Бірінші айналым бітуге жақын

19.07.2011, 17:51
Бірінші айналым бітуге жақын
Еурокубоктық бәсекелердің әсерімен еліміз Премьер-лигасының 20-тур кездесулері үш бөлініп, өткізілуде. «Тобыл» мен «Ақтөбе» өзгелерден бұрын, 30 маусым күні шеберлік байқасып үлгерсе, «Ертіс» пен «Шахтер» кездесуі кейінге шегерілді. Ал қалған сегіз команда күнтізбеде алдын ала белгіленген мерзімде алаңға шығып, өзара бәсекеге түсті. Көш басындағы қос мықты - «Астана» мен «Жетісу» бұл жолы да ұпайдан шашау шығармады. Сол сияқты, турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі тартыс та қыза түсуде. Екі бірдей белді ойыншысы жарақат алып қалып, «Таразбен» кездесу қарсаңында «Астана» ұжымы тығырыққа тірелгендей еді. Елордалық клубтың бас бапкері Хольгер Фах үшін Игорь Бугаевтың орны бөлек екені анық. Молдова футболының түлегі екі жылдан бері астаналықтар сапында үздіксіз өнер көрсетіп келеді екен. Ал жарақатына байланысты кездесуден шет қалған екінші ойыншы - Андрей Карповичтікі жанкүйер қауым үшін үйреншікті жағдай бола бастады десек қателеспейміз. «Астана-Аренадағы» ойынды алаң иелері әдеттегідей қарқынды шабуылдармен бастады, алдыңғы шепте команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиев белсене тер төкті. 8- минутта ол айып соққысын орындап, қақпашы Нұрмұхаметовті бір тексеріп алды. Қонақтардың да есеп ашар мүмкіндіктері болған еді. Өз кезегінде Милош Адамович пен Милан Йованович тамаша сәтті пайдалана алмай қалды. Соңғысы қақпашы Ненад Эричпен бірге бір шығып, қапы қалды. Бірінші кезеңнің соңғы минутында алаң қожайындары тағы бір өткір шабуылды өрістетіп, «Тараз» қорғанысын бұзып-жарды. Бірақ, бұл жолы да қонақтардың қақпашысы шеберлік биігінен көріне білді. Үзілістен соң астаналық бапкер ойынға тың футболшы - Анатолий Дорошты қосты. Алғашқы минуттарда белсенді қимылдаған ол, сәл кейінірек сылбыр тартты. Уақыт өте келе, тараздықтар да қарсы қақпа маңын жиі торуылдай бастады. 67-минутта Хольгер Фах тағы бір тың ойыншыны алаңға шығарды - Таңат Нөсербаевты Максим Азовский алмастырды. 80-минутта алаң иелері сапында тағы өзгеріс болып, Пірәлі Әлиевті Максим Жалмағамбетов ауыстырды. Бұл ретте неміс маманы тосын шешім қабылдап, қорғаушы Жалмағамбетовті шабуыл өтіне қойғанын айта кетейік. Дегенмен Фахтың бұл шешімі көп күттірмей-ақ жемісін берді. Ойынның соңғы минутында тараздық қақпашы Максим Жалмағамбетовті аяқтан шалып, төреші он бір метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге беттеген Драган Богавац ала допты «Тараз» қақпасында тулатты. Бірақ төреші Акмалхан Холматов соққының қайта орындалуын талап етті. Өйткені футболшылардың бірі төреші ысқырығынан бұрын айып алаңына шығып кеткен екен. Әйтсе де, Богавац екінші мүмкіндігін де мүлт жібермей, командасына жеңіс әперді. Есеп - 1:0. Кездесу соңында сөз алған «Тараздың» бас бапкері Воит Талғаев өз өкінішін жасырмады: «Командаң ұтымды нәтижені соңғы