«Ертістің» ең ірі жеңілісі

26.07.2011, 19:18
«Ертістің» ең ірі жеңілісі

Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші турының аяқталуына небәрі бір-ақ тур қалды. Әзірге тек «Тобыл» мен «Ордабасының» ғана екінші кезеңде қай топта өнер көрсететіні белгісіз. Ал қалған командаларымыз қазірдің өзінде чемпионаттың екінші жартысындағы мақсаттарын айқындауға кірісті.

Сонымен екінші кезеңде Талдықорғанның «Жетісуы», Елорданың «Астанасы», «Ақтөбе», Қарағандының «Шахтері», Керекудің «Ертісі» және «Ордабасы» мен «Тобылдың» біреуі жүлделі орындар үшін таласатын болады. Негізі, 21-турға дейін «Тобыл» турнир кестесінде «Ордабасыдан» жоғары тұрған. Бірақ 21-турда Таразға барған қостанайлықтар 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал шымкенттіктер өз алаңында «Астанамен» тең түсіп, «Тобылды» бір ұпайға артта қалдырды. Дегенмен бұл ұжымдар қайсысының жүлделі орындарға, қайсысының аутсайдерлер тобына қосылатынын 30 шілде күні Қостанайда өтетін өзара текетіресте анықтайтын болады. Қалған ойындарға келер болсақ, бұл тұрғыда Ақтөбеде өткен «Ақтөбе» – «Ертіс» матчына тоқталмай кете алмаймыз. Өткен жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері мен қола жүлдегері арасындағы айқаста тоғыз гол соғылады деп кім ойлаған. Оның үстіне, бұл есеп керекуліктердің тарихындағы ең ірі жеңіліс болып, мұрағатта қалатын болды. Кездесудің алғашқы минутынан-ақ ойынның көңілді өтетіні сезілді. Алдымен Марат Хайруллин 5-минутта есеп ашқан. 20-минутта Мараттың бұрыштамадан әуелете берген пасын Роберт Праймус голға айналдырды. Арада алты минут өтпей жатып, Еміл Кенжесариев Роберто Карлостың стилінде допты шірене теуіп, есепті 3:0-ге жеткізді. Қонақтар екі тура соққымен жауап берген. Бірақ ойын аяқталғанша алаң иелері тағы да төрт гол соғып, таблода 7:2 көрсеткіші тіркелді. 21-турдың аясында Алматы облысының дербиіне куә болдық. Алматының «Қайраты» Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдаған. Ойын тағдырын 29-минутта қонақтардың литвалық легионері Арунас Климавичус шешті. Бұрыштамадан көтерілген допты жерге серпілте соққан еді, «Қайрат» қақпашысы қақайған күйінде тұрып қалды. Ал Өскеменде өткен аутсайдерлер дербиінде жергілікті «Восток» Қызылорданың «Қайсарынан» 2:0 есебімен басым түсті. 21-турдың қорытындысы: «Восток» (Өскемен) — Қайсар» (Қызылорда) – 2:0Голдар: Николаев, 35. Оразбахтин, 79. Ойынның 26-минутында Оразбахтин пенальти орындай алмады. «Ордабасы» (Шымкент) — «Астана» – 1:1 Голдар: Тәжімбетов, 65 – Богавац, 4. «Қайрат» (Алматы) — «Жетісу» (Талдықорған) – 0:1 Гол: Климавичус, 30. «Тараз» — «Тобыл» (Қостанай) – 1:0 Гол: Недашковский, 46. «Ақтөбе» — «Ертіс» (Кереку) – 7:2 Голдар: Хайруллин, 5. Праймус, 20. Кенжесариев, 26. Джилас, 57. Мане, 65-пен. Мане, 83. Кенжесариев, 90 – Мальцев, 27. Тілешев, 53. Михаил Гурман, Ұлттық футбол лигасының директоры: – Қазақстан премьер-лигасының екінші кезеңі 14 тамызда басталады. Екінші кезең матчтарының күнтізбесін цифрлық түрде келтіріп қойдық. Бірінші кезең аяқталған соң, командалардың алған орындарына қарай олардың аттары цифрлардың орнына алмасады. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×