«Аякстi» аямады

29.09.2011, 18:24
«Аякстi» аямады
Осы аптада УЕФА Чемпиондар лигасы топтық кезеңiнiң кезектi ойындары өттi. Мәскеудiң “ЦСКА” клубы өз алаңында Италияның “Интер” клубынан 2:3 есебiмен ұтылды. Лиусио 6-минутта бұрыштан берiлген допты голға ұластырып, “Интердi” алға шығарды. Нәтиженi еселеудi көздеген Клаудио Раньери шәкiрттерi 23-минутта гол соғып тынды. Джампаоло Паццини қақпаға допты тобығымен түрте салды. Мәскеулiктер есiн содан соң ғана жиды. Сөйттi де, бiрiншi тайм бiтiп, төрешi қосқан қосымша уақытта Алан Дазгоев (45+3-минутта) есеп айырмасын қысқартты. 77-минутта Вагнер Лав есептi теңестiрiп, командасын жеңiлiстен құтқарған. Алайда Кристиан Кивудiң 90+2-минуттағы соққан тамаша голы “Интерге” үш ұпай әкелдi. “Бавария” Мюнхенге қонаққа келген “Манчестер Ситидi” 2:0 есебiмен жеңдi. Қос голды да Марио Гомес (38, 45+1-минутта) соқты. Италияның “Наполиi” өз алаңында испандық “Вильяреалды” да дәл сондай есеппен жеңдi. Марек Гамшик 15-минутта есеп ашты. Арада екi минут өткенде алаңдағы бас қазы Франк де Блекере “Вильяреал” қақпасына пенальти белгiледi. Эдинсон Кавани мүлт кеткен жоқ. “Жерлан” стадионында өткен “Лион” мен хорватиялық “Динамо Загреб” арасындағы тартыс та 2:0 есебiмен аяқталды. Алаң иелерi сапынан Бафетимби Гомис 23-минутта, Бакари Коне 42-минутта еншiсiне гол жазды. Мадридтiң “Реалы” голландиялық “Аякстi” аяған жоқ. Өз алаңында iрi есеппен жеңдi. Алғашқы голды 25-минутта Криштиану Роналду соқты. Сосын Кака 41-минутта, Карим Бензема 49-минутта қанжығасын майлады. Түркияның “Трабзонспоры” мен француздың “Лилль” клубы арасындағы ойын 1:1 есебiмен аяқталды. Мусса Гоудың 30-минутта соққан голынан кейiн қонақтар алға шыққан. Алайда жеңiс уыстан сусып кеттi. 75-минутта Густаво Кольманның нәтижелi соққысы командасын жеңiлiстен алып қалды. Румынияның “Оцелул” клубы өз алаңында португалдық “Бенфика” клубынан 0:1 есебiмен ұтылды. Жалғыз голды соққан – Бруно Сезар. “Манчестер Юнайтед” пен швейцариялық “Базель” арасындағы ойын тартыспен өттi. 3:3 есебiмен бiткен ойында “МЮ” сапынан Дэнни Уэлбек 16, 17-минутта қос доп соқты. Қарсыластың ұзап бара жатқаны қамшы болды ма, 58-минутта Фабиан Фрей доп айырмасын қысқартты. Артынша Александр Фрей (61,76-минуттарда) қос доп соқты. Сөйтiп, алға шыққан. Алайда 90-минутта Эшли Янг таразы басын теңестiрiп кеттi.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×