Бока-Хуниорс Унион қақпасына 4 гол соқты

16.08.2011, 19:51
Бока-Хуниорс Унион қақпасына 4 гол соқты
Аргентинада футбол біріншілігі басталды. Жоғарғы лигадағы жиырма команда өзара Апертураның мықтысын анықтайды. Футболды өзгеше бағалайтын елдегі кез-келген матч тартысты өтетіні белгілі. Тіпті бәсекелес командалар арасындағы дерби спорттық тәртіптен де асып кетеді. Буэнос-Айрес тұрғындары дүйсенбінің кешінде тамаша футболға куә болды. Қызуқанды жанкүйерлерімен танымал Бока Хуниорс атақты Бомбонера стадионында Санта-Фэ қаласының Унионын қабылдады. Алғашқы турда ұпай жоғалтқан Хуан Роман Рикельме әріптестері бұл жолы фанаттардың кешірмейтінін ұққандай, нәтижелі ойын көрсетті. Бока капитанына осыдан бір жарым ай бұрын ғана Бомбонера стадионындағы Марадонаның қасынан тас мүсіні орын тепкен болатын. Көпшіліктің ықыласына бөленген оныншы нөмірлі футболшы өз ойынымен лайықты жауап қатты. Бірден тізгінді қолға алған алаң иелері 1-ші минутта есеп ашты. Сол қапталдан басталған шабуылға дем берген Лукас Виатри Бока Хуниорсты алға жетеледі. Атақты Мартин Палермоға тиесілі жейдеге ие болған шабуылшы екінші таймда тағы көзге түсті. Сол қапталдан басталған кезекті шабуылды нәтижеге ұластырған Аргентиналық футболшы қос голдың авторы атанды. 83-ші минутта Бока капитаны Рикельме кезек сұрады. Күшті соққысымен Унион қақпасының бір бұрышын дәл көздеген шабуылшы жергілікті жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Араға екі минут салып, жартылай қорғаушы Николас Коласо кездесуге нүкте қойды. Есеп:4:0. Бока Хуниорс төрт ұпаймен турнир кестесінде топ бастады. Унион жалғыз ұпаймен 17-ші орында қалды. "Хабар" агентігі
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×