Ендігі үміт – «Ақтөбеде» - 2

25.07.2011, 15:46
Ендігі үміт – «Ақтөбеде» - 2

Еурододада Қазақстан клубтарының саны тағы екеуге кеміп, турнир жолында тек «Ақтөбе» ғана қалды. Түзде Грузияның «Металлург» командасымен тең ойнаған «Ертісті» өз алаңында қара басса, қарағандылықтар Ирландияда азулы «Сент-Патрикске» төтеп бере алмады. Есесіне еліміздің төрт дүркін чемпионы «Ақтөбе» жарады. Венгрияда 1:1 есебімен тең түскен жерлестеріміз өз жерінде өздеріне керек нәтижеге қол жеткізе алды.  Менсінбегеніміз емес, бірақ, шынын айтсақ, қарсыластарымыздың ішінде бәрінен Руставидің «Металлургын» осал көргенбіз. Себебі «Сент-Патрикспен» қарымта кездесуді сырт алаңында өткізетін едік. Бір жағынан, британдық стильдің командасы. Яғни футбол мектебінің тарихы бай деген сөз. «Кечкемет» болса былтыр Венгрия чемпионатында небәрі 11-орыннан көрінгенімен, маусымды нашар өткізген жоқ. Бас кезінде біраз ұпай жоғалтып алып, жаңа бапкер келген соң тіптен күшейген. Бірте-бірте ұпай жинап, кубоктық додада сәтті өнер көрсеткен. Нәтижесінде, міне, ел кубогының иегері ретінде Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінен доданы бастауға мүмкіндік алған. Ал «Металлург» ше? Біріншіден, бұл ұжымның атауы «Олимпи» болып тұрған кезде 2007 жылы елорданың «Астанасы» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде оңай жеңген. Былтыр «Ақтөбе» де еш қиналмастан Руставидің бұл ұжымын тізерлеткен. Екіншіден, қазақстандық клубтар Еурододада осы уақытқа дейін грузиндерге есе жіберіп көрген емес еді. Бұл жолы да «Ертіске» «Металлургты» айналып өту аса қиынға соқпайтын шығар деп күткенбіз. Түзде 1:1 есебімен тең түскеннен кейін өз алаңымызда жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Бірақ, өкінішке қарай, «Ертісті» Керекуде қара басты. Қарсыластарын «қалпақпен қайырып аламыз» деп ойлады ма, әйтеуір, алаңға қонақтарды менсінбей шыққан секілді көрінді бізге. Дегенмен «Металлург» те елімізге жеңілу үшін келмеген еді. Оны біз ойын басында-ақ байқадық. Алғашқы бес минутты толығымен қонақтардың еншісіне жазуымызға болады. Алдымен грузиндер Эдуард Сергиенконы тәртіп бұзуға мәжбүрледі. Ираклий Майсурадзе орындаған айып добын қақпашымыз Антон Цирин қайтарып үлгерді. Бұдан кейін әлгі Майсурадзе тағы да қақпаны көздеп, алыстан шірене тартқан, бұл жолы да Цирин өз орнынан табыла білді. Шабуылымыз енді бастала берген сияқты еді, қорғаушымыз Мамаду Кулибали ойын тәртібін бұзып, қақпамызға тағы бір айып добы орындалды. Бұл жолы доптың жанына Лаша Джапаридзе келіп, шірене тартқан. Бірақ теңбіл снаряд қақпадан әлдеқайда қиыс кетті. Бұдан кейін біздің жігіттер де шабуылға көшкен. Дегенмен біздің шабуыл аса өткір көрінбеді. Ал Грузиндер жабылып жүріп, жарты сағат болмай жатып қақпамызға гол соғып кетті. Бәрі де кенеттен басталған. «Қақпамызға гол соғылады» деп әсте ойлаған жоқ едік. Оның үстіне, бұл кезде Заречныйдың допты иығынан асыра, қайшылата тепкен соққысына қол соғып тұрғанбыз. Сол-ақ екен, қарымта шабуыл ұйымдастырған қонақтар допты бірден Ираклий Колабияға жеткізеді. Көп ойланбастан айып алаңының шекарасынан допты қақпаға бағыттаған гру­зиннің «теңбіл снаряды» Цириннің алдына жете бергенде алаңға тиіп, қақпаға қарай серпіледі. Аузымыз аңқиып біз отырып қалдық, бастарын ұстап «ертістіктер» тұрып қалды. Сөйтіп, үзіліске нашар көңіл күйде тарқастық. Әлгі голдың жеңіске жетелерін түсінген «Металлург» ойыншылары екінші таймда қорғанысқа тайлы-тұяғымен жатып алды. Тіпті, қазақы тілмен айтқанда, айып алаңдарына «киіз үйлерін тігіп», жер­лестерімізді баппен күтіп отырды. Бірақ анда-санда өздеріне «қаруларын қамдап» шабуылға шығып отыруды артық санаған жоқ. Біздің жігіттер нәтижесіз шабуылдарынан кейін өздері де жорыққа шығып, тағы да қанжығаларын майлап қайтты. Бұрыштамадан пас асырып, шетте қараусыз тұрған Ираклий Модебадзе қақпамызға екінші допты сүңгітті. Іштей «бітті» дедік те, ары қарай жерлестеріміздің аласұрған шабуылдарын қынжылыспен тамашалап отырдық. «Біз бүгін жеңіс үшін ойнаған едік. Бұл команданы өтіп, келесі кезеңде Францияға барғымыз келген. Елисей алаңын көргіміз келді. Бірақ футбол құдайлары бүгін грузиндер жағында болды», – деп ақтала сөйледі жерлестеріміздің бас бапкері Талғат Байсуфинов. Оны қойшы, «Қазақстан» телеарнасын айтсаңыздаршы, жерлестеріміздің жеңісіне сенімді болған бұл арнамыз 28 шілде күні өтуі тиіс «Ертіс» – «Ренн» (Франция) кездесуін бағдарламалар кестесіне енгізіп те қойған еді. Енді бұл матчтың орнына не көрсетер екен? Қарағандының «Шахтері» де осы іріктеу кезеңінен аса алмады. Осының алдындағы кеншілердің «Сент-Патрикске» қарсы өз жерінде өткен ойыннан кейін сараптама жаза келе, «қақпамызға соғылған бір гол Ирландияда кесірін тигізіп жүрмесе болғаны» деп жазған едік. Шынында да, солай болып шықты. Алғашқы кездесуде жерлестерімізге қақпаларын берік ұстау керек еді. Енді, міне, түзде 0:2 есебімен жеңіліп, қара басып отырмыз. Егер осы ұжымды жеңгенде жерлестеріміз Украинаға «Карпаты» клубымен ойнауға баратын еді, бірақ... Ал «Ақтөбе» әдеттегідей жарады. Дегенмен, шыны керек, командамыз азу тісі мұқалған кәрі арыстанның кейпін елестетті. Айбатты, әлбетте. Қарсыластарын қорғанысына жібермейді. Бірақ шабуылда «Кечкеметке» азуымызды батыра алмай, әбден сергелдеңге түстік. Құдды бір, тісі мұқалып, тіпті ойынның 70 пайызында доп «ақтөбелік­тердің» еншісінде болса да, сол мүмкіндіктердің ең болмаса біреуін голға айналдыра алмадық. Рас, ешқайсысы «қарап тұрды» деп айта алмаймыз. Бірақ келесі іріктеу кезеңінде Владикавказдың «Аланиясына» гол соқпасақ, кешегідей ойынмен олар бізді көпке шыдатпас. Оның үстіне, «Ақтөбе» – «Кечкемет» ойынын көру үшін Владикавказдан арнайы «Алания» бапкері Владимир Шевчуктің өзі келіпті. Ол да бұл ойыннан өзінше бір ой түйіп кеткен болар. Дегенмен бір саусағын бүгіп қалған жерлестеріміз ресейліктерді де айналып өтеді деп үміттенеміз. «Ертіс» (Кереку) — «Металлург» (Рустави, Грузия) – 0:2 (1:3) Голдар: Кобалия, 23. Модебадзе, 57. «Ертіс»: Цирин, Чернышов (Михайлюк, 46), Кучма (Николич, 62), Кулибали, Мальцев (Тілешев, 60), Иванов, Заречный, Балажич, Даскалов, Сергиенко, Говедарица. Қосалқы құрамда: Калмыков, Ахметов, Крюков, Асанбаев. «Сент-Патрикс» (Дублин, Ирландия) — «Шахтер» (Қарағанды) – 2:0 (3:2) Голдар: И.Макмиллан, 14. Дойл, 70. «Шахтер»: Мокин, Киров, Отабаев (Борантаев, 80), Васильевич, Вичюс, Көкеев, Байжанов, Джидич (К), Қонысбаев, Петроньевич (Досманбетов, 73), Хижниченко. Қосалқы құрамда: Григоренко, Мангуткин, Боровский, Тарасов, Жанғылыш­бай. «Ақтөбе» — «Кечкемет» (Венгрия) – 0:0 (1:1) «Ақтөбе»: Сидельников, Чичулин, Смақов, Хайруллин, Мане, Кенжесариев, Праймус, Ловиненко (Семенов, 79), Малетич (Аверченко, 90), Костич, Джилас (Лисенков, 75). Қосалқы құрамда: Бойченко, Бадло, Сақалбаев, Хохлов. Автор: Әзиз Жұмаділ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×