«Барселона» «Айнтрахтқа» жол берді, «Вест Хэм» 46 жылдан кейін жартылай финалға шықты

15.04.2022, 13:56
Жартылай финалға Германиядан екі клуб, Англия мен Шотландиядан бір клуб жолдама алды.
«Барселона» «Айнтрахтқа» жол берді, «Вест Хэм» 46 жылдан кейін жартылай финалға шықты

Бүгін, 14 сәуірде «Камп Ноу» стадионында Еуропа лигасының 1/4 финалындағы жауапты ойында «Барселона» «Айнтрахтты» қабылдады. Тартысты өткен матчта 2:3 есебімен франкфурттық клуб жеңіске жетті.

Есеп бірінші таймның басында ашылды. 4-минутта германиялық клубтың жартылай қорғаушысы Филип Костич пенальтиді сәтті орындады. 37-минутта шабуылшы Рафаэль Борре есепті еселеді. 67-минутта Костич дубль жасады. Екінші таймның қосымша уақытында «Барселонаның» жартылай қорғаушысы Серхио Бускетс мергендік танытты. 10 минуттан кейін «Айнтрахт» қақпасына белгіленген пенальтиді Мемфис Депай голға айналдырды.

Еске салайық, қос команда арасындағы алғашқы ойын 1:1 есебімен аяқталған болатын.

Лион қаласындағы (Франция) «Групама» стадионында «Лион» мен «Вест Хэм» арасындағы жауапты ойын өтті. Матч 3:0 есебімен англиялық клубтың пайдасына шешілді.

Кездесудің 38-минутында «Вест Хэм» қорғаушысы Крейг Доусон баспен гол соқты. 4 минуттан кейін Деклан Райс алыстан тамаша соққы жасап, командасының есептегі басымдығын екі голға жеткізді. Ойынның 48-минутында шабуылшы Джаррод Боуэн алаң иелерінің қақпасына үшінші голды соқты.

Осылайша, «Вест Хэм» екі матчтың қорытындысы (4:1) бойынша Еуропа лигасының 1/2 финалына шықты.

Бергамодағы (Италия) «Джевисс» (Атлети Адзурри) стадионында «Аталанта» «РБ Лейпцигті» қабылдады. Жауапты матчта германиялық клуб 0:2 есебімен жеңіске жетті.

«РБ Рейпцигтің» жартылай қорғаушысы Кристофер Нкунку 18-минутта есеп ашты. Ал 87-минутта Нкунку пенальтиді өз пайдасына жаратып, дубль авторы атанды.

Қос матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен басым түскен германиялық клуб жартылай финалға жолдама алды.

Глазгодағы Айброкс стадионында «Рейнджерс» пен «Брага» арасындағы кездесу өтті. Экстра-таймға ұласқан ойында шотландиялық клуб 3:1 есебін тіркеп, жартылай финалға берілетін соңғы жолдамаға иелік етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×