Баджо жайлы бір үзік сыр

23.02.2012, 22:08
Баджо жайлы бір үзік сыр
[caption id="attachment_10494" align="alignleft" width="212" caption="Роберто Баджо"][/caption]

 1994жылғы әлем чемпионатының финалы. Америка жерінде өткен дүбірлі доданың ақтық кездесуінде Бразилия және Италия құрамалары чемпиондыққа таласуда. Негізгі ойын 0-0есебімен тең аяқталған. Жеңімпазды анықтау үшін пенальтилер сериясына жүгінуге тура келді. Тағдырдың тәлкегімен Италия құрамасының соңғы пенальтиін орындауға Роберто Баджо шықты. Баджоның қателесуге қақы жоқ. Доп тебілді... Бұл жолы доп италиялық шабуылшыны тыңдамады. Қақпадан биік кетті. Бразилия чемпион....

    Кейбір футболшының бүкіл ойыншылық ғұмырын бір ғана сәтсіздік басып кететін жағдайлар болады. Сондай футболшының біреуі- Роберто Баджо.

    Италия футболы тарихындағы ең үздік ойыншылардың біреуі болған Роберто Баджо  1967жылы Виченца маңындағы Кальдоньо елді мекенінде, көп балалы отбасында  дүниеге келген. Робертоның ата-анасы сегіз баланы тәрбиелеп өсірген. Роберто да бала күнінде аға інілерімен бірге доп қуалап өсті. Бірақ оның футболға қызығушылығы басқаша болды.

     Өзінің футболшылық ғұмырын «Виченца» клубында бастаған. Көп ұзамай негізгі құрамның ойыншысына айналып үлгерген Роберто 1985жылы «Фиорентина»клубы сапына ауысты. Бұл клуб қатарында өткізген 5жыл ішінде, клуб жанкүйерлерінің ең сүйікті ойыншысына айналып үлгерді. Кейін «Ювентус» сатып алмақ болғанда сол жанкүйерлер Баджоны қалайда команда қатарында қалдыру керектігін айтып, клуб басшылығына шағымданған болатын. Сол кездегі ең қымбат трансферлердің бірі болды. Туриндік клуб Баджо үшін 19млн.долларын аямады. Баджоның «Ювентус» қатарындағы ең сәтті маусымдары басталып кетті. «Фиорентинадан» кейінгі бес жыл ғұмырын Баджо Туринде өткізді. Оның жұлдызы жанды сонда. Туриндіктер

[caption id="attachment_10495" align="aligncenter" width="480" caption="Роберто Баджоның бұрыштама соққысы қашанда кауіпті болған ..."][/caption]

көп ақша жұмсады десек те, Робберто керемет ойынымен ол ақшаны толығымен өтеп берді. Алғаш рет А серияның алтын медалін иемденді. Бір жыл ішінде әлем және Еуропаның  үздік ойыншысы атанды. Алаңдағы негізгі позициясы инсайд немесе негізгі шабуылшының артында ойнайтын  шабуылшы болды. Соған қарамастан Роберто көп гол соғатын. Стандарт жағдайлар Баджоның негізгі қаруының бірі болды. Айып соққыларын шебер орындайтын. Юве сапында 1994-1995жылғы маусымда  А серияның алтынын иеленген ол, сол жылы «Милан» клубына ауысуға мәжбүр болды. Милан қатарында да ел біріншілігінің алтынын жеңіп, 2жылда екі клубпен А сериясын жеңген алғашқы ойыншы болды. Баджо бүкіл футболшылық ғұмырын Италияда өткізді. Миланнан кейін «Болонья», «Интер», «Брешиа» сынды клубтарда ойнады. Қай команда да жүрсе де нағыз жетекші бола білді. Роберто Баджо Италия ұлттық құрамасы қатарында да 10 жылдай доп тепті. Үш бірдей әлем чемпионатына қатысып, италияндық аңыз ойыншы Паоло Россимен әлем чемпионаттарындағы гол санымен теңесті. Әлемдік додаларда Баджо мен италияндықтардың жолдары болмай ақ қойды. Үш чемпионатта да олар пенальтилер сериясында жеңіліс тауып, ойын соңындағы лотереяның құрбаны болды. Ал Баджо болса, үш әлем чемпионатында гол соққан бірегей футболшы ретінде тарихта қала берді.

      Роберто Баджо дегенде ең алдымен көз алдымызға ұзын шашын арқасына өріп қойған, мұңлы тұлға елестейді. Баджоның ұзын шашы негізінен оның діни сеніміне байланысты боп келеді. Бірнеше бақытсыздықтарға қатарынан тап бола берген Роберто досының көмегі арқылы Будда дінімен танысады. Осы дінді қабылдайды. Жаны жай тауып, осы сенімнен қуат алғандай болады. 1994жылғы финалда шешуші пенальти соға алмай қалғанда да Италия халқы оның сеніміне, шашына байланысты да біраз дау туғызғанды. Сол кезде өзін ақтау үшін Роберто «Мен Будда емес Баджомын. Мұсылмандар мен католиктер пенальтиден қателеспейді ме екен?», деп ақталғанды. Айта кетерлік бір жайт, Баджо пенальти тебуде өте жоғары нәтижеге, яғни 86%пайыз көрсеткішке қол жеткізе білген. Бұл да өзіндік рекорд. Алайда, біз оны финалдағы қисық тепкен пенальтиі арқылы танып жатамыз.

[caption id="attachment_10496" align="aligncenter" width="480" caption="Роберто Баджо ұлттық құрама сапында"]Роберто Баджо[/caption]

  Роберто Баджо ойын үстінде ақылды шешімдерімен, керемет пастарымен және әдемі голдарымен жанкүйерлер жүрегінен орын алды. Италиялық тиффозилер оны ел футболы тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі деп таниды. Интернет пайдаланушылар арасында өткізілген сауалнамалар Роберто Баджоны XX ғасырдағы ең үздік төрт футболшының қатарына кіргізген. Оның алдында Марадона, Пеле және Эйсебио.

      Роби күнделікті өмірде өте қарапайым. Бос уақытын отбасымен өткізеді. Жұбайы Андреина екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Баджо қай кезде де отбасының ол үшін маңызды екенін атап өтетін. Өзінің ата анасын қатты құрмет тұтатын да, оларды отбасылық өмірінде  өнеге тұтатын. Өзі Будда дінін қабылдаса да, отбасы католиктер.

     Италия футболының ғасырлар тоғысындағы ең үздік ойыншыларының бірі Роби Баджо өзінің соңғы ойынын 2004жылдың 28сәуірінде Испания құрамасына қарсы өткізді. Қазіргі күнде ол Италия футбол федерациясында техникалық директор қызметін атқаруда.

Жәнібек Әбіш

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×