Ел Премьер-Лигасы. Екі минуттық төңкеріс

25.06.2015, 05:31
Ел Премьер-Лигасы. Екі минуттық төңкеріс
Фото пресс-службы ФК "Актобе" Апта ортасында Қазақстан чемпионатының 17-ші тур ойындары болып өтті. Тур қорытындысы бойынша кестеде айтарлықтай өзгеріс орын ала қоймады. Тек турнир кестесінің бас жағында ғана "Астана" мен "Қайрат" орын ауыстырды. Дегенмен, бүгінгі футбол күні де тартысты ойындардан құр қалмады. Жарыс көшбасшысы "Ақтөбенің" өз алаңындағы қиналысы да тур көркін қыздыра түсті. Чемпионаттың бірінші орның иемденіп тұрған "Ақтөбе" Қостанайдан келген "Тобылды" қабылдаған еді. Екі ойын гол салмай, ұпай алмай, қарсыластарын біршама жақындатып алған Владимир Газзаев командасына міндетті түрде жеңіс керек-тұғын. Себебі, ізбе-із ұпай жоғалту команданың өзіне деген сенімділігіне селкеу түсіруі ғажап емес. "Тобылға" қарсы матч батыстықтар үшін сәтті бастала қойған жоқ. Бар-жоғы 6-шы минутта ардагер Игорь Юрин айып алаңға ене бере соққы бағыттап, Стас Покатиловты қапыда қалдырып, қонақтарды алға шығарды. "Ақтөбе" қанша тырысқанымен тайм аяқталғанша есеп тіпті теңесе де қойған жоқ. Екінші таймның бел ортасына дейін де Хижниченко, Хайруллин бастаған шабуыл өті тобылдықтар қақпасынан саңылау таба алмады. Алайда айналдырған екі минут ішінде Газзаев шәкірттері ойында төңкеріс жасады. Алдымен Пиззели он бір метрдей жерден есеп теңестірсе, келесі шабуылда ойынға тыңнан қосылған Неко Ақтөбе үшін жеңіс голының авторы атанды. Пас берген Дидар Жалмұқан еді. Ол да Неко секілді екінші таймның басында ғана алаңға шыққан болатын. Бұл жерде бас бапкердің көрегендігін де атай кеткен жөн. Ойын барысында қосылған екі футболшы жеңісті голды ұйымдастырды. Осылайша, "Ақтөбе" матч басында жылдам гол өткізіп, дегенмен мінез көрсетіп жеңісті жұлып алды. Бастысы, басты қуғаншысынан арадағы 4 ұпай айырмашылығын сақтап қалды. "Ақтөбе"-"Тобыл" 2:1(0:1) Голдар: Игорь Юрин, 6(0:1). Пиззели, 77(1:1). Неко, 79(2:1) Турдың орталық ойыны Шымкентте болды. Жақында ғана Еуропа Лигасындағы қарсыласын білген жергілікті "Ордабасы", жеңісті сериясын жалғастыруға дәмелі "Астананы" қабылдады. Екі команданың арасын ойын алдында 2 ұпай ғана бөліп тұрған болатын. Шымкенттіктер өткен турда Алматыда жеңіліп қайтса, елордалық ұжым "Таразды" тас-талқан еткен еді. "Қажымұқан" атындағы стадионда болып өткен кездесудің қаһарманы Твумасы болды. Ганалық азамат екінші тайм барысында қос гол соғып командасын жеңіс әкелді. Станимир Стойлов баптайтын ұжым "Қайратты" екі ұпайға басып озып, екінші орынға көтерілді. "Ордабасы"-"Астана" 0:2(0:0) Голдар: Твумаси, 53(0:1). Твумаси, 73(0:2) Бас бапкерлік қызметке Димитар Димитровтың келуімен бойына қан жүгірген "Ертіс", қатарынан екі ойында жеңіс тойын тойлаған болатын. Бұл турда солтүстіктік команда азулы "Қайраттан" ұпай тартып ала алды. Ойындағы екі гол да екінші таймда салынды. 