Ойсырай ұтылсақ та, Еуропада ойнағанымыз жақсы!

30.03.2011, 19:09
Ойсырай ұтылсақ та, Еуропада ойнағанымыз жақсы!
«Футбол - бұл бұқаралық-саяси спорттың түрі және біз бұған барынша көңіл бөлеміз. Бөлінетін қаражат та аз емес. Алайда, осы бағытта айтарлықтай нәтиже жоқ. Мен негізінен алдағы уақытта қазақстандық футболдың Еуропада емес, Азия құрылығында болғанын қалар едім. Олай болса, біз қайсыбір матчтарды жеңіп, тіпті 1-6 орындар аралығы бойынша таласу мүмкіндігіне ие бола алар едік». Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов осындай мәлімдеме жасады. Сонымен қатар министр Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековпен бұл мәселе төңірегінде кеңірек әңгіме болып өтті. Әрине, министрдің пікірімен келіспеске болмас. Қисыны бар. Қарт құрлыққа ауысқалы бері Қазақстан жеңілістен көз ашпай келеді. Өйткені Азия аймағындағы құрамалардың шеберлік деңгейі өзімізбен шамалас. Сондықтан бір ұтылып, бір ұтсақ та, алға қарай жылжитынымызға күмән жоқ. Бірақ... Қанша жеңілсек те, біздің еуропалық құрамалармен ойнағанымыз дұрыс қой. Өйткені Азия құрлығында ойнайтын командалардың салыстырмалы түрде қарағанда деңгейі жоғары емес. Сондықтан біздің құрама мықтылармен «жағаласып» жүріп шеберлігін шыңдайды. «Жеңілістен көз ашпадық» деп артқа шегінудің қажеті жоқ. Ал Қазақстанның футбол алаңдарына Еуропада атой салып жүрген мықты футболшылардың келгенінің өзі қуаныш. Аяқдопты тебуге құлшынған қазақ баласы сол мықтыларға қарап өседі, солардай болуға талпынады. Қазір 27 қаракөз Бразиялияда доп теуіп, футболдың қыр-сырын үйреніп жүр. Министрдің айтуынша, олардың екеуі Бразилияның ұлттық құрамасының жастар құрамында ойнайды екен. Демек, футболға ден қойған қаракөзді бала жастан шетелдік футбол клубтарында оқып-үйрету қажет. Одан ақша аяп керегі жоқ. Ел үшін, ұлт намысы үшін. Сондықтан асығыс шешім қабылдамай тұра тұрған абзал. ...Біз де жетілерміз! Еркін ҚАЛДАН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×