минутта қолдан шығарып алған сәтте ойын жайлы түсінік беру қиын екен. Мұндай жағдай біздің басымыздан осымен үшінші рет қатарынан өтіп отыр. Матч екі жақты өткір шабуылдармен өрбіді, біздің де, қарсыластарымыздың да гол соғар мүмкіндіктері тең болды. Басқаша айтсақ, бұл ойынның әділ қорытындысы - тең нәтиже еді. бірақ «Астана» жеңіске жетті, құттықтаймыз». Хольгер Фах, «Тараздың» соңғы уақытта жақсы ойнап жүргенін алға тартып, ол ретте «Ақтөбе» мен «Жетісуға» қарсы бәсекелерді мысал етті. Сөз арасында неміс маманы команданың сұр мергені Игорь Бугаевтың шамамен 6-8 апта бойы жарақатын емдейтінін тілге тиек етті. «Астана» ел біріншілігінің алғашқы кезеңіндегі соңғы екі ойынын сырт алаңдарда өткізеді. Алдымен 23 шілдеде Шымкенттің «Ордабасы» клубымен, одан кейін, 30 шілдеде талдықорғанның «Жетісуына» қарсылас атанады. Ал талдықорғандықтар 20-тур аясында «Ордабасыны» қабылдаған болатын. Кездесудің басында алаң иелері бірнеше жылдам шабуыл ұйымдастырып, жергілікті жанкүйерді желпінтсе де алғашқы голды соғу мәртебесіне қонақтар ие болды. Кездесудің 40- минутында шымкенттіктер сапындағы жиырма жасар футболшы Мардан Төлебек Логиновский қорғаған қақпадан саңлау тапты. Мұндайды күтпеген алаң иелері бірден есе қайтарудың амалдарын қарастырды және арада үш минут өткенде өзбек жігіті Ұлықбек Бақаевтың көмегімен, пенальтиден таразы басын теңестірді. «Ордабасы» ойыншылары гол авторын, өз айып алаңдарының ішінде шалып жыққан еді. Екінші кезеңнің басында алаң иелері тағы да гол соғар мүмкіндікті жіберіп алды. «Жетісудың» сапындағы жас ойыншылардың бірі Саят Сариев екі бірдей қарсыласын алдап өтіп, әріптесі Сергей Скорыхқа пас шығарған болатын. Бірақ оның соққысынан соң доп айып алаңындағы ойыншыларға тиіп, қақпаға жетпей қалды. Әйтсе де, алаң иелерінің 56- минутта ұйымдастырған шабулы өз нәтижесін берді. «Жетісудың» сұр мергені Ұлықбек Бақаев осы жолғы голын баспен соқты. Қорытынды есеп - 2:1. Өзбекстандық легионердің бұл биылғы еліміз біріншілігіндегі 14- добы екенін айта кетейік. Ол мергендер көшін жеке-дара бастап келеді. Нәтижелі соққы жөнінен екінші тұрған «Шахтердың» өкілі Сергей Хижниченконың еншісінде 11 гол бар. Қызылорданың «Қайсары» 20- турда Алматының «Қайратын» қабылдап, аса маңызды үш ұпайға қол жеткізді. гол авторлары - Иван Перич пен Виталий Головешкин. Соңғы аталған ойыншы қосалқы құрам командаларының бәсекесіндегі ең көп гол соққан шабуылшы болып табылады. Өскеменнің «Востогы» сырт алаңда «Атырауды» жалғыз доп айырмасымен ұтты. Бұл ойында Александр Згура гол соқты. 20 кездесуден кейін 44 ұпай жинаған «Астана» бұрынғысынша бірінші келеді. Жарыс кестесінде екінші тұрған «Жетісудың» еншісінде 43 ұпай. Одан кейінгі сатыларға жайғасқан «Ақтөбеде» - 37, «Шахтерде» - 36, «Ертісте» - 30 ұпайдан бар. Алайда «Шахтер» мен «Ертістің» өзге командалардан бір ойындары кем. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×