Ендігі үміт – «Ақтөбеде»

25.07.2011, 15:43
Ендігі үміт – «Ақтөбеде»

Биылғы еурокубоктық бәсекеге араласқан Қазақстанның төрт командасының ішінде жарысты жалғастыру мәртебесі жалғыз «Ақтөбеде» қалды. Қалған үш клубымыз - Қостанайдың «Тобылы», Кереку өңірінің «Ертісі» және «Қарағандының «Шахтері» айтулы сынды ерте аяқтауға мәжбүр болды. Ең алдымен еліміз чемпионы - «Тобыл» УЕФА жеңімпаздары лигасының бірінші кезеңінде Словакия мықтысы «Слованға» жол беріп алса, оның ізімен өз қарсыластарынан Еуропа лигасының екінші айналымында ұтылған «Ертіс» пен «Шахтер» де бәсеке жолынан шығып қалды. Кереку өңірінің «Ертісі» сырт алаңда Грузиннің «Металлургімен» 1:1 есебімен тең ойнап қайтқанда, көңіліміздің көтеріліп қалғаны рас. Өйткені отандастарымыздың Руставиде соққан голы өз жеріміздегі кездесуде бізге басымдық беретін еді. Бірақ намысшыл грузиндер Қазақ елінде өтер жауап ойында тек жеңіске ұмтылатындарын мәлімдеп, сол уәделерінде тұра білді. Иә, қарымта кездесу басталғаннан-ақ «Ертіс» футболшыларының жүйесіз ойыны жергілікті жанкүйердің жүйкесіне қатты тиді. Қорғаныста жиі қателескен керекуліктердің алдыңғы шептегі әріптестері де мандытып өнер көрсете алмады. Алаң иелерінің бойкүйездігін пайдаланған қонақтар қарсы шабуылдардың бірінде, нақтырақ айтсақ, 23-минутта Иракли Кобалияның көмегімен есеп ашты. Бұдан соң да алаң қожайындары өнімді ойын үлгісін таба алмай, көрерменнің зығырданын қайнатты. Командамыздың бас бапкері Талғат Байсуфинов шығарған тың ойыншылар да алаңдағы жағдайды өз пайдаларына қарай өзгертуге қауқарсыз болды. Есесіне грузиндер 57-минутта «Ертіс» қақпасына лап қойып, осы ойындағы екінші голдарын соқты. Бұл жолы тағы бір Ираклий - Модебадзенің соққысы жеміс берді. Екі гол айырмасымен ұтылу «Ертістің» жағдайын тіптен ушықтырып жіберген еді. Басқа түскен іске көнгендей мінез көрсеткен алаң иелері кездесудің қалған бөлігінде де тым сылбыр қимылдады. Олардың ойыны бір қиюын таппай-ақ қойды, ақыры жеңіліп тынды. Қос ойынның қорытындысы бойынша 3:1 есебімен ұтқан «Металлург» енді Франция үмітін арқалаған «Ренн» командасына қарсы дайындықты бастайды. Астана уақытымен түнгі онда «Ақтөбе» мен Венгрияның «Кечкемет» командасы бәсекеге түсті. Бұл екі ұжымның арасындағы алғашқы ойынның 1:1 есебімен аяқталғаны өздеріңізге мәлім. Владимир Муханов жаттықтыратын ақтөбеліктердің сырт алаңдағы голы да біздің командаға сенімділік беруге тиіс еді. Қуанышымызға орай, еліміздің төрт дүркін чемпиондары сол басымдықты кәдеге асыра алды. «Ертіспен» салыстырғанда кездесу басталғаннан қорғаныста жатып қалмай, қонақтар қақпасына жиі -жиі барлау жасаған ақтөбеліктер жарады. Олардың өткір шабуылдары, толассыз күшті қысымы қонақтардың есін шығарып жібергені рас. Венгрлердің қарсы шабуылдарының бетін Самат Смақов бастаған қорғаныс шебінің қырағы күзетшілері сәтті қайтарып отырды. Ақтөбеліктер бапкер түзген сауатты ойын тактикасына сүйеніп, венгрлерді тырп еткізбей назарда ұстады. Сөзіміз өтірік шықпасын, қонақтардың бірді-екілі сәттерде Андрей Сидельников қорғаған қақпаға қауіп әкелгендері рас. Бірақ бұл күні «Ақтөбе» алынбас қамалға айнала білді. Амалдары қалмаған «Кечкемет» ойыншылары көп ұзамай-ақ тәртіп бұзуға кіріскен еді. Сергей Бойко бастаған украиналық қазылар ойын жағдайын жіті бақылауда ұстады, бұзақы футболшыларды еркіне жібермеді. 