«Астана» ірі есеппен «Қайратты» ұтты

23.10.2014, 20:54
«Астана» ірі есеппен «Қайратты» ұтты
Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасының 23-туры аясында елордалық «Астана» футбол командасы өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады. Биылғы маусымда екі ұжым да чемпиондыққа  таласып жатқан командалар болғандықтан, футболшылар аянып қалмады. Төрешінің ысқырығы шалынғаннан кейін, ойынды қарқынды бастаған алматылықтар 5-минутта есепті ашты. Гол авторы Исаэл. Осыдан кейін алаң иелері алғашқы таймның соңына дейін Дмитрий Хомич қақпасының кілтін таба алмай дал болды. Десе де елордалықтардың орталық жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс екі минутта екі гол салып, командасын алға жетеледі. Ойынның екінші жартысында қонақтар есепті теңестіру барысында бар күштерін салды. Алайда 47-минутта Бауыржан Жолшиевтің керемет пасынан кейін команда капитаны Таңат Нөсербаев есепті 3:1-ге жеткізді. Үшінші голдан кейін Владимир Вайсс шәкірттері есеңгіреп қалды. 85-минутта Кетевоама командасының төртінші голын салса, кездесудің нүктесін 87-минутта Патрик Твумаси қойды. Қорытынды есеп 5:1. Станимир Стойлов жігіттері чемпиондыққа үміткер ұжымды айқын басымдықпен ұтты. Турнирлік кестеде «Қайрат» екінші орынға түсіп қалды. Ал көш бастаған елордалықтарда маусым соңына дейін төрт туры болса, «Қайратта» небәрі үш тур ойындары қалды.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×