Эквадор әлем чемпионатынан шеттетілуі мүмкін

09.06.2022, 16:38
Бұл команданың құрамында колумбиялық футболшы ойнаған екен.
Эквадор әлем чемпионатынан шеттетілуі мүмкін

Байрон Кастильоның құжаттарын бұрмалауына байланысты Эквадор құрамасының болашағы туралы ФИФА Тәртіптік палатасының үкімі жұма күні, 10 маусымда шығарылады, деп хабарлайды AP басылымы.

Мамыр айының басында Чили тарапы Эквадор құрамасын 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатынан шеттетуді талап еткен болатын, өйткені Кастильо Колумбияның азаматы бола тұра Эквадор құрамасында ойнаған және жалған төлқұжат жасатты деп айыпталуда. Эквадор футбол федерациясы мұның бәрін жоққа шығарды. Ал ФИФА 11 мамырда іске қатысты тергеу жұмыстарын бастады.

Сейсенбіде Чили футбол федерациясының заңгері Эдуардо Карлессо баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, журналисттерге осы мәселеге қатысты бірқатар құжаттарды ұсынды. Адвокаттың айтуынша, Кастильо 1998 жылы Колумбияның Тумако қаласында дүниеге келген және Байрон туралы деректер Эквадор базасында 2012 жылы ғана пайда болған.

Эквадор тарапының ресми мәліметі бойынша, Кастильо 23 жаста, ол Эквадордың Плайас қаласында дүние есігін ашқан. Футболшы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Эквадор құрамасының сегіз ойынына қатысты. Ал Чили тарапы осы сегіз матчтың нәтижелерін жоюды және Эквадор құрамасына техникалық жеңіліс беруді талап етіп отыр.

Эквадор құрамасы 26 ұпай жинап, төртінші орынмен әлем чемпионатына тікелей жолдама алған еді. Чили 19 ұпаймен жетінші орынға табан тіреді. Алайда Кастильо іріктеу кезеңінде Перу (бесінші орын, 24 ұпай) және Колумбия (алтыншы орын, 23 ұпай) құрамаларына қарсы матчтарда алаңға шыққан жоқ. Егер Эквадор құрамасы техникалық жеңіліске ұшыраса, Чили қосымша алты ұпай алып, турнирдік кестедегі Перу мен Колумбияны басып озады және Катарда өтетін турнирге жолдама алады.

1 сәуірде Дохада әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі өткен еді. Нәтижесінде Эквадор құрамасы Сенегал, Нидерланды және Катармен бір топқа түсті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×