"Арсенал" - "Манчестер Юнайтед". Сараптама

22.11.2014, 04:41
"Арсенал" - "Манчестер Юнайтед". Сараптама
Сенбі күні Британия футболы әлемге қызықты матчты ұсынғалы отыр. "Арсенал"-"Манчестер Юнайтед". Бүгінде екі команданың да жағдайы мәз емес. "Арсеналда" жылдағы үйреншікті проблема болса, "Манчестер Юнайтед" былтыр тап болған құлдыраудан ес жия алмай жатыр. Жаттықтырушының клуб үшін қаншалықты маңызды болатынын біз сэр Алекс Фергюсон кеткесін түсіндік. Ол кеткелі 'қызыл сойқандар" сойқандық мінезінен айырылды. Тіпті, аутсайдер командалармен ойнаған күннің өзіңде, САФ кезіндегідей айқын басымдылық жоқ. Ол барда "КПР", "Вест Бромвичтерді" 4:0, 5:0 мен ойсыратып жүрсе, бүгінде әупірімдеп жүріп 3 ұпайды олжалайды. Мәселе, есепте де емес-ау, мәселе командадан "біз жеңімпазбыз!"-деген рухтың өшкені. Ван Гал сол рухты қайтаруға бар күшін салуда. Луи Ван Гал Мойес емес. Қайда келгенін, не істеу керектігін, айнала не күтетін түсінеді. Мойес секілді "желініп" кететін маман емес. Команда баяу болса да сатылап алға жылжып келеді. Иә, қағаз жүзінде "қызыл сойқандардың" құрамы мықтысы мықты. Әсіресе, шабуыл шебі. Ағылшынның үздік шабуылшысы-Руни, қай командада өнер көрсетсе де сұрмерген атанатын-Фалькао, Чемпиондар Лигасы финалының үздік ойыншысы-Ди Мария. Ван Перси, Мата... Ойласақ, сол "КПР"-ларды бұндай шабуылымен 15:0 ғып талқандау керек иә? Бірақ, бұл шабуыл қыркүйекте ғана құрылған жоқ па? Бір-бірін түсінісіп, бір-бірін теріс қарап тұрып-ақ ұғатын деңгейге жету үшін әлі біраз уақыт керек. Ойыншылардың ізбе-із жарақаттары да ван Галдың бар ойын жүзеге асыруға кедергі болып жүргені түсінікті. Жартылай қорғаныс пен қорғаныс бұл тұрғыдан көп зиян шегуде. Дэйли Блинд, Маркус Рохо, Люк Шоу, Майкл Кэррик, Рафаэль, Джони Эванс секілді футболшылар көбі зеңбірекшілермен болатын ойында алаңға шықпауы мүмкін. Бұған Фалькао, де Хеа, Ди Марияларды қосыңыз. Ван Галдың алаңға қандай футболшыларды шығаратыны өзге түгіл, өзіңе де жұмбақ шығар. "Арсеналға" әлем сенуден қалды. Әр маусымның басында: "осы жыл біздің алтыннан алқа тағатын кезіміз"-дейді де, маусым аяғында "Арсеналды" 4-ші орынға таласып жүрген жерінен бір-ақ ұстаймыз. "Венгер 2004-ші жылдан кейін ұйықтап қалыпты"-деген қалжың әңгімелер өрбіп жүр. Өзіңе сенбейтін команда қалай алтын тағады? Соңғы онжылдықта "Арсеналдың" бойына қорқақтық сіңген секілді. Алпауыттарға қарсы ойындарда оңай-ақ беріле салады. Атақты Анри, Перестер кезіңдегідей командада қайсар мінез жоқ. Орталық алаңды қарсыласқа толықтай береді. Рэмзи өшті, Артета мен Фламинидің "Арсеналда" не істеп жүргенін өз басым түсінбеймін. Артетаның деңгейі "Эвертон", Фламинидің деңгейі "былтырғы Милан". Уэлширді жарақаттар әбден мезі қылған. Арсен Венгер бұл проблемаларды көріп, білгенімен түзетуге қауқар жоқ. Бұл жылы да ештенке өзгерген жоқ. Жаңалық деп Алексис Санчестің келгенін айтуға болар. Бірақ, Санчес жоғарғы деңгейлі футболшы болғанымен, жалғыз өзі команда бойына сіңіп кеткен "қорқақты" аластата алмас. Негізі, букмекерлер "зеңбірекшілерді" фаворит санауда. Ол да негізісіз емес. Біріншіден, өз алаңында ойнайды, екіншіден Юнайтедте жарақат алған футболшылар өте көп. Әсіресе, қорғаныс ертеңгі ойында ең осал күйде шығуы мүмкін. Оған қоса Санчес те дін-аман. Жоқ жерден гол салып кететін чилилік шеберді осал қорғаныс тұсай алмауы мүмкін. Қалай болған күннің өзіңде Ағылшын Премьер-Лигасы қызықты матчты ұсынғалы тұр. "Арсенал" мен "Манчестер Юнайтед" арасындағы ойын ешқашан да іш пыстырған емес. Ертең де бұл дәстүр жалғасын табар деген тілек бар.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ        
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×