Ел намысын арқалаған Аршавин

17.11.2010, 06:36
Ел намысын арқалаған Аршавин

Соңғы өткен Еуропа кубогының басты жаңалығы ретінде Ресей ұлттық құрамасының ойынын айтуға болады. Ал сол команданың ойын тізгінін бір кішкене жігіттің қатысуынсыз елестету өте қиын. Ол – команданың қозғалтқышы, жүрегі, алға жетелейтін сенімі.

Кейінгі кездері кәрі құрлықтың клубтары оған аса қызығушылық танытып, өзара таласып та жүрді. Бірақ ең соңында Лондондық «Арсеналдың» бағы жанып, орыс жігітін өз саптарына ала білді. Ол мұнда да өзінің нағыз шебер екенін дәлелдеп, голдар ұра бастады. Ең бастысы бапкер сенімін ақтады. Өздеріңізде болжаған боларсыздар бүгінгі әңгімеміз Андрей Аршавин туралы болмақ.

Андрей Аршавин Ленинград қаласында туып-өскен. 7 жастан бастап футболмен әуестенген. «Смена» футбол мектебінің түлегі. Аталған клубтың үлкендер командасына 16 жасында ілінген. Ал 1999 жылдан бері «Зениттің» қосалқы құрамына алынған. 19-ға аяқ басқанда үлкен футболдағы алғашқы қадамын жасаған. «Зенит» бапкері Юрий Морозов жас жартылайқорғаушыны қазіргі мәскеулік «Динамоның» бас бапкері Андрей Кобелевтің орнына ауыстырады. Бұл ойын Интертото кубогындағы ағылшындық «Бреэдфорд» командасына қарсы өткізілген кездесу тұғын. Осы бір жерде қоса кететін жайт, сол маусымда питерлік клубта қазақстандық шабуылшы Олег Тарасов та өнер көрсетіп жүрген. Және дәл сол ағылшындармен болған кездесуде Олег гол ұрып, есте қалған болатын. Ал ол кезде Аршавин үлкен футболдың дәмін енді тата бастаған.

Міне содан бері Андрей «Зенит» сапында 272 кездесу өткізіп, 64 голдың авторы атанған. Жалпы команда үшін Андрейдің алатын орны бөлек болды соңғы жылдары. Соның айғағы болар клуб басшылары 2006 жылы футболшының келісімшартын жаңадан қарастырып, жалақысын арттырған. Сол жалақы Ресей премьер-лигасындағы ең үлкен айлық болып табылды.

Клубтағы өнерін бағалаған ел бапкерлері оны Олимпиадалық құрамға шақырды. Ол онда – 5 ойын өткізіп, 1 гол соққан. Ал ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын 2002 жылы 17 мамырда LG кубогы деп аталатын турнирде Белорусь құрамасына қарсы ойында өткізген. Негізі Аршавинді әлемге танытқан да осы Ұлттық құрамадағы керемет ойыны. Соңғы өткен Еуро чемпионатында жасындай жарқылдаған Андрей УЕФА шығарған қорытынды бойынша үздік 22 футболшының қатарына кірді. Міне, содан кейін Аршавинге құда түсуші клубтар саны күрт көбейіп, трансферлік ауқымда орыс жартылайқорғаушысы үшін нағыз соғыс жүрді десек артық айтпағанымыз. Өйткені оған «Зенитпен» УЕФА кубогын олжалаған кезде де, біршама ұжымдар ұсыныс тастап үлгерген болатын. Бірақ, қаншама бай клубтардың берген ақшасына «Зенит» басшылары оны сатқысы келмеді. Өйткені Андрейсіз команданың ойын деңгейі төмендеп кету қаупі бар тұғын. Осыдан кейін біршама айлар өткен соң, Андрей өзі клубтан кеткісі келетінін мәлімдеп, басшылардан оны жіберуін өтінді. Қысқы ауысым мерзімі басталысымен қызу келіссөздер тағы да жандана кетті. Бұл жолы питерліктерге сөз салған жалғыз Лондонның «Арсеналы» ғана еді. Сол кездегі алып-қашпа әңгімелердің көбісі, орыстардың тым көп қаржы сұрап отырғанына байланысты делінді. Сонымен, тек соңғы күні ғана көптен күткен трансферлік жоба өз шешімін тауып, 21 миллион АҚШ долларына Аршавин «Арсенал» иелігіне өтті.

Андрей Ағылшын футболына енді үйренісе ала ма деген көкейдегі сұрақ та тез арада шешімін тапты. Оның кезекті бір турдағы «Блекберн» қақпасына ұрған тамаша голы істің басын ашып та берді. Одан кейін алаңда еркінси бастаған жартылайқорғаушы «Арсенал» ойынын өрге сүйреп кете берді. Соңғы турда «Уиганге» ұрған голы да соның айғағы іспеттес.

Аршавин Санкт-Петербордағы мемлекеттік Технология және Дизайн университетін бітірген. 2007 жылдың 11 наурызында Санкт –Петербор заңнамалық жиынына «Единая Россия» партиясынан сайлауға түсіп, партиялық тізіммен жеңіп шығады. Бірақ кейіннен өзі мандатынан бас тартады. Жұбайы Юлиямен бірге Артем және Яна есімді екі бала тәрбиелеп отыр.

Дайындаған Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×