12- минут пен 78-минут аралығында украин төрешісі қонақтардың бес ойыншысына «сары қағаз» көрсетсе, ақтөбеліктер сапында Евгений Аверченко кездесудің 90-минутында ескерту алды. Дегенмен ақтөбеліктер өздеріне оңтайлы нәтижені кездесудің аяқталғанын баян еткен төреші ысқырығы естілгенше сақтап қала алды. «Ақтөбе» Еуропа лигасының үшінші айналымына өтті. Отандастарымыздың ендігі қарсыластары мықты. Ол - Ресейдің «Аланиясы». 1995 жылы Ресей чемпионы атанып, 1992 және 1996 жылдары осы ел чемпионатының күміс жүлдесін еншілеген Владикавказдың командасы қазір премьер-лигаға шығу үшін жанталасуда. «Алания» өткен жылы Ресейдің жоғары тобынан түсіп қалған еді. Бірақ бұл команданың келер жылы сол премьер-лигаға қайта оралар мүмкіндігі мол. Ресейдің Ұлттық футбол лигасындағы бәсекеде «Алания» 19 кездесуден кейін 39 ұпай жинап, топ бастап тұр. Бірақ дәл осындай ұпайға оның басты қарсыластарының бірі «Нижний Новгород» та ие және соңынан өкшелеп келе жатқан «Мордовияның» еншісінде 38 ұпай бар. «Аланияның» еурокубоктық бәсекеге өткен жылы Ресей кубогын иеленгені үшін жолдама алғанын айта кетейік. Қалай болғанда да, «Алания» басшылығының қазақ клубын жан-жақты зерттеуге ерте кірісіп кеткені шындық. Олар бұдан біраз бұрынырақта болашақтағы ықтимал қарсыластары ретінде «Кечкеметті» емес, біздің «Ақтөбені» атаған болатын. Қарағандының «Шахтері» үшін Ирландия сапары сәтсіз аяқталды. «Кеншілердің» келесі кезеңге өту мүмкіндігі солғын тартқанын «Сент-Патрикске» қарсы алғашқы ойынынан кейін айтқан едік. Жақсыға үміт етсек те, көңіл түкпіріндегі күдік алдамаған екен. Тәжірибелі ирландиялықтар Қарағандыдағы бәсекеде 1:2 есебімен ұтылса да, өздері үшін аса маңызды гол соғып кеткен-тін. Ирландия жеріндегі жауап ойында олар сырттағы сол голдың жемісін жеді. Өз алаңдарындағы кездесуде «Сент-Патрикс» футболшыларына бір доп соғып, қақпаларын голдан аман сақтап қалса болғаны еді. Алайда олар «Шахтер» қақпасына екі бірдей жауапсыз доп енгізді. Кездесудің 14-минутында Иван Макмилан есеп ашты. Осыдан кейін-ақ «кеншілер» қарымта қайтаруға үлкен күш салды. Жамбыл Көкеев, Ұлан Қонысбаев, Сергей Хижниченколар «Сент-Патрикс» қақпасына бастар жолды іздеп, қарсыластың қорғаныс шебін жиі мазалады. Бірақ ирландиялықтардың тас қамал қорғанысы сыр бермеді. Ойынның 70-минутында сәтті қорғана жүріп, өткір шабуыл ұйымдастырған алаң иелері Дойлдың арқасында есеп айырмасын ұлғайтып кетті. Бұл «Шахтердің» келесі кезеңге өту мүмкіндігін тіптен қиындатып жіберді. Кездесудің қалған бөлігінде гол соғылмай, «Сент-Патрикс» келесі айналымға шықты. Сонымен, еурокубок жолында қалған жалғыз командамыз «Ақтөбе» 28 шілдеде Владикавказда, 4 тамызда өз алаңында «Аланиямен» шеберлік байқасады.

Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×