67-ші минутта украиналық легионер Дудченко есеп ашып "Ертісті" есепте алға шығарды. Алайда, араға 13 минут салып чемпионаттың үздік сұрмергені Жерар Гоу, өзінің 18-ші голын соғып, "Қайратты" жеңілістен аман алып қалды. Алматылық команда "Ақтөбені" ұзатып, "Астананы" алға шығарып алды. Ал, болгар бапкер келісімен өз ойының тапқан керекуліктердің енді алғашқы алтылықтан да үміті жоқ емес. "Ертіс"-"Қайрат" 1:1 Голдар: Дудченко, 61(1:0). Гоу, 79(1:1). Қарағандының "Шахтеры" алғашқы алтылықтағы "Оқжетпесті" 3:0 есебімен ойсырата ұтып кішігірім сенсация жасады. Қиын сәттерді басынан өткізіп жатқан кеншілерден бұндай нәтижелі ойынды ешім күтпеген еді. Алайда "Шахтер" Көкшетаудан келген қонақтардан толықтай басым болып, сенімді жеңіске қол жеткізді. Бұл ойында араға үш ай уақыт салып, "Шахтердың" тірі аңызы Андрей Финонченко алаңға оралған еді. Мүмкін, бұл қуанышты хабар да футболшыларға серпіліс берген болар. Енді, Шахтер десе жүрегін жұлып беретін Финонченко бастауымен Шахтер ес жияды деген үміттеміз. Оқжетпес болса осымен қатарынан үшінші кездесуде жеңіліп, жағдайды біраз қиындатып алды. Тәжірбиелі бапкер Мухановқа мықты шәкірттері жетіспей жүр. "Шахтер"-"Оқжетпес" 3:0 Голдар: Топчагич, 4(1:0). Тарасов, 19(2:0). Ветров, 83(2:0). Ел чемпионатының 17-ші турында да оңтүстік дербиіне куә болдық. "Тараз" Дмитрий Огай командасы "Қайсарды" оңдырған жоқ. Ойын басынан-ақ алаң иелерінің басымдылығына күмән болмаған еді. Кездесудің үшінші минутында "Тараздың" шабуылшысы Александр Пищур алғашқы голды салған болатын. 30-минутта осыған дейін Премьер-Лигада қақпа торында доп тулатпаған Жұмақанов мергендігімен көзге түсті. Екінші таймның 70-минутында тағы сол Жұмақанов гол салып, атына дубль жазып матч нүктесін қойды. Осы ойыннан кейін тараздықтар алтыншы орындағы "Оқжетпеске" екі ұпай көлемінде жақындады. Өткен турда "Ақтөбемен" ұпай бөліскен қызылордалықтар 10-шы орнында қалды. "Тараз"-"Қайсар" 3:0(2:0) Голдар: Пищур, 3(1:0). Жұмақанов, 30(2:0). Жұмақанов, 70(3:0) "Астана", "Қайрат" секілді азуын айға білеген мықтылармен жүлделі орындарға таласып жүрген "Атырау", өз алаңында "Жетісуға" күтпеген жерде тізе бүкті. Ойында команда капитаны Эссаменің жоқтығы да білініп тұрды. "Атырауды" өрге сүйреп жүрген тәжірбиелі футболшы сары қағаздар "жинап", ойыннан тыс қалған еді. Сол себепті де болар, алаң иелері жарқын ойын өрнегін көрсете алмай, аутсайдерге үш ұпайды түгелімен беріп қойды. Алайда ойын соңынан кейін дау шықты. Жетісулықтар екінші таймда Марат Шахметовтың орнына Вичюсты шығарып қойған еді. Сол сәтте алаңда алты легионер болып кетті. Ал, ережеге сай алаңдағы легионерлер саны бесеуден аспауы тиіс. Қателігін түсінген жаттықтырушылар серб Милош Михайловтың орнына қазақстандық Александр Кировты шығарғанымен бәрі кеш еді. Әдетте, осындай қателіктер үшін командаға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс есептелетіні бар. "Атырау"-"Жетісу" 1:2 Голдар: Савич, 27(0:1). Григорьев, 30(1:1). Савич, 71(1:2)

 

Жарыс кестесі.

 

 
1  АҚТӨБЕ 17 10 7 0 20-7 37
2  АСТАНА 17 9 6 2 33-14 33
3  ҚАЙРАТ 17 9 4 4 32-13 31
4  АТЫРАУ 17 8 6 3 20-16 30
5  ОРДАБАСЫ 17 7 7 3 16-11 28
6  ОҚЖЕТПЕС 17 7 1 9 16-23 22
7  ТАРАЗ 17 6 2 9 15-18 20
8  ЕРТІС 17 4 7 6 20-22 19
9  ТОБЫЛ 17 5 3 9 16-26 18
10  ҚАЙСАР 17 3 7 7 10-18 16
11  ЖЕТІСУ 17 3 4 10 12-24 13
12  ШАХТЕР 17 3 2 12 11-29 11
    ФАРАБИ ӘБДІХАЛЫҚ        
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×