикада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында КСРО мен Голландия жеткіншіктері жасыл алаңда кездеседі. Бұл ойында осы екеуі де гол соғады. Кездесудің қорытындысы бойынша Голландия 3:2 есебімен жеңіске жетеді. Жетістіктері: Командалық:  Нидерланды чемпионы: 1982, 1983, 1985 жылдары Нидерланды кубогының иегері: 1983, 1986, 1987 жылдары Италия чемпионы: 1988, 1992, 1993 жылдары Еуропа чемпиондары кубогының иегері: 1989, 1990 жылдары Клубтар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы: 1989, 1990 жылдары Еуропа Суперкубогының иегері: 1989, 1990 жылдары Ұлттық құрамада: Еуропа чемпионы: 1988 жылы Жеке жетістіктері: Нидерландының жыл футболшысы: 1985 жылы «Алтын бутсы» иегері: 1986 жылы «Алтын доптың» иегері: 1988, 1989, 1992 жылдары «World Soccer» журналы бойынша жыл ойыншысы: 1988, 1992 жылдары ФИФА тұжырымы бойынша жыл футболшысы: 1992 жылы Әлемнің үздік 100 футболшысының қатарына енген. Бек Төлеуов 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×