БАЙЛАР ДА ФУТБОЛҒА ҚҰШТАР

20.04.2014, 19:28
БАЙЛАР ДА ФУТБОЛҒА ҚҰШТАР
 
Миллиардерлер арасында да меценаттар өте көп. Тапқан табысының қомақты бөлігін олар ел игілігі үшін жұмсап, халықтың ыстық ықыласына бөленуде. Дәулеті тасып, байлыққа шалқып отырғандар арасында спорт десе, ішкен асын жерге қоятын азаматтар да жетерлік. 

Солардың дені тек өздері қалаған спорт түрі немесе көңілі түскен саңлақтарға демеушілік көмек көрсетумен шектеліп қалмай, тұтас бір команданы толықтай қаржыландырып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын «Forbes» журналы сондай Атымтай жомарт жандардың тізімін жария етті. 

Тегі ливандық болғанымен, Мек­сикада туып-өсіп, бұл күндері сол ел­де өмір сүріп жатқан Карлос Слим 2010 жылы әйгілі Билл Гейтсті басып озып, әлемдегі ең бай адамдардың кө­шін бастаған еді. Содан кейін үш жыл бойы бұл тартыста ол ешкімге есе жіберген жоқ. Бірақ биыл жоға­рыда есімі аталған АҚШ азаматын қайта алға жіберіп, бай-ауқатты­лар тізімінде екінші орынға орналасты. Коммуникациялық индустрия сала­сын кәсіп еткен 70 жастағы қарияның жиған-терген қара­жаты шамамен 80-85 миллиард долларды құ­райды. Өз кәсібін дұрыс жол­ға қойғанының арқасын­да үлде мен бүлдеге оранып отырған Слим мырза осыдан бі­рер жыл бұрын үш бірдей футбол командасын өзінің қамқорлығына алды. Олар – Мексиканың «Пачу­ка» мен «Леон» және Испанияның «Реал-Овьедо» клубтары. Бірақ со­дан ол еш пайда көріп отырған жоқ. Тіп­тен салған қаржысының қайтатын түрі жоқ. Өйткені мексикалық маг­наттың сатып алған командалары азулы емес. Жасыратыны жоқ, Мек­сиканың ішкі біріншілігі ешкімді қызықтырмайды. Ал «Реал-Овьедо» болса, Испания чемпионатының төменгі топтарының бірінде өнер көрсетуде. Осылайша Слимның бі­раз ақшасы желге ұшты. Бірақ мил­лиардердің өзі олай деп есептемей­ді. БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттары­ның бірінде ол: «Мен қаржыны спорт­қа пайда көру үшін емес, сол жігіттер­дің ойынынан ләззат алу үшін құя­мын» деп жауап қайырды. Қазіргі кезде қа­рия Карлос Пиреней түбегіндегі тағы бір ортанқол команда – «Хетафені» сатып алуға құштарлық танытып жүр.

Есесіне қалтасынан шығарған қаражатты еселеп қайтарып, соның қызығын көріп отырған миллиар­дерлердің қатары қалың. Мәселен, Үндістанның «Reliance Industries» деп аталатын аса ірі өндіріс ошағын басқарып отырған 55 жастағы Му­кеш Амбани сол елдің премьер-ли­гасында өнер көрсетіп жүрген «Mum­bai Indians» крикет клубының қожайыны. Кілең жұлдыздардан жа­сақталған аталмыш команда қар­сыластарының барлығын қапыда қалдыруда. Ал үнді елінде айтулы спорт түрінің беделі аса зор екенін ес­керсек, Амбанидің де табысы тәуір екенін аңғару қиын емес.

Украинаның ең бай адамы – Ри­нат Ахметов тоқсаныншы жылдар­дың бел ортасында Донецкінің «Шах­тер» клубын сатып алған еді. Бүгін­гі таңда аталмыш команда өз елінің теңдессізі және қарт құрлықтағы бел­ді командалардың біріне айнал­ды. Ахметовтің арқасында Донецкі­де зәулім стадион бой көтерді. Ал осы­дан бірер жыл бұрын «Шахтер» Еуропа лигасы жолындағы жарыста дара шықты.

Ресейдің екі бірдей олигархы фут­болды жан-тәнімен жақсы көретін­дерін сөзбен емес, іспен дәлелдеп ке­леді. Атап айтсақ, Чукотканың бұ­рынғы губернаторы Роман Абрамо­вич 2003 жылы 140 миллион фунт стер­лингке «Челси» клубын сатып алды.

Бұл сол кездегі Англия футбол тари­хындағы рекордтық көрсеткіш еді. Роман Аркадьевич шебер ойыншылар сатып алу үшін қалтасынан тағы 100 миллион шығарды. Нәтиже көп күттірген жоқ. Лондондықтар бірте-бірте биік белестерді бағындыра бас­тады. Соңғы 10 жыл аралығында «Чел­си» премьер-лига сайыстарында 4 рет топ жарып, 4 рет күміс жүлде­гер атанды. Чемпиондар лигасы мен Еуро­па лигасының бас жүлдесін олжала­ды. Басқа да байрақты бәсекелерде­-дара шықты.

Ресей миллиардері Әлішер Усма­нов та Абрамовичтен қалыспауды мақ­сат тұтуда. Бұл күндері ол Лондон­ның «Арсенал» клубының 30 пайызға жуық акциялар пакетіне ие. Атақты команданы басы бүтін сатып алуға шалқыған байдың шама-шарқы же­тетіні анық. Сол жоспарын жүзеге асыру үшін ол бір-екі мәрте әрекет жасап та көрді. Алайда «Арсенал­дың» Әлішердің қоластына тұтастай өтуі­не өзге акционерлер қарсылық білдірді.

Ресейдің тағы бір атақты бизнес­мені әрі ықпалды саясаткері Ми­хаил Прохоров баскетболға қатты қы­­зы­ғады. Бұл күндері ол – Ұлттық бас­кет­бол лигасында бақ сынап жүрген «Brooklyn Nets» клубының қожайыны.

Соңғы кездері бай-ауқатты аза­маттардың футболға деген құштар­лығы күрт артқанын анық аңғаруға болады. Оған таңданудың реті жоқ. Себебі футбол әлемдегі №1 спорт түрі екені анық. Бұл өнер барлық құрлық­та, барлық мемлекеттерде қа­рыштап дамып келеді. Әлем және құрлық чемпионаты, Чемпиондар ли­гасы, Еуропа лигасы секілді жарыс­тарды тамашалау үшін шалқыған бай­дан бастап, сіңірі шыққан кедей­­ге дейін барын беруден тайынбайды.

Сол себепті де байлығы тасыған көп­теген бизнесмендер бұл спорт түріне қаржыны аямай құяды. Мәселен, ис­паниялық миллиардер Амансио Ортега Ла-Коруньяның «Депортиво» клубының көсегесін көгертемін деп жанталасып жүргеніне талай жыл­дың жүзі болды. Біраз әзірге нәти­же шықпай жатыр. АҚШ-тың әйгі­лі меценаты Джорж Сорос Ұлыбрита­ниядағы «Манчестер Юнайтедтің» біраз акциялар пакетін сатып алды. Үндістандық Лакшми Миттал Тұ­манды Альбион еліндегі КПР-ды қаржыландыруда. Франциялық Фран­суа Пино «Ренн» клубын жеке­шелендіріп алған. Америкалық оли­гарх Пол Аллен «Сиэтл Саундерс» (футбол), «Сиэтл Сихоукс» (америкалық футбол) және «Портленд Трэйл Блэй­зерс» (баскетбол) командаларының қожайыны. Аталмыш елдің Филл Ан­шутц сынды Атымтай жомарты Лос-Анджелестегі футбол және хок­кей клубтарына иелік етіп отыр. Италияның бұрынғы Премьер-ми­нистрі Сильвио Берлускони «Милан» клубын ширек ғасыр уақыт бойы басқарып келеді. Берлусконидің мәрт­тігі мен іскерлігінің арқасын­да миландықтар кезінде төрткүл дү­ние­дегі теңдессіз командалардың бірі­не айналды. Сондай-ақ мексика­лық Рикардо Салинас, норвегиялық Йон Фредриксен, германиялық Клаус-Михаэль Кюне, ресейлік Дмит­рий Рыболовлев пен Сулейман Керимов, жапониялық Хироси Микитани, колумбиялық Карлос Ардила Лулье, қытайлық Хуи Ка Янь және тағы бас­қа көптеген бай-шонжарлар бір-бір командадан сатып алып, соның қызы­ғы мен шыжығын көруде.

2008 жылы Біріккен Араб Әмір­лігінің корольдік отбасының мү­шесі, көптеген компаниялар­дың қожайыны, өз елінде түрлі басшы­лық қызмет атқарып отырған Мансұр ибн Зайд әл-Нахайян Англияның «Манчестер Сити» клубын сатып ал­ған болатын. Ол кездері аталмыш команданың жағдайы мәз емес еді. Манчестерлік футболшылар бірде төменгі, бірде жоғарғы топта ойнады. Алып бара жатқан жетістіктері де жоқ. Әйтеуір ала-құла ойын өрнегін көрсетіп жүрген командалардың бі­рі болды. Ал араб шейхы тізгінді қол­ға алған бетте қалалықтардың жағ­дайы күрт жақсарып, олар түрлі дода­ларда даралана бастады. Тарқатып айтсақ, 2012 жылы «Манчестер Сити» Англия чемпионы атанды. Бұл табыс­ты жергілікті жанкүйерлер табаны күректей 44 жыл бойы күткен екен. 40 жыл өткеннен кейін суперкубок­ті иеленді. Араға 38 жыл салып, Футбол лигасы кубогін олжалады. Ал биыл­ғы маусымда Мануэль Пеллегрини баптайтын команданың екінші мәрте чемпиондық атақ үшін таласуға мүм­кіндігі бар.

 

Міне, деректерден көп нәрсе аңға­руға болады. Алдағы уақытта да мил­лиардерлер мен миллионерлер спорт саласына қыруар қаражат құя­тыны анық. Сондай әрекеттердің ар­қасын­да бүгінгі таңда осалдық таны­тып жүр­ген командалар ертеңгі күні биік белестер­ден көрініп жатса, еш таңдануға болмай­ды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×