Аутсайдерлер «ұйқысынан» енді оянды

19.07.2011, 17:48
Аутсайдерлер «ұйқысынан» енді оянды
Футболдан Қазақстан премьер-лигасы бірінші кезеңінің аяқталуына небәрі 12 күн қалды. Яғни енді екі турдан кейін үздік алтылық пен аутсайдерлер алтылығы анықталатын болады. Ал өткен демалыс күндері ел біріншілігінің 20-туры өтті. Бірден айта кетейік, 20-турда футболсүйер қауым тек төрт-ақ ойынның куәсі болды. Өйткені осы турдың орталық матчына баланған «Тобыл» мен «Ақтөбе» кездесуі Еуродода ойындарына байланысты маусымның 30-ында өткізілсе, «Ертіс» пен «Шахтер» матчы белгісіз мерзімге шегерілді. «Еуродода ойындары клубтарымыздың ғана емес, ел бірінші­лігінің де деңгейін көрсетеді. Сондықтан біз командалардың өтініштерін жерге тастамай, Еуропа лигасына тыңғылықты дайындалу үшін аталған матчтарды кейінге шегерген едік», – деп түсіндірді бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында Ұлттық футбол лигасының басшысы Михаил Гурман. Сонымен, Еурокубоктағы командаларымыз еуроаренадағы ойындарына дайындалып жатқанда елордамыздың «Астана-Аренасында» жергілікті «Астана» киелі қаламыздың «Таразымен» айқасты. Жалпы, «Тараз» өз ойынын енді таба бастаған секілді. Рас, турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. 12 команданың арасында 10-орында келе жатыр. Бірақ соңғы ойындары жаман болмаған секілді. Сырт алаңда «Ақтөбемен» тең ойнады. Талдықорғанда «Жетісуға» лайықты қарсылық көрсетті. «Астанаға» қарсы да тәуір ойнады. Тіпті елордадан бір ұпай алып кетуі де ғажап емес еді. Бәрін бас төреші Акмаль Холматов құртты. Ойынның соңғы минутында «жоқ жерден» қонақтар қақпасына пенальти белгілеген қызылордалық төреші бірден «Тараздың» қас жауына айналып шыға келді. Негізі, көпшіліктің талқысына ұшыраған бұл эпизод былайша өрбіген еді: алыстан соғылған соққыны қонақтар қақпашысы Рамиль Нұрмұхаметов қағып түсіргенімен, қолында ұстап тұра алмады. Дереу ентелей допқа жүгірді. Осы сәтте «астаналық» Максим Жалмағамбетов те келе қалған екен. Қақпашымызды қағып өтіп, өзі де құлай салды. Төрешіге де керегі осы болды ма, әйтеуір, ешкімнің сөзіне құлақ ас­пастан, 11 метрлік нүктені көрсетіп, жетіп келді. Шынын айтқанда, бұл жерде пенальти емес, керісінше, қақпашыға қарсы шабуыл жасалғаны үшін қонақтар айып добын орындауы керек еді. Тағы бір тартысты матч Талдықорғанда өтті. Мұнда да төреші пенальти белгіледі. Ал басты актердің рөлін өзбекстандық легионер Ұлықбек Бакаев сомдады. Мвесингамен соқтығысып қалып, қонақтардың айып алаңында керемет құлаған Бакаевтың бұл ерлігі, шынында, пенальтиге тұрарлықтай еді. Төреші емес, тіпті көрерменнің өзін сендіре құлаған Бакаев ақыры пенальтиді өзі орындап, есепті теңестіріп кетті. Бұдан кейін «жетісулықтар» қарқындарын үдетіп, 56-минутта Бакаев тағы да бір гол соқты. Бұл – өзбек легионерінің биылғы премьер-лигадағы 14-голы. Дәл қазір сұрмергендер тізімінде Ұлықбек жеке-дара көш бастап келе жатыр. Жете алар ешкім жоқ секілді. Ал «шахтерлік» Сергей Хижниченко маусым басындағы қарқынын жоғалтып алды. 20-турда, шыны керек, «Қайсар» таңғалдырды. Маусымаралық үзілісте «Ордабасыдан» Иван Перичті, «Ертістен» Виталий Головешкинді алдыртқан қызылордалықтар алғы шебін біраз күшейтіп алған секілді. «Қайратпен» болған ойында осы екеуі көсіле шауып, бір-бір голдан соқты. Алдымен серб шабуылшысы ойынның 13-минутында баспен гол соғып, есеп ашқан. Бұл жерде «Қайрат» қақпашысы Даниил Рихардтың қақпаны тастап, алға шығып кеткенін де ескерген жөн. Ал екінші голда Эдейпоның пасын сәтімен пайда­ланған Виталий Головешкин тек дубльдік командалар арасында ғана емес, премьер-лига ойындарында да гол соға алатынын дәлелдеді. Естеріңізге сала кетейік, бұл – ағылшын бапкері Джон Грегоридің «Қайраттағы» бесінші жеңілісі. Грегоридің жаттықтыруымен алматылықтар осы уақытқа дейін бес ойын өткізсе, соның екеуінде жеңіліп, екеуінде тең түсіп, бір ғана матчта үш ұпайға қол жеткізген екен. Біріншіліктің тағы бір аутсайдері «Восток» та жанкүйерлерін қуантты. Өз алаңында емес, түзде – Атырауда үш ұпай иеленген өскемендіктер биыл екінші жеңісіне қол созды. 20-турдың қорытындысы: «Астана» — «Тараз» – 1:0 Гол: Богавац, 90+3-пен. «Жетісу» (Талдықорған) — «Ордабасы» (Шымкент) – 2:1 Голдар: Бакаев, 43-пен. Бакаев, 56. – Төлебек 40. «Қайсар» (Қызылорда) — «Қайрат» (Алматы) – 2:0 Голдар: Перич, 13. Головешкин, 70. «Атырау» — «Восток» (Өскемен) – 0:1 Гол: Згура, 84. P.S. Бүгін ел чемпионы – «Тобыл» Чемпиондар лигасы екінші кезеңінің қарымта кездесуі аясында Словакияның «Слованын» қабылдайды. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×