«Біздің құрама жақсы ойнады» дегенге кім сенеді?

30.03.2011, 19:08
«Біздің құрама жақсы ойнады» дегенге кім сенеді?

Польша мен Украина елдері бірігіп қабылдағалы отырған 2012-жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде гол соқпаған үш-ақ команда бар. Олар - Люксембург, Сан-Марино және Қазақстан. Ұпай олжалағаны былай тұрсын, қазір Қазақстан құрамасының футболшылары гол соқса екен деп тілейтін болдық. Бірақ ол қорғаныс шебі де жетісіп тұрмаған командамыздың шабуыл шегіндегі ойыншыларының қолынан келер емес. Чех маманы Мирослав Беранек тізгінін алған құрамамыз осы жолы Кайзерслаутернде Германия командасынан 0:4 есебімен ұтылды. Бұл кездесуді «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетіп, қазақ жанкүйеріне сый жасады. Кездесудің соңында комментаторларымыздың бірі «Қазақстан жақсы ойнады» деп салды. Бірақ қай тұста ерлегенімізді дөп басып көрсете аламыз ба? Бәлкім, екінші кезеңде жақсы ойнадық па? Өйткені бір-ақ гол жібердік қой. Қайдам?.. Бәсеке барысында әлемдік деңгейдегі саңлақтар саналатын Мирослав Клозе мен Томас Мюллер қос-қостан гол соқты. Неміс жеріндегі кездесу ұлттық құрамамыздың Еуро - 2012 іріктеу кезеңіндегі бесінші ойыны болатын. Біз үшін бұл кездесу жаңа бапкеріміздің қолтаңбасын тануымыз үшін маңызды еді. Өкінішке қарай, Беранек жасақтаған ұжымның өн бойынан тың өзгеріс таппадық. Әрине, чехиялық бапкердің іске енді ғана араласқанын білеміз. Бәлкім, сондықтан шығар деп сене тұрайық, ұлттық құрамамыз баяғы, ресейлік маман Леонид Пахомов бастап, әр жылдары Сергей Тимофеев, Арно Пайперс, Бернд Шторктер жаттықтырған кездегіден еш өзгерген жоқ. Жігіттеріміз неміс футболшыларының алдында тым дәрменсіз көрінді. Олар болмайтын жерде қателіктерге ұрынып жатты. Адуынды немістер қайта сабырлы ойнады, ашуға мінсе жағдай тіптен басқаша өрбіп, таблодағы сандардың екі еселене түсуі де ғажап емес еді. Дегенмен Мирослав Беранек қазақ жанкүйерлерінің көңілінен шыға алды. Өйткені ол алаңға алғашқы минуттардан-ақ Ұлан Қонысбаев, Азат Нұрғалиев, Қайрат Нұрдәулетов және Нұрбол Жұмасқалиевтей қазақ жігіттерін шығарды. Былай қарасаңыз, күлкілі. Бар болғаны төрт қандасымыздың шыққанына мәзбіз. Бірақ шыны керек, Шторктің кезінде бұған да зар болып қалғанбыз. Болашақтың командасын құрамын деп жалаулатқан неміс маманы өз ойын осы ғасырда жүзеге асыра алмасын ұқты ма, ұқпады ма білмейміз, алайда оның қазақ жігіттеріне келгенде қабақ тыржитқанын жақсы білеміз. Ол тіпті көпшіліктің сүйікті футболшысы, Қазақстанның алты дүркін үздігі атанған Самат Смақовтың өзін тізімнен сызып тастап, масқара жасаған-ды. Ал Беранек бұл мәселеде салиқалы маман екенін аңғартты, тәжірибесі мол ардагер ойыншылармен қатар, болашағынан үміт күттірер жастарға да командадан орын таба алды. Германияға қарсы бәсекеде осы тепе-теңдік сақталды. Алайда біз үміт артқан тәжірибелі футболшы Нұрбол Жұмасқалиев матч барысында мүлдем көзге түспеді. Ол қалың шаңның ортасында қалып қойғандай әсер қалдырды. Қырағы бапкердің Нұрболды екінші таймға шығармауы да түсінікті еді. Осы ойынға команда капитаны ретінде араласқан Қайрат Нұрдәулетов қолдан келгенше белсенді әрекет етті, әйтсе де жақсы өнерімен ерекшелене алмады. Жастарымыз Ұлан Қонысбаев пен Азат Нұрғалиевке де әлі көп еңбектену қажеттігін байқадық. Ал ойынға екінші кезеңнің ортасына таман қосылған Жамбыл Көкеев қазақ жанкүйерін тағы бір желпінтті. Германия құрамасының сақа ойыншыларынан бір мысқал да қаймықпайтынын қимыл-әрекетімен ұқтырған Жамбыл бойы екі метр Мертезакерді екі-үш рет шыр айналдырып, шыжбың қақтырды. Тағы бір сәтте ол өзінің ойында бар-жоғын ұмыта бастаған қақпашы Нойерді селк еткізді. Көкеев сол жақ қапталдан күтпеген соққы жасап, жергілікті жанкүйердің қошаметіне бөленді. Кездесудің екінші бөлігінде Жұмасқалиевтің орнына шыққан Мақсат Байжанов та жақсы қырынан танылды. Допты бақылауда еш асып-саспаған ол алдыңғы шептегі Хижниченкоға қателеспесем, екі рет тамаша пас берді. Бірақ өзімен-өзі ақ тер, қара тер боп жүгіріп жүрген Сергей Мақсаттың ойын түсіне алмай-ақ қойды. Иә, шабуыл өтіндегі жағдайымыздың тіптен нашар екені даусыз. Оған ішкі чемпионаттағы көрсеткіштер де дәлел бола алады. Ел біріншілігінде соғылған голдардың дені легионерлердің еншісіне жазылып жүргені шындық. Жоғарыда Еуро - 2012 іріктеу кезеңінде гол соқпаған үш команданы атадық. Люксембург пен Сан-Марино командаларымен Қазақстан құрамасын бір қатарға қоюдың өзі ыңғайсыз. Өйткені алақандай Сан-Марино мемлекетіндегі халықтың саны 40 мыңнан сәл ғана асады, Люксембургтегі тұрғындардың саны жарты миллионның ар-жақ, бер жағында. Ойынның соңына таман Мирослав Беранек Ресей чемпионатында доп тебетін Казбек Гетериевтің орнына шабуылшы Сергей Остапенконы шығарды. Бірақ Остапенко да асып бара жатқан өнерімен даралана алмады. Біздің құрама сапында Жамбыл Көкеев пен қақпашымыз Давид Лория жақсы бағаға лайық болды десек, қателеспейтін шығармыз. Кездесудің қарсаңында жарақат алып қалған Андрей Сидельниковтің орнын басқан Лория неміс ойыншыларының бірнеше қауіпті соққысын қайтарып, стандарттық жағдайлар кезінде де қырағылық танытты. Осы кездесуден кейін Германия құрамасы «А» тобы бойынша көш басындағы жағдайын мығым ете түсті. Йоахим Лев жаттықтыратын немістер бес ойында мүмкін болған 15 ұпайды шашаусыз жинады. Екінші сатыға Бельгия құрамасы көтерілді. Бұл команда өткен турда басты қарсыластарының бірі Австрияны сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіп кетті. Қазіргі сәтте аталған екі команданың да еншісінде жеті ұпайдан бар. Бірақ австриялықтардың бір ойыны кем. Төртінші сатыда алты ұпаймен Түркия құрамасы тұрса, одан кейін Әзірбайжан командасы келеді. Өткен жылдың қазан айында өз алаңында Түркия құрамасын жалқы доп айырмасымен ұтып, үш ұпай олжалаған осы ұжымнан кейінгі сатыны Қазақстан командасы ешкімге берер емес. Келесі кездесуін ұлттық құрамамыз 3 маусым күні өз алаңында өткізіп, Әзірбайжан елінің футболшыларымен шеберлік байқасады. Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×