Бельгияны қайдам, Австрияны ұтамыз!

07.10.2011, 03:41
Бельгияны қайдам, Австрияны ұтамыз!

Лукаку, Ван Бюйтен секілді екі ойыншысы бар Бельгиядан қорқатын ештеңе жоқ. Кезінде ойнағанбыз. Пайперстің командасы қорғанысқа жатып алмай-ақ, тең түскен. Қарымта шабуылдап қыспаққа алған. Сергиенко қапталмен қайта-қайта қызыл сойқанның "қанын ішкен".

Бірақ одан бері талай заман өзгерді. Шторк келіп-кеткеннен кейін ұлттық құрамада түк қалмады. Тек жастар ғана шықты. Өткенде "Астана-аренада" ұтылдық. 0:2 есебімен. Сидельников 2 допты да дәл алдында тұрған қарсыласқа тосып бермегенде кім біледі жағдай басқаша болар ма еді? Сол жерде гол соққан да едік. Бірақ төреші санамай тастаған.

Қазіргі күні содан бері бір жыл өтті, өзгеріс баршылық. Футбол ешқашан бір орында тұрмайды. Үнемі қозғалыста. Алға-артқа. Беранек келгелі бері қорғаныс, жартылай қорғаныс секілді ойын жүйелері қалыптасты.

Гридин мен Қонысбаевтарды толықтай аша білді. Қонысбаев, Логвиненко, Нөсербаев, Остапенко секілді ойыншылар өздерін алаңда жақсы сезіне бастады. Бельгияға тура осы айтылған төрт ойыншы бармайды. Жарақат.

Қазақстанның жеңісіне 24,68 коэфицент беріп жатыр букмекерлер. Бельгияға 1,08. Өте төмен. Бұл сандарға қарап Бельгия 98,08 пайыз жеңіске жетеді деген сөзді анық аңғаруға болады. Мақұл жеңілсек жеңілейік. Барлығына реалисттік көзқараспен қарайық. Жеңіп жатса қарсы емеспін.

Ал енді өз алаңымызда Австрияны ұтуға болады. Тырысу керек. Әлгі айтқан төрт ойыншы Астанадағы матчқа қатысады. Әзірден бастап олар тынығып, дайындалып жатыр. Жақында ғана бас бапкері ауысты Австрияның. Бойы ұзын Арнаутович бар шабуылдарында. Қалғандары қырып-жойып бара жатқан дәнеңесі жоқ. Өзіміздің деңгей. Еуроны қабылдап сол кезде керемет өнер көрсеткенін елдің бәрі біледі. Содан кейін олар жайлы жақсы пікір қалыптасып қалған. ол аз уақытқа мөлшерленген турнир. Онда мотивация басқаша. Оның өз алдына психологиясы бар. Ал дәл қазіргі ойын іріктеу сыны.

Соңғы кездесуде есікті "тарс" жауып, келер іріктеуге дайындықты жақсылап бастау үшін бізге жеңіс қажет. Букмекерлер басында 6 коэфицент берген еді. Артынша екінші күні 5-ке түсірді. Жайлап коэфицент түсіп келе жатыр. Бұл "жақсылықтың" белгісі. Басқасын қайдам, Бельгияны қайдам мен өз басым Австриямен болатын кездесуді тағатсыздана күтемін. Биылғы 2011-жылғы футбол маусымындағы басты оқиға сол болады біз үшін.

Ермұхамед МӘУЛЕН

"Алматы Ақшамы" газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×