"Барселона" қайда барасың?

18.04.2014, 04:12
"Барселона" қайда барасың?
Бір аптадай уақыт бұрын, "Барселона" 3 турнирді жеңуге үміткерлер қатарында еді. Бүгін ше? Кешегі кубок те қолдан сусыды, Примьерада да алтынға қол жеткізу қиын-ақ. Сонау 2006-2007 жылғы маусымнан бері, "Барселона" Чемпиондар Лигасының  ширек финалын бағындыра алған жоқ. Үшінші маусым қатарынан, Чемпиондар Лигасының финалында өнер көрсете алмайды. Екінші жыл дәрменсіз. Өткен жылы жартылай финалда "Баварияға" қарсы, биыл "Атлетикоға" қарсы. Бара-бара топтық турнирден шыға алмайтын команда деңгейіне түсуі де ғажайып емес. Көз үйренген, шын жанкүйерлер өлдіге қимайтын, сүлдері қалған "Барcелонаны" қалай қайтаруға болады? Қандай өзгерістер керек? Проблема неде? Кейбіреулерге, біз "Барселонаны" жерлеп жатқандай көрінерміз. Әсте, олай емес. Адам болсын, ұжым болсын кейде белгілі бір деңгейге шығып, басқаға ол деңгейден түсу мүмкін еместей көрінеді. Сол сияқты, "Барселона" да Гвардиола кезіңде өзінен басқа ешкім жете алмастай көрінген деңгей жасап алды, ал қазір кез келген сүрінісі әлемді елең еткізеді. Қашып құтыла алмас, өзгерте алмас заңдылық. Шындыққа тура қарай алмайтын жандар, "Барселонаны" жеңілмейтін команда санайды. Іc жүзінде олай емес. Екі жыл бұрын "Челси", былтыр "Бавария", кеше ғана "Атлетико", түндегі "Реал Мадрид" "блаугрананың" бүкіл осалдығын көрсетіп берді. "Барселона"-тарихы бай, ұлы команда. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Әңгіме басқада. Католондықтар өздеріне қазған орға қайта-қайта түседі, жыл сайын проблеманы шешер нақты жоспар жоқ. Жоспар құрдымға кетіп жатады. Жыл өткен сайын атынан да, затынан да қорықпайтын, бір кездері жеңілместей көрінген команданың кілтін табатын ұжымдар көбейді. Басты проблема мотивацияда. Командада қайрат, жігер жоқ. Жан кешті ойын да жоқ. Месси былтырғы маусымдағы сәтсіздігін жарақатына сілтеп жуып-шайса, биылғысын немен түсіндірмек?  Проблемасы психологиялық қысымда, әлде еріншектікте. Жақында ғана; "-мен Әлем чемпионаты қарсаңында жарақат алып қалмауа тырысып жүрмін"- дегентұғын. Команда лидерінің бар ойы дәл бүгінгі таңда емес, 2 айдан соң басталатын Әлем чемпионатында болса, басқалардан не күтуге болады? Мүмкін Иньеста, Хавилердің бар ойы да Бразилияда болар. Бұл жерден тағы бір мәселе шығады. Байқасақ, Гвардиола кезіңдегімен салыстырғанда "Барселона" құрамы өзгерген жоқ. Жалғыз Неймардың келуі ғана жаңашылдыққа бет бұру. Уақытында кездескеннің бәрін тас-талқан еткен команда, сол аяқдопшылар. Бір маусымда 6 трофейді еншілеген сол баяғы "Барселона". Бір емес, бірнеше рет еншілеген турнирге бар күшті сарпылтқанша, әлемдік додаға күш сақтағаны шығар. Жаңашылдық жоқ. Бұл енді, "Барселона" басшылығының күнәсі. 2009-шы жылдары, бұрын әлемге ойыншы ретінде белгілі болса да, жаттықтырушы ретінде белгісіз Гвардиола кезіңде, бәзбіреулер; "бұл "Барселона" жаттықтырушысыз-ақ ойнай алады"- дегені есімізде. Оның қате тұжырымдама екенін өздері де мойындаған шығар. Гвардиола "Баварияға" кетсе де, артына мықты команданы жасақтап кетті. Сол команда жылдан-жылға прогресс деген дүниені ұмытса да, регрессті ұмытқан жоқ. Херарда Мартино атты жаттықтырушың әлемде бар екенін біз кеше ғана білдік емес пе? Оңтүстік Америка футболын жақсы білсе де, Еуропа футболынан хабары шамалы. Матч барысында талай-талай осалдығын көрдік. Былтырғы Виланова да, биылғы Мартино да жақсы жаттықтырушылар, бірақ "Барсаны" жаттықтыру үшін жақсы жаттықтырушы болу аздық етеді. Маусым аяқталған соң, Мартино орнынан кетуі мүмкін. Мартиноны шақырып, "Барса" тағы бір жолын жоғалтты, Бұл маман да үлкен жауапкершілікті ақтай алмады. Түптеп келгенде, бүгінгі "Барселонаға" жаңашылдық керек, "тики-така" көлеңкесінен шығып, тыңнан серпіліс беретін, футболшылардан жоғалған сенімділікті қайтарар батыл маман керек. Бұнсыз болмайды. Әйтпесе, бүгінгідей дәрменсідік қайталана бермек.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×