БРАЗИЛИЯҒА ДЕЙІНГІ 90 МИНУТ

20.11.2013, 02:05
БРАЗИЛИЯҒА ДЕЙІНГІ 90 МИНУТ

zlatan-ibragimovichТөрт жылда бір келетін футболдан әлем біріншілігіне жолдама алған құрамалардың саны жиырмадан асты. Азия және Мұхит аймағы елдерінен Жапония, Австралия, Иран, Оңтүстік Корея елдері Бразилияға баратын болса, еуропалықтардың ішінде Испания, Германия, Бельгия, Англия, Босния және Герцеговина, Ресей, Швейцария, Италия құрамалары жолдама мәселесін әу баста-ақ шешіп қойған еді. Дегенмен кәрі құрлықтың іріктеу кезеңінде топтық турнирдің екінші орнында қалып, басқа бір топтың өзі тағдырлас командасымен жалғыз жолдамаға таласатын мықтыларда жоқ емес.

Португалия-Швеция. Әлемнің назарын өзіне аударған орталық матч. Еуропаның ғана емес, күллі әлемге әйгілі қос құраманың текетіресі. Жалғыз жолдама. Ол да Роналду мен Ибрагимовичтің біреуіне ғана тиесілі. Алайда тартысты өткен алғашқы кездесуде 1-0 есебімен басым түскен Криштианудың командасы Бразилияға бір табан жақындағандай болды. Енді Ибрагимович бастаған жігіттер қарымта ойында«кек қайтармаққа» жұмыстанып көрмек.

Бұл кездесудің «алтын допқа» ықпалы болады дейтіндер де табылады. Расында, Роналду мен Ибрагимовичтің әлем біріншілігіне қай жолы түскені биылғы жылдың үздігі деп танылуы ғажап емес. Жауап кездесуде жағдай өзгермесе, бірінші ойында соққан шешуші голымен ұлттық құрамасын Бразилияға бастап баруы мүмкін Роналду – «алтын доптан» бірден-бір үміткер. Ал Златан болса, Англияға соққан әдемі голының арқасында Пушкаш сыйлығын алып жатса, таңданбас едік.

Украина-Франция. Фоменконың шәкірттері «Олимпийский» стадионындаөздерінен бір бас жоғары француздармен ойнап, күтпеген жерден айласын асырып кетті.0-2 есебімен есе жіберген Дешамның жігіттері өз алаңдарында өтетін қарымта кездесуде қиын болатынын ұқса да, бар күш-жігерлерін салмаққа ниеттеніп отыр. Егер ұлттық құрамасы екі доп айырмасын қысқартқанымен қоймай, қарсыластарын жеңе алса, Риберидің де айы оңынан туып, «алтын допқа» иелік етуі мүмкін. Фрэнктың өткен маусымдағы мүмкін болған кубоктың бәрін олжалағанын ескерсек, «алтын доп» алуына Украинамен болатын алдағы қарымта матч қана кедергі болып тұрғандай. Оның үстіне, Мессидің бесінші мәрте үздіктер қатарынан көріне қоюы екіталай. Бұл ретте Рибериге тікелей қарсылас атанатын екі-ақ ойыншы бар, олар: Криштиану мен Златан.

Егер Франция құрамасы сүрініп кетіп, әлем біріншілігінсіз қалса, Дидье бас бапкерлікпен қоштасады деген сыбыс бар. Оның орнын әйгілі Зинедин Зидан басады-мыс.

Сонымен қатар, Еуропадан жалғыз жолдамаға таласып жатқан құрамалардың қатарында Грекия мен Румыния (3-1), Исландия-Хорватия (0-0) алғашқы ойындарын өткізді. Румыния өз алаңында гректерді жеңеді дегенге ешкім сене қоймас. Ал Хорватияға қонаққа баратын Исландия «айды аспанға шығарып жатса», ол да футбол әлеміндегі жаңашылдықтың, дәуірлеудің бір белгісі болар еді.

Африка құрлығынан Камерун, Кот-Д’ивуар, Нигерия елдері әлем біріншілігіне жолдама алса, КОНКАКАФ аймағынан АҚШ, Коста-Рика, Гондурас үштігі Бразилияға барады. Ал Оңтүстік Америкадан жарыс егесін есепке алмағанда, Аргентина, Колумбия, Чили, Эквадор футболшылары әлем біріншілігіне қатысады.

Сондай-ақ, Мексика мен Жаңа Зеландия (5-1), Иордания мен Уругвай (0-5) бір жолдама үшін алғашқы кездесулерін өткізіп үлгерді. Қос жолдамаға таласатын қара құрлықтың төрт құрамасы да анық, олар:Мысыр мен Гана(1-6) жәнеАлжир мен Буркина-Фасо(2-3).

Сонымен келер жылы Бразилияда өтетін әлем біріншілігіне баратын ұлттық құрамалардың бірсыпырасы белгілі болды. ФИФА-ның ережесіне сай қарашаның 20-сы күні ең соңғы қатысушылар анықталады. Яғни, ең соңғы кездесулер өтеді. Ең соңғы 90 минут...

 

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ,

«Астана ақшамы»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×