Чемпиондар лигасы. «Барселона» мен «Бавария» - фаворит

15.04.2015, 21:41
Чемпиондар лигасы. «Барселона» мен «Бавария» - фаворит

Бүгін түнде футболдан Чемпиондар лигасы ширек финалының екінші күніндегі ойындар өтеді. Мюнхендік «Бавария» «Портуда» қонақта болса, париждік «ПСЖ» өз алаңында каталондық «Барселонаны» қабылдайды.

«Порту» «Баварияны» ұта ала ма?

Португалдық клубтың жартылай финалға шығу мүмкіндігі жоқ деп айтуға келмейді. Себебі, қазіргі таңда мюнхендік клубтың 7 ойыншысы жарақатына байланысты жасыл алаңға шыға алмай жүр. Олардың қатарында негізгі құрам ойыншылары Арьен Роббен, Бастиан Швайнштайгер, Давид Алаба және Франк Рибери бар. Бұлардан өзге «Портуға» қарсы ойынға Хави Мартинес, Бенатия және Штарк алаңға шыға алмайды. Алаң иелері сапынан да үш ойыншы кездесуге қатыса алмайды. Олар Кристиан Тельо, Джексон Мартинес пен ойыннан шеттетілген Маркано.

Хулен Лопетеги баптайтын клуб өз алаңында сәтті өнер көрсететін ұжымдар қатарынан. 2015 жылы «Драгауда» әлі жеңіліп көрген жоқ. Ал «Бавария» бұл жылы сырт алаңда «Вольфсбургтан» ғана ұтылды.

Мюнхендік «Бавария» бүгінгі ойынның ғана фавориті емес, жалпы доданың фавориті саналуда. Десе де команда құрамындағы көп ойыншылардың жарақат алуы – ойындарына әсер етері сөзсіз. Сондықтан да бүгін түндегі ойында «Порту» жеңілмейді деп болжам жасап отырған жанкүйерлердің қарасы көп.

Букмекерлік орталықтар «Порту» жеңісіне – 4,25 коэффициент, тең ойынға – 3,43 коэффициент, «Бавария»жеңісіне – 1,97 коэффициент беріп отыр. Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.

«ПСЖ» Златансыз алаңға шығады

Париждік «ПСЖ» Англияның азулы «Челсиін» жарыс жолынан шығарып, Испанияның алпауыт клубына тап болды. Соңғы жылдары екі клуб Чемпиондар лигасында жиі кездесіп жүр. Тіпті, осы маусымдағы топтық кезеңде де бір топта өнер көрсетті. «ПСЖ» өз алаңында 3:2 есебімен жеңсе, түзде 1:3 есебімен ұтылды.

Лоран Блан командасы «Парк де Пренсте» еурокубоктың соңғы 33 ойынында жеңілмеген. Алаң иелерінің бұл рекордын каталондық клубтың ойыншылары бұза алар ма екен?

«ПСЖ» құрамында айтарлықтай өзгерістер бар. Златан Ибрагимович қызыл қағазына байланысты алаңға шыға алмайтын болса, Давид Луис пен Тиаго Моттаның алаңға шығуы белгісіз. Марко Вератти мен Серж Орье де Златан секілді ойынға қатыса алмайды. Ал «Барселона» сапынан ескертуіне байланысты Дани Алвес ойынға шықпайтын болса, Томас Вермален жарақат алып қалған.

«ПСЖ» мен «Барселона» арасындағы ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады. Кездесуді «КТК» арнасы тікелей эфирде көрсететін болады. Кеше қазақстандық арна ауа-райына байланысты «Атлетико» - «Реал» ойынын көрсете алмаған болатын. 

Массагет.кз